Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Еліміздің 10 өңірінде су тасқыны қаупі бар

20.02.2024ж. 20:00
597
Еліміздің 10 өңірінде су тасқыны қаупі бар

Көктемде еліміздің 10 өңірінде су тасқыны қаупі бар. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов мәлімдеді. Қазгидрометтің болжамынша, ақпан және наурыз айларының соңында республиканың оңтүстік-шығыс, солтүстік және орталық бөліктерінде мол жауын-шашын жауады. Онымен қоса, 500-ден астам гидротехникалық құрылыс құлаудың алдында тұр. Мәселені дереу қолға алмаса, адам шығыны болуы мүмкін дейді министр.

Шыңғыс ӘРІНОВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ:

Олар бұзылған жағдайда да жергілікті құлақтандыру жүйелерінің болмауы адам шығынына әкеледі. Мұндай жағдай 2010 және 2014 жылдары Алматы және Қарағанды облыстарында болған. Елімізде 304 гидротехникалық құрылыс халықтың өміріне тікелей қауіп төндіреді, оның 216-сында немесе 71% жергілікті құлақтандыру жүйелері жоқ.

Жауаптылар жылда тасқынға дайынбыз деп сендіреді. Сайып келгенде тұрғындар үй-жайсыз қалып, республикалық маңызды жолдар бұзылады. Салғырттыққа назар аударған Үкімет басшысы Төтенше жағдайлар министрлігіне оқу-жаттығуды өткізу форматын қайта қарауды тапсырды. Ал өңір әкімдіктері айтып келмейтін апаттың себептерін зерделеп, сапалы дайындықты қамтамасыз етуі тиіс.

Олжас БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Көлемді судың келетін күні алыс емес. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, арнайы және инженерлік техниканы шоғырландырып, бизнес техникасын резерв ретінде пайдалану туралы келісімге келуі керек, аса қауіпті учаскелер маңында қажетті материалдар қорын жинауы қажет. Көлік қатынасы үзіліп қалуы мүмкін елді мекендерді алдын ала айқындап, ондағы азық-түлік пен дәрі-дәрмектің қажетті қорын дайындаған жөн.