Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Қырыққа жуық шаруашылықтың атынан субсидия рәсімдеген алаяқ 7 жылға сотталды

01.04.2024ж. 20:00
210
Қырыққа жуық шаруашылықтың атынан субсидия рәсімдеген алаяқ 7 жылға сотталды

Таразда үш аймақтың шаруаларын шырылдатқан әккі алаяққа қатысты сот үкімі шықты. Ол 40-қа жуық қожалық иелерінің аузын айға қаратып, қазына қаржысын қалтаға басқаны үшін 7 жылға сотталды. Шаруаларға картоптың сирек кездесетін сортын жеткізіп беруге уәде берген. Тіпті соған қосымша егіске қажет тыңайтқышты да арзан бағаға алып беремін деп, соңында сан соқтырған. Сөйтіп 340 млн теңгені заңсыз иемденген. Алаяқтың алдау әдісі де өзгеше. Ол өзін аграрлық кәсіпорын өкілі ретінде таныстырып, фермерлермен жиі байланысып, сенімге кірген. Кейін ең төмен бағамен картоптың жаңа сұрпын алуға қажет деп электронды құжаттарын түгел алдыртқан. Сосын жайбарақат субсидия порталына шарулардың атынан өтінім беріп, түскен қаржыны өзге шоттан шешіп отырған. Өкініштісі ол бұл ісін екі жыл бойы жүзеге асырып келген. 36 жастағы түркістандық алаяқты құзырлылар жыл бойы тергеп, оның 3 облыстың шаруаларын алдағаны әшкереледі. Тіпті көлеңкелі іске туыстарын тартқан. Ал алаяққа алдынып қалған аңқау шаруалардың дені Жамбыл облысынан екен.

 Жағыпар ИСАТАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ АҒА ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ:

Фермерлер аталған тұлғамен сөз байласпаған. Олар шатасып қалған. Қылмыстық іске байланысты мемлекетке келген шығын көлемі – 340 млн теңгеге жуықтайды. Оның ішінде 40 млн теңгесі минералды тыңайтқыш алуға қатысты. Салдарынан үш аймақтан 40 қа жуық шаруа қожалық иелері алдынып қалған.