Қазiр көрiңiздер
  • 06:25
    Новости "20:30" рус

Статья

25/02/15

Ләззат Танысбай: «Қазір біздің телеарнаның эфирінде өзіміз шығаратын бағдарламалар баршылық»

«Астана» телеарнасының бас директоры Ләззат Танысбайдың сұхбаты

Қазақстандық телеөнімдердің бәсекеге төмен қабілеттілігіне тек қатардағы телекөрермендер ғана емес, жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер де назар аударады. Мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың ерекшелігі, жарнама берушілердің жоқтығы, телеарналардың аттарына айтылып жүрген сындар және хабар таратудың өзіндік сеткасы туралы «Астана» телеарнасының бас директоры Ләззат Танысбай Vlast.kz сайтына берген сұхбатында әңгімелеп берді.

Сіздің ойыңызша, заманауи отандық телеарнаның басты проблемалары неде?

Сапалы телеөнімдер – ол үлкен қаражатты қажет ететін өнімдер, ал ішкі жарнама нарығында ондай қаржы аздау. Үлкен әлемдік брендтер үшін біздің телеаудитория тым шағын. Және қазақстандық жарнама нарығы шектеулі. Өткен жылы бұл сома небәрі 152 млн. долларды құрады. Ал Ресейдің телеарналары былтыр тек қана жарнаманың өзімен 5,5 млрд. жуық доллар табыс тапқан. Оның үстіне, біздің отандық жарнама нарығының едәуір бөлігін - 30 пайызын – ресейлік «Бірінші арнаны» ретрансляциялайтын және өз жобаларын минимум жасайтын «Еуразия» ОРТ «еншілеп отыр». Оған қоса, ешқандай телеөнім жасамаса да, жарнамалық қаржының тағы біраз бөлігіне таласы бар кабельдік телеарналар тағы бар. Сондықтан да бүгінде тек өз қаражаты бар жалпыұлттық телеарналар мен Gallup есептеуі бойынша телекөрермендердің 10 пайыздан асатын үлесіне ие бір-екі жекеменшік телеарна ғана өз телеөнімдеріне қаржы салуға қабілетті. Және бұл көрсеткіштердің сырттан сатып алынатын телехикаялар мен ресейлік әзіл-қалжың, ойын-сауық концерттерін ретрансляциялаудың есебінен қалыптасатынын да айта кету керек. Осындай жағдайлар телеарналарды зияткерлігі төмен болса, да, рейтингі жоғары өнімдерге иек артуға итермелеп отыр және отандық телеарналар бүгінде осындай өнімдерге толып кетті. Сондықтан да қазақстандық телеарналардың эфирлерінде телехикаялар, қайталана беретін ситкомдар мен «атам заманғы» әзіл-қалжың шоулары «өріп жүр», және сол үшін де біз халықтан сөз естіп жатамыз. Бірақ дәл осындай өнімдер рейтинг әкеледі, яғни жарнама берушілерден ақша түседі. Өкінішке орай, қазіргі жағдай осында.

Бүгінде өз бағдарламасын шығарғаннан гөрі, дайын өнімді сатып алған әлдеқайда арзан. Мысалы, қазір нарықта рейтингілік түрік телехикаясын көрсетудің орташа бағасы 3000 доллардан басталады. Ал өз телехикаямызды түсіру үшін әр серияға 30 000 доллар қаржы керек.

Өз контенттеріңізге Сіздер қандай талап қоясыздар, және сол талапқа сәйкес болып жүрсіздер ме?

Қазір біздің телеарнаның эфирінде өзіміз шығаратын бағдарламалар баршылық. Әр жобаға біз жоғары талап қоямыз – ол сапалы, өзекті, қызықты және телекөрерменді ұғынықты болуы тиіс. Телекөрермендердің талғамдары өзгеріп отырады, оның үстіне бәсекелестер де қарап отырған жоқ. Және телеарналардың қатары толыға түскенімен, көрермендер қатары көбеймейді. Көрермендер бар электрондық бұқаралық ақпарат құралдарының ішінен өздерінің көңілдері қалағанды таңдап көреді. Сондықтан да біз контентті жақсарту бағытында тұрақты жұмыстар жүргізудеміз, атап айтқанда: нарықты зерттеу, көрермендердің талғамдарын зерделеу, қызметкерлердің біліктіліктерін жетілдіру сияқты жұмыстар үнемі жүргізіліп отырады.

Соңғы жылда телеарнаның форматы бірнеше рет өзгертілді, ребрендинг жасалды, телеөндірісті ұйымдастырудың жаңа бағыттары қолданылуда. Бұл жаңалықтарды енгізудің, қалыптасқан жүйені қайта құрудың өзі оңай жұмыс імес. Мұндай реформалар әрқашан резонанс туғызады, ең алдымен ұжымның өз ішінде. Дегенмен, соған қарамастан, қызметкерлердің басым бөлігі арнаның жұмысын өзгерту, өз идеяларымызды іске асыру, жаңа нәрселерді үйрету мүмкіндіктерін оң көзқараспен қабылдады. Дәл сондай адамдарға арқа сүйей отырып, біз біраз жетістіктерге қол жеткізіп отырмыз. Компаниямыз дұрыс бағытта келе жатыр, себебі соңғы жылы біздің рейтингіміз екі есеге өсіп отыр.

Көктем айларында мемлекеттің ақпараттық саясаты, атап айтқанда телеарналарға қатысты саясаты өзгереді деп күтілуде. Республикалық телеарнаның басшысы ретінде осы мәселеге қатысты өз ойыңызды білдіріп өтсеңіз?

Мемлекеттік хатшының біздің саламызға аударып отырған жіті назары өз нәтижесін береді деген үміттемін. Қазір бұқаралық ақпарат құралдарының меншік түріне қарамастан, барлық деңгейдегі медиасфера жағдайдың өзгеретіні туралы хабар алды. Оың үстіне жария етілген проблемаларды нарық өкілдері жақсы біледі. Біз, медиа-менеджерлер айтылған проблемалармен үнемі соқтығысып келеміз. Мемлекеттік хатшы қазақстандық телеарналардың шетелдік контентке тәуелділігі, ток-шоу форматындағы сапалы, заманауи бағдарламалардың, жарыссөз алаңдарының, репортаждар мен журналистік тексерулердің жоқ екенін баса атапк көрсетті.

Қазірдің өзінде, үлкен бәсекелестік жағдайында телеөндірістің үлкен бір серпілісі байқалуда. Телеарналар үлкен жобаларды белсендірек іске асыра бастады. Егер бұрын қазақстандық теленарықта үлкен жобалар жасау айтулы оқиға болса, бүгінде бірқатар телеарна жарыса көлемді бағдарламалар әзірлеуде.

Және телехикая өндірісі де назардан тыс қалып жатқан жоқ. Егер бұрындары телехикаяларды қаржы қоры мүмкіндік беретін тек мемлекеттік арналар түсіре алса, енді коммерциялық телеарналар да осы өндіріске келіп отыр. Арналар осы бағыттарды игере бастағаны сол еді, телеөнім өндіруші отандық жекеменшік телестудиялар мен продакшн-студиялардың саны мен сапасы да арта бастады.

Жалпы алғанда, отандық телеарналарды дамытудың қазіргі кезеңінде мемлекет тарапынан сауатты және нақты қамқорлық пен қолдау керек, яғни мемлекет телеиндустрияға қатысушылардың барлығына теңдей мүмкіндік жасауы, отандық нарықты сыртқы факторлардан қорғауы керек. Сонда ғана қазақстандық телеарналар бәсекеге қабілетті болады және сапалы өнімдер шығара бастайды. Осы тұрғыдан алғанда Украинаның тәжірибесі назар аударуға тұрарлық. Онда сатып алынған өнімдерге жарнамалар орналастыруға үшжылдық шектеу қойылды, және осы шарт жарнама берушілерді отандық өндіріске қаржы салуға мәжбүрледі. Нәтижесінде бүгінде Украина телеарналары өз дамуы бойынша батыс телеарналарынан қалыс қалмай келеді.

Түрік телеарналарының да даму тәжірибесі үлгі тұтарлық. Онда мемлекеттік телеарналарға шетелдік контент сатып алуға тыйым салынған болатын. Міне осы талап түрік телеарналарын өз өнімдерін шығаруға ынталандырды. Тағы бірқатар елде өз телеөнімдерін шығаратын арналар біраз салықтан босатылған. Мысалы, көрші Ресейде өз киноөндірісі бар және телехикая түсіретін телеарналардың салықтан босатылғанына 12 жыл болды. Көріп отырғандай, телеарналарды дамытудың тиімді тетіктері баршылық және оларды бізде де табысты қолдануға болады.

Мемлекеттік хатшы айрықша назар аударып өткендей, отандық радиоарналарды да дамыту керек. Біз де өз радиостансамызды дамыту бойынша ұйымдастыру жұмыстарына кірісіп кеттік. 22 наурызда біздің радиостансамыз толық ребредингтен өтті. «ORDA FM» деп аталатын жаңа радиостанса - ол бірінші кезекте «CITY» форматындағы елордалық радио, ондағы музыка Астананың күнделікті тіршілігімен үндесіп жатыр.

Сіз басқаратын «Астана» телеарнасы неліктен мемлекеттік тапсырыстарға, Мәдениет және ақпарат министрлігінің конкурстарына қатыспайды?

Қандай да бір конкурсқа қатысу туралы шешім қабылдау кезінде біз үшін сапалы өнім шығару мәселесі маңызды, себебі ол өнім біздің арнаның эфиріне шығады. Биылға дейін Мәдениет және ақпарат министрлігі бекіткен мемлекеттік тапсырыстың тарифтері нақты өндірістің орташа құнынан әлдеқайда төмен болып келді. Бұрын министрлік жариялаған конкурстарда телеөнімдердің бір сағатының өндірістік құны 120 000 теңгені құрайтын, бұл өнімнің өзіндік құнынан бірнеше есе төмен. Шығынға бата отырып шығарылатын өнімнің сапасы да сын көтермейтін болады, соның салдарынан көрермендердің де ықыласы, телеарна рейтингі де төмендейді. Қазір министрлік мемлекеттік тапсырыстың ережелері мен тарифтерін қайта қарастыруда. Бұл контент өндірісіне жақсы ынта болады, ал әзірге ол коммерциялық тұрғыдан өзін ақтай алмай отыр. Мысалы, мемлекеттік тапсырыстар деректі, библиографиялық, ғылыми-танымдық жобалар түсііруге мүмкіндік береді. Ал ондай бағдарламалар қымбат тұрады. Ол өнімдер шағын аудиторияға бағытталғандықтан, рейтинг де бере қоймайды. Бірақ ондай өнімдер керек, олардың маңызы зор.

Телеарналардың алдында ағартушылық міндет тұрғанын әрқашан есте ұстау керек. Ондай жобалар азаматтардың саны-сезімін дамытады, шетелдік сериалдар немесе әзіл-қалжың концерттер емес, дәл сондай өнімдер көрермендердің жадында сақталады. Әдетте арналар алдымен рейтингтерін көтеріп, қаржылық жағдайларын бекітіп алады, содан кейін «рухани» тақырыптарға назар аударады. Және салалық министрлік осыған түсіністікпен қарап та отыр. , Министрлік мемлекеттік тапсырыс мәселесіне жаңаша қарап, тақырыпты кеңейтіп, өндіріс құнын ұлғайтып отырған қазіргідей жағдайда арналар мемлекеттік тапсырыс үшін бағасы жарнама құнымен «артатын» ойын-сауық бағдарламаларын емес, мәдениет, ғылым туралы сапалы деректі өнімдер ұсыну мүмкіндігіне ие болып отыр. Және мемлекеттің осындай қолдауы отандық медианарықты қарқынды дамыта түспек. Келешекте Қазақстанды тек сатып алушы ретінде ғана емес, өз бағдарламаларын, телехикаялары мен киноларын, жаңа идеяларын сатушы тарап ретінде көргім келеді.

Көрермендердің ауқымды бөлігін спорттық шараларды тікелей трансляциялаумен тартып отырсыздар, мысалы бокс немесе хоккей жарыстарын. Осы үрдісті жалғастыра бересіздер ме? Осы бағыт сіздер үшін шынымен «алтын көмбе» болады деп ойлайсыздар ма?

Тікелей трансляциялардың көп шығынды, үлкен техникалық және кадрлық ресурсты қажет ететінін айтқым келеді. Осыған қарамастан, біздің арна елордалық «Барыс» хоккей клубының маусымдағы барлық ойындарын, оның ішінде сыртқы алаңдағы ойындарын да көрсету дәстүрін жалғастырып келеді. Оған қоса, біздің эфирде қазақстандық спортшылар қатысатын бокс жекпе-жектері де трансляцияланады. Жалпы алғанда, спорт көрермендердің үлкен сұранысына ие, оған рейтингтер дәлел. Дегенмен, спорттық трансляцияларды біз «алтын көмбе» деп санамаймыз. Ия, хоккей трансляцияларының қалыптасқан өз аудиториясы бар, бірақ олар еліміздің солтүстік өңірлеріндегі телеқауымның арасында көбірек танымал. Сол сияқты спорттың әр түрінің өз шағын аудиториясы бар. Сондықтан да спорттық трансляциялар - негізінен спорт арналарының айрықша құзыреті.

Сіз өзіңіз басқа телеарналарды көресіз бе, қандай бағдарламаларды жақсы көресіз?

Ия, менің жұмыс кабинетімде барлық негізгі телеарналарды көрсететін мониторлардың тұтас қабырғасы бар. Көп жыл болды «Euronews», «Discovery», «РБК» арналарын қызыға көремін және ол арналардан көп нәрселер үйреніп келемін. Телеарнадағы жұмыстың арқасында телехабарларды кәсіби көзқараспен қараймын: кемшіліктерді байқаймын, немесе сәтті идеялар болса, түртіп аламын. Көрермендердің неліктен кейбір бағдарламаны асыға күтетінін, ал кейбір бағдарламаларды бірнеше минуттан кейін көрмей қоятынын түсінгім келеді. Біздің саладағы форматтардың баяғыда ойлап табылып қойылған, бірақ «ұмытылып кеткен көне» форматтар болып жатады, қызықты, нағыз жұлдыздар пайда болып жатады. Менің телеарна менеждер ретіндегі міндетім - сол адамдарды біздің арнада жұмыс істеуін қамтамасыз ету.

suqbat.kz