Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Әйеліне қол көтергендер сотталып, педофилдер өмірбойы бас бостандығынан айырылады

21.02.2024ж. 20:00
461
Әйеліне қол көтергендер сотталып, педофилдер өмірбойы бас бостандығынан айырылады

Енді әйеліне қол көтергендер 8 жылға сотталады, педофилдер өмірбойына бас бостандығынан айырылады. Суицидке итермелегендер, балаларды қорқытып-үркітіп, кибербуллинг жасайтындар қатаң жазаланады. Мәжіліс әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған Заң жобасын мақұлдады.

Қазақстанда жылына шамамен 80 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан көз жұмады. Әрбір 3-ші қазақстандық әйел тұрмыстан теперіш, жарынан жұдырық көріп келеді. Күніне полицияға көмек сұраған 300 қоңырау соғылады.

Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Ұрып-соғу бабы да бұған дейін әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте болған, енді бұл қылмыстық кодекске енгізіліп отыр.

Сонымен қатар азаптауға байланысты да жаңа норма бар. 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал суицидке дейін жеткізсе 5 жылдан 9 жылға дейін қамалады. Жаңа заңда адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргендер 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бұл баптар тек әйел немесе бала құқығын қорғаумен қатар, барлық құқығы бұзылған, денсаулықтарына қасақана жеңіл зиян келтірілген және ұрып-соғуға тап болған барлық азаматтардың құқығын қорғауға бағытталады. Негізгі мақсат – құқық бұзушылықтар болмауы үшін, азаматтардың жауапкершілігін күшейту.

Ашуын келіп баладан алатын, бей-берекет сабап, отбасының берекесін қашыратындар бала-шағасымен бірге тұра алмайды. Бұл шаңырақты шайқалтуға емес, жазатайым жағдайлардың алдын алуға көмектеседі дейді депутаттар. Яғни, заң аясында отбасы институты нығайтылмақ.

Дәулет МҰҚАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Өзіміз де әкенің тәрбиесін көріп өскенбіз. Әкенің қабағы деген өте маңызды нәрсе. Сондықтан кейде тәртіпке салу керек. Бірақ ол жердегі ұрып-соғу деген бір жерін сындыру, бір жерін қанату, көгерту емес. Бәрі-бір де біз баланы ұрмай тәрбиелеуге келе жатырмыз ғой енді. Келуіміз керек деп есептеймін.

Мәжіліс қабырғасында ер азаматтардың құқығы мен абыройына алаңдаған депутаттар да табылды. "Ананы қорғайтын заң, әкені сүмелекке айналдырмайды ма?" деген пікірлер қалыс қалмады.

Ермұрат БАПИ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Әкелерді бұл заңмен сүмірейтіп жіберген жоқпыз ба? Осы залдағылардың көбі "Әкең келсін, сазайыңды береді" деген тәрбиемен өстік қой. Осы тұрғыдан келгенде сіз қалай ойлайсыз? Ер азаматтың рөлін көтеру үшін бәлкім, Отағасы туралы заң қабылдауымыз керек шығар?

Бір қатар депутат қол шапалақтап, Ермұрат Бапиді қолдайтындарын білдірді. Бірақ Жұлдыз Сүлейменова бұл заңда әйелдер мен балалардың құқығын қорғау көзделгенін, Конституцияда ер мен әйел бөлінбейтінін айтты.

Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА , Р ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бұл заң жалпы бүкіл азаматтарымызға, оның ішінде мына соңғы кездері әйелдің өлімі орын алған кездегі тұрмыстық вандализмның алдын алуға, болдырмауға арналып отырған заң жобасы. Бұл қажет деп білеміз. Қоғам мына жаза күшейгеннен кейін жұдырық алып жүгіруін ойланады деп ойлаймыз.

Азғындық та азаймай қойды. Соңғы 2 жылда балаларға 5 мыңға жуық жыныстық зорлық жасалған. Бүлдіршіндердің болашағына балта шабатындар енді өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Енді жаңа заң бойынша педофилдер түрмеден ешқашан шыға алмайды. Сондай-ақ өтелмеген жаза мерзімі қысқартылмайды немесе жазаның жұмсақтау түрімен ауыстырылмайды. Педофилдер рақымшылық ала алмайды. Оған қоса, енді балаларға қарсы жасалған аяусыз, ауыр қылмыстар бойынша бітімгершілік қарастырылмайды.

Статистикаға жүгінсек, көбінесе әйелдер мен балалар зорлық-зомбылыққа жиі ұшырайды. Қазақстанда жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан жүздеген адам көз жұмады. Бұл мәселеге орай Президент жазаның қатаң болуын қолдайтынын айтқан болатын.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен елімізде «заң мен тәртіп» қағи¬датының орныға түскенін қалай¬мын. Сондықтан нақты жауап бере¬йін, тұрмыстық зорлық-зомбы¬лыққа қатысты жазаны қатайтуды толық қолдаймын. Біз заңсыздық пен қатыгездікке бір кісідей, батыл қарсы тұруымыз қажет. Сондай-ақ қоғам нормалар мен ережелердің және жалпы адамзатқа ортақ құндылықтардың аяқасты болуын қатаң айыптап, онымен бірлесе күресуі керек.

Заң жобасының жекелеген нормалары әлі де май шаммен қаралып, талқыланады және бұл ретте зорлық-зомбылық пен қатыгездіктің ешқалай түсіндірілмейтінін және ақталмайтынын есте ұстаған жөн. Осы тұрғыда, балалар омбудсмені зорлық-зомбылықтың әр көрсеткішінің артында бала мен оның анасының өмірі тұрғанын айтады.

Динара ЗӘКИЕВА, ҚР БАЛА ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛІ:

Бүгін Президент тапсырмасымен мемлекеттік органдармен, депутаттармен және ҮЕҰ-ның қатысуымен бірнеше ай бойы жұмыс істеген әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң жобасы бірінші оқылымда қабылданды. Жыл басында Мемлекет басшысы зорлық-зомбылыққа қарсы күрестегі ең маңызды қағидат — қоғамда бұл зұлымдыққа нөлдік төзімділікті дамытуды атап өтті. Осы постулаттың іске асырылуы зорлық-зомбылық үшін жазаның бұлтартпаушылық қағидатын қамтамасыз ететін осы Заң жобасы бола алады.

Мақұлданған заң жобасы барлық құқығы бұзылған, денсаулықтарына қасақана зиян келтірілген және ұрып-соғуға тап болған барлық азаматтардың құқығын қорғауға бағытталған. Жазаның күшейтілуін халықтың дені қолдайды.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Маскүнемдікке ұрынып, әйелін жиі ұрып-соғатын болса, мен әйел жағына келісем. Әйел адам - отана, үйдің барлық тауқыметі әйелде болады. Сондықтан да мен әйел адамды жақтаймын.
- Әйелді ұрғанды қолдамаймын, енді соттай ма, соттамай ма, оны семейный проблема болған соң, әркім өзі шешеді деп ойлаймын.
- Баланы ұрмау керек. Әйелді де ұрмау керек. Әрине, дұрыс заң күшіне енгені. Көп зардап шегіп жатқан әйелдер бар ғой. Солардың құқығы қорғалмай жатыр, баланың да. Ата-ана жауапты ғой, егер бала зардап шексе.
- Әйел мен ердің арасындағы, күйеуі ұруы деген сияқтыларға қолдаймын қатаң заң болса. Әділдік болады деп ойлаймын. Енді заң қатты қатал болып күшейіп жатса, ондай азаяды деп ойлаймын.

Сондай-ақ Заң жобасында тирандарды мәжбүрлі түрде психологиялық түзетуден өткізу қарастырылған. Бас тартса абақтыға қамалады.