Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Жамбыл облысының шаруалары көмек сұрайды

AstanaTV
28.02.2024ж. 08:41
330
Жамбыл облысының шаруалары  көмек сұрайды

Жамбыл облысында 4 ауылдың диқандары 6 жылдан бері алқапқа дән сеуіп, егін еге алмай отыр. Себебі, Шу ауданында құрылысы 2017 жылы басталған 12 су арнасы әлі күнге аяқталмаған. Салдарынан суармалы 5 мың гектар жерге тамшы су тамбапты. Күнкөрісімізден айырылдық деген шаруалар көптен көмек сұрайды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Шу ауданындағы Дулат ауылдық округінде 1500 гектар суармалы алқап бар. Мұндағы жұрт сол егістікке жаздыгүні қауын-қарбыз егіп, бақша өнімдерін өсіретін. Бірақ 6 жылдан бері елдің күнкөрісіне айналған кәсіп тоқтап тұр. Себебі, тіршілік нәрі келетін 12 шақырымдық Мәтқалық су арнасының тек төрттен бір бөлігі бетондалған. Қалғаны аяқсыз қалыпты.

«Гектарына 60-65 тонна қауын-қарбыз алатынбыз. Қазір ол да жоқ. Оны ұмытқалы 5 жыл болды», – деді Бөлтірік ауылының тұрғыны Жасұлан Рахат.

Жалпы 2017 жылы Шу ауданындағы 15 су арнасын қайта жаңғыртуға Дүниежүзілік банктен 4,8 миллиард теңге бөлінген еді. Алғашқыда халықаралық жобаны түрік компаниясы ұтып алады. Бірақ ісі шалажансар болған соң жауаптылар Ирандық мердігермен келісім-шарқа отырған. Құрылыс заттарының қымбаттауына байланысты жоба кейіннен тағы тоқтап қалған.Осылайша, қазір аудандағы 12 каналдың құрылысы аяқсыз қалды. Сәйкесінше, жағалай жатқан 5 мың гектар жерге суармалы су жетпей отыр. Айта кету керек, бұл 141 шаруа қожалығының иелігіндегі егіс алқабы. Ал, жауаптылар: «Жобаны аяқтау үшін тағы 980 миллион теңге қаржы керек, - дейді.

«5 арна бойынша 128 құрылымдар істелмеген. Ақша бөлінсе наурыздың басында жұмыс басталады», – деді «Қазсушар» Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары Ғалия Зарубаева.

«ҚазСуШар» мекемесінің өкілдері суару маусымында тіршілік нәрін таратамыз деп уәде берді. Бірақ бұған салалық бөлім мамандарының сенгісі жоқ. Сондықтан олар шаруаларды бақша өнімінен өзге дақылдарды егуге шақырып отыр.

«Министрлікке хат жолданды. Одан бөлек шаруашылықтармен ауылдық округ әкімшілігімен түсіндірме жұмыстары жүріп жатыр», – деді Шу аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайсар Құттыбеков.

Жамбыл облысында «ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру» бағдарламасы аясында 9,1 млрд теңге бөлінген. Оған үш аудандағы 115 шақырымдық 51 канал жөнделуі тиіс еді. Әзірге Қордай және Жамбыл ауданындағы жобаның жұмысы ғана толық аяқталған.