Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

"Іш киімін лақтырған". Депутат Мәжілісте қыз-келіншектерден ұят кеткенін айтып, қорланды

AstanaTV
21.12.2023ж. 03:10
602
"Іш киімін лақтырған". Депутат Мәжілісте қыз-келіншектерден ұят кеткенін айтып, қорланды

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай 20 желтоқсанда палатаның пленарлық отырысында америкалық рэпер Akon-ның концертінде болған кейбір астаналық қыз-келіншектердің мінез-құлқын сынға алды.

Аманжол Әлтай қыздардың тәрбиесі ақсаған тұста қоғам зардап шегетінін ескертті.

"Қазіргі жастарымыз Tik-Tok, Instagram-ның тұтқындарына айналды. Біз ғасырлар бойы сақтап келген адамгершілік құндылықтарымыздан ажырай бастадық. Бір мысал. Кеше ғана Астанада Akon-ның концерті өтті. Бұл арада назар аударатын бірнеше жайт бар. Біріншіден, концерт кезінде жанкүйерлер әншіге іш киімдерін лақтырып, моральдың төмендігін көрсетті, еліміздің беделіне нұқсан келтірді. Бұл жастар тәрбиесінің әлсіздігін көрсетеді. Екіншіден, жастар орындалып жатқан әндердің анайы мазмұнын түсінбеген. Оларда гендерлік кемсітушілік, қыздардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын тұстар бар", - деді депутат.

Сонымен қатар, оның айтуынша, рэпердің әндерінде "эротикалық сипаттағы құмарлықтың қозуын тудыратын, сананы бұзатын және тәрбиеге теріс әсер ететін" қауіпті мазмұн бар.

"Өз басым, сырттан келген әншілерді ұйымдастырушылардың ұлттық киіммен қарсы алуын, домбыра тарту етуін мүлдем дұрыс емес деп санаймын. Біз мәдени атрибуттарымызды насихаттауда талғампаз болуымыз керек. Жезөкшелік пен әйелдерді қорлайтын насихатқа ие "Smack That", "Hypnotiser" сияқты әндерді орындайтын әншіге біздің ұлттық музыкалық мұрамыздың символы болып табылатын қасиетті домбыраны тарту ету ұлттық құндылықтарды қорлау деп есептеймін", – деп атап өтті Аманжол Әлтай.

Депутат Мәдениет және ақпарат министрлігіне елге гастрольдік сапармен келген шетелдік орындаушыларға қойылатын нақты талаптарды әзірлеуді ұсынады.

Оның айтуынша, Қазақстан нормалары мен қағидаттарына қайшы келетін өнімдерді таратпау үшін шетелдік әртістерді таңдаудағы қатаң талаптар сақталуы тиіс.

"Елімізде өткізілетін концерттер біздің ұлттық құндылықтарымызға зиянын тигізбесі үшін "мәдени қауіпсіздіктің" сақталуын қадағалау қажет. Оқу-ағарту министрлігі мектеп бағдарламасына "дәстүрлер мен ұлттық құндылықтар" пәнін енгізуі тиіс", - деп түйіндеді сөзін депутат.