Қазiр көрiңiздер
  • 06:00
    "Ән мен әзіл" концерттік бағдарламасы каз

Статья

15/02/17

Атышулы "Келін" телехикаясы Астана арнасында жалғасатын болды

Бұл маусым бұрынғыдан да қызығырақ болайын деп тұр.

«Қазақстан» ұлттық телеарнасы 24 ақпаннан бастап атышулы «Келін» телехикаясын көрсетуді тоқтататынын хабарлаған еді. Кейіннен бұл сериалдың жалғасын «Астана» арнасы көрсететіні туралы белгілі болды. Мұның себебі неде?

Бұл сұрақты «Астана» телеарнасына жолдаған едік. Мынадай жауап алдық: Қазақстанда «Келін» соңғы 5 жыл көлемінде эфирге шығып келеді. Осы уақыт аралығында еліміздегі ең көрермені көп телехикаялардың біріне айналды. «TNS Central Asia» зерттеу компаниясының деректері бойынша бұл телехикая көрермендерінің басым бөлігі 18 бен 54 жас арағындағы әйелдер.

Елімізде күн сайын осы сериалды көру үшін шамамен 2 млн. адам теледидарын қосады. Бұл жалпы көрермендердің 23 пайызын құрайды. Телехикая аудиториясының 93 % қазақ тілді көрермендер. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Сериалды басынан бастап көріп келе жатқан бұл көрермендерге, оның немен аяқталатыны қызықты әлбетте.

Сондықтан «Астана» арнасы телехикаяның соңын көрсетуді жөн деп санады. Айта өтейік, телехикаяның соңғы маусымы «Келіннің соңы» деген атаумен 6 наурыздан  бастап «Астана» арнасының эфиріне шықпақшы.

Бұл маусым бұрынғыдан да қызығырақ болайын деп тұр. Адуынды ене Кальянидің билігі тоқтағаннан кейінгі өмір қалай жалғасады? Ескі мен жаңаның текетіресі, үлкен мен кішінің қарым-қатынасы, қуаныш пен қайғының, бар мен жоқтың бәсекесі мұның бәрі сериалдың соңғы маусымында.

Бұл маусым ұзақ болмайды. «Астана» телеарнасының хабарлауынша, шамамен 2 ай көлемінде «Келіннің соңы» телехикаясы аяқталады. Телеарна қазақстандық көрерменге ыңғайлы болуы үшін көрсетілім уақытын да өзгертпеуді ұйғарып отырса керек. Яғни бұған дейін «Келін» телехикаясын кешкі оннан асқанда көріп үйренген көрермен, тура сол уақыт шамасында сүйікті сериалын «Астана» арнасынан табады.

Телеарна бұдан өзге де тұсаукесерлермен қуантпақшы. Наурыз айынан бастап, ток- шоу форматындағы жаңа жоба күн сайын эфирге шығады. Тікелей эфир студиясында отбасылық мәселелер қаузалады. Ток-шоуды танымал тележүргізуші Әйгерім Сейфолла мен Илхам Ибрагим жүргізбек.

 https://www.nur.kz/1410519-atyshuly-kelin-telekhikayasy-astana-arn.html