Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Жамбылда жетпіс жастағы желаяқ 50 шақырымды төрт сағатта бағындырған

12.04.2024ж. 20:00
386
Жамбылда жетпіс жастағы желаяқ 50 шақырымды төрт сағатта бағындырған

Жамбылда жетпіс жастағы қария күніне 5 шақырым жүгіреді. Желаяқтығымен Тараз жұртына танылған Жақсылық Мамырбекұлы халықаралық жарыстарға да қатысып, қанжығасы майланып жүр. Ұзаққа жүгіріп марафоншы болуды 63 жасында бастаған.

ТМД елдерінде топ жарып жүрген жетпістегі желаяқ 50 шақырымды оңай еңсереді. Күнделікті 5 шақырым жүгіру оның жай жаттығуы. Қала көшелерінде қарияның күнде жүгіріп жүретінін көпшілік жиі көреді. Марафоншы болып ұзақ шақырымға кәсіби түрде жүгіруді 2017 жылы Экспо кезінде бастапты. Осы жеті жылдың ішінде талай жарыстарда топ жарып, кеудесі медальға толған.

Жақсылық МАМЫРБЕКҰЛЫ, МАРАФОНШЫ:

Өзімнің бір сөзім бар: жүгіру – жүз аурудың емі, марафон – мың аурудың емі деген. 42 шақырымды 63 жасымда бастадым. Содан, міне әлі жүгіріп келе жатырмын. Шамам болса жүгіре беремін. Мен жүгірген сайын ләззат аламын.

Құрдастарының арасында желаяқ атылып кеткен қария жақында ғана бір жарыста 50 шақырымды 4 сағатта жүгіріп өтіп жеңіске жеткен екен. Ресей мен Орталық азия елдерінен де талай рет топ жарған. Сондықтан қатарластары жетпістегі жас жігітіміз көпке үлгі болғанын мақтан тұтады.

Бекасыл ҮСІПБЕК, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Салауатты өмір салтын дәріптеп жүрген кісілер өте аз. Өз еңбегімен салауатты өмір салтын жариялап, елге, жастарға жеткізіп жүрген осы кісі. Біз оны мақтаныш тұтамыз.

Сала мамандары зейнет жасына жетіп жүгіруді жанына серік еткені, жас марафоншыларды алдыға жетелейді дейді. Бұқаралық спорттың дамуына да үлкен септігін тигізеді екен. Сондықтан ардагерлер сырттағы жарыстарға барарда қаржы көзін тауып, демеуге дайын.

Нұржан ЖОЛДАСБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Облыс тұрғындарының 500 мыңға жуығы яғни 40,3 пайызы бұқаралық спортпен шұғылдануда. Ардагерлеріміз жарысқа қатысу үшін қаржы қарастырылып, бөлініп, іс-шараларға жіберіледі.

Жетпістегі марафоншы қартайдым деп тұрған жоқ. Әлі талай белестерді бағындырам деп бел буып отыр.