Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Қазақтың келіні - Ляна

21.03.2024ж. 15:00
270
Қазақтың келіні - Ляна

Наурыз - баршаға ортақ мереке. Бұл мейрамды еліміздегі барлық ұлттар бірге тойлайді. Өйткені бала кезінен қазақтың ортасында өсіп, салт-дәстүріне үйренген олар мұндай мерекенің жаттығы жоқ дейді. Ұлт дәстүрін ұлықтаған үлгілі отбасы туралы тілшіміздің материалында.

Ұлыстың ұлы күні -Тұрсыновтар әулеті үшін үлкен мейрам. Бұл күні қиырда жүрген ұл-қыздары да қара шаңырақта бас қосып, мерекелік дастарқан жайылады. Бұл - осы үйдегі бұлжымас дәстүр.

Самат ТҰРСЫНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бажам да қазақ. Мен айтам: сен қазақсың, жолдасың кореянка. Соңыра ана жаққа барғанда қалай болады деймін. Бажа боласың ғой дейді. Сосын бір рет Лянаға сені шақырып жатыр деп мешітке апардым. Мешітке келгесін, оны ана молдамен келісіп, кәдімгі дәстүрмен сүресін оқып, мұсылмандықты алдырдық. Қазір енді ол мұсылман.

Ляна Тұрсынова Тәшкенде туса да, бақытын қазақ жерінен, қазақ жігітінен тапқан. Тіпті үш апа-сіңлісі де қазаққа келін боп түсіпті.

Ляна ТҰРСЫНОВА, БҚО ІСКЕР ӘЙЕЛДЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:

Қызым кішкентайында қазақ емессің бе деп қоймастан сұрап таңғалғаны бар. Сосын күйеуім намыстанып, ертесіне мешітке апарды да, мұсылмандықты қабылдадым. Бірақ мен өзімді қазақпын деп санаймын. Ата-анамыз бала кезімізден қазақтар өте мейірімді екенін құлағымызға құйып өсірді. Қиналғанда қазақтар көмектесті деп жиі айтатын. Сондықтан осы ұлттың ұрпағын сүйіп, түтінін түтетіп отырғаныма өзімді бақытты санаймын.

Жарты ғасыр бұрын отасқан Самат пен Ляна Тұрсыновтар бүгінде 4 бала сүйіп, төрт немере өсіріп отыр. Қазір Ляна Алексейқызы облыстағы іскер әйелдер кеңесіне жетекшілік етеді. Өйткені қазақ елінің бір кәдесіне жарауды өзінің перзенттік парызы санайды.

Ляна ТҰРСЫНОВА, БҚО ІСКЕР ӘЙЕЛДЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:

Біз барымызды бағалауымыз керек. Мысалы, әріге бармай-ақ, кешегі қаралы қаңтар оқиғасында бейбітшіліктің өте нәзік нәрсе екеніне көзіміз жетті. Жылдар бойы қол жеткізген жетістігіміз әп-сәтте күйреуі мүмкін еді. Сондықтан тұнық аспан, тыныш түннің қадірін еліміздегі әр ұлттың өкілі түсінуі тиіс. Отбасымыз түрлі ұлттан құралса да, бір-бірімізді жатсынған емеспіз.

Отбасылық кәсібін жолға қойған Ляна Тұрсынова туған өлкені түлеткен іскер жандардың қатарында. Ірі әлеуметтік жобаларды іске асырып, көпбалалы отбасыларға, мұқтаж жандарға көмек қолын созып жүр.