$447.25 €485.18 ₽4.96
×

Виктор Януковичке іздеу жарияланды

AstanaTV
24.02.2014ж. 20:00
1135
Виктор Януковичке іздеу жарияланды

Украина халқы президентін іздеп әлек. Виктор Януковичке іздеу жарияланды. Оған бейбіт халықтың өліміне қатысы бар деген айып тағылып отыр. Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Арсен Аваков "Януковичтің қайда жасырынғаны әлі белгісіз" деп мәлімдеді.

Ал осы кезде жаңа билік елде дефолтты болдырмаудың жолдарын қарастырып жатыр. Украинаның шатқаяқтаған экономикасын аяғына қайта тұрғызу үшін 35 миллиард доллар қажет екен. Халықаралық Валюта қоры, Еурокомиссия, Ұлыбритания мен АҚШ қол ұшын беруге әзір екенін білдіріп жатыр. Ал Еуроодақ елдегі реформаларды жүргізу үшін 20 миллиард доллар бөлді. Алайда Ресей 2 миллиард доллар көлеміндегі қаржыны жіберуге асықпай отыр.

Айта кетейік, Украина экономикасы құрдымға кетудің аз-ақ алдында. Өйткені ұлттық қорда бір де бір гривен жоқ. Осы тұрғыда Белоруссия президенті Александр Лукашенко "Украинаның аймақтық біртұтастығын сақтап қалу маңызды" дейді.


Александр Лукашенко, Белоруссия президенті:


"Украина біртұтас болуы керек. Оған ешкім қол сұқпайды деп үміттенемін. Украинаның тағдырына немқұрайды қарап отыра алмаймыз. Өйткені украиндықтар біздің бауырларымыз. Олардың басына төнген жағдай бізді айналып өтеді деу дұрыс емес".


Ал Майданда құрбан болғандардың құрметіне гүл шоқтары қойылып, шам жағылып жатыр. Естеріңізге салайық, өткен сейсенбі күні мұнда қақтығыстар қайта өршіп, 82 адам жазым болған еді. Тек бүгін ғана Киевте бірнеше дүкен ашылып, балабақша, мектеп, қоғамдық көлік жұмыстары қайта жандана бастады.


Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА