Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

Павлодар қаласы сусыз қалуы мүмкін

19.01.2024ж. 20:00
525
Павлодар қаласы сусыз қалуы мүмкін

Павлодар қаласы сусыз қалуы мүмкін. Шаһардағы су құбырлары түгел дерлік шіріп кеткен. Су арнасының құрал жабдықтары да әбден ескірген. Жағдай бұлай жалғаса берсе, облыс орталығына су беру тоқтап қалуы ғажап емес. Осылай деп дабыл қаққан монополист компания судың тарифін көтеруді ұсынып отыр. Бұған жергілікті тұрғындары мен қоғам белсенділері қарсы. Олардың айтуынша, су арнасы жөндеу жұмыстарына өз қалталарынан ақша шығарғылары келмейді. Тарифті өсіру арқылы шығынды халықтан өндіріп алуды ойлап отыр. Сондықтан, мұндай стратегиялық нысандар мемлекет меншігіне берілуі керек - деп санайды.

Нұргүл ҚАЙЫРДЕНОВА, «ӘДІЛДІК ЖОЛЫ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ФИЛИАЛ ЖЕТЕКШІСІ:

2017-2023 жылдар аралығында Павлодар водаканалға су желілерін жөндеуге реконструкция жасауға бюджет қаражатынан 19 млрд. жақын ақша бөлінгені бәрімізге белгілі. Бүгінгі күні менің қойып отырған сұрағым егерде бюджет тарапынан осыншама қаражат бөлінетін болса, күн тәртібінде тарифті көтеру мәселесін неге көтеріп отыр деген.

Нұрлан НҰРМҰРАТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТАБИҒИ МОНОПОЛИЯЛАРДЫ РЕТТЕУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:

Кейбір тұтынушылар тарифті өзгертудің қажет еместігін атап өтті. Сондықтан да ол ескертулер өз негіздері бойынеша қаралып, бізде шешім қабылдаған кезде ескерілетін болады.

Қоғамдық тыңдауда «Павлодар су арнасы» ауыз судың бағасын өсіруді сұрады. Қазір тұрғындар 1 текше метр үшін 58 теңге төлейді. Енді тариф құны өзгерсе, 73 теңге төлеуі керек. Салмақтың бәрі енді бюджеттік мекемелерге түспек. Олар үшін 1 текше метр су- 677 теңге. Жаңа тариф бойынша 847 теңге төлеуге міндеттеледі. Ал тұрмысқа қажетті тіршілік нәрі үшін тұрғындар бұған дейін 18 теңге 25 тиын төлесе, тариф құны өссе, ол 29 теңге болады.