Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Ақбұлақ арнасына тазалық жұмыстары жүргізілді

10.05.2024ж. 20:00
116
Ақбұлақ арнасына тазалық жұмыстары жүргізілді

Елордада "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы жалғасуда. "Мөлдір бұлақ" апталығы аясында су айдындары, өзендер мен көлдердің айналасы қоқыстан тазартылды. Индустриалды парк кәсіпорыны Астана қалалық инвестициялар және даму басқармасымен бірлесіп, Ақбұлақ арнасын қоқыстан тазартты.

Ақбұлақ – елорда тұрғындары демалатын және спортпен шұғылданатын көрнекі орындардың бірі. Арнаның айналасына кәсіпкерлер мен жастар жиналып тазалық жұмыстарын жүргізді.

Асылбек ЖАБАГИН, КӘСІПКЕР:

Міне бүгін қарап отырмын, 300-дей адам келіп, қол ұшын беріп жатыр, қоқыстарды тазалап жатыр. Осындай сенбіліктерді ұйымдастырып жатыр. 3-4 рет болды осы айда, қар кеткелі, тазалықты осылай істеп жатыр.

Кәсіпкерлердің айтуынша, мұндай экоакциялар тұрақты негізде жүргізіледі. Бұл келешек ұрпаққа да табиғат ананы ластамауды үйретеді деп сенеді. Қатысушылар санаулы сағатта өзеннің айналасын реттеп, бірнеше қап қоқыс жинап, тазалыққа үлес қосты.

Асыл РЫСПАЕВ, КӘСІПКЕР:

Кеңесе келе дәл осы орынды таңдадық. Туыстарымызбен серуен құратын су арнасының айналасы таза болғанын қалаймыз. Бүгінгі экоакцияға түрлі кәсіпорындардағы әріптестерім қатысып жатыр және таңертеңнен бастап біз Ақбұлақ арнасының аумағын қоқыстан тазалап жатырмыз.

Экоакция басталғаннан бері кәсіпкерлік нысандардың 5 мыңнан астам өкілі жеке мекемелер мен аулаларға және өз объектілеріне іргелес аумақтарда тазалық жұмыстарын жүргізді.

Евгений ТАРГОНИЙ, ИНЖЕНЕР:

Алдымен, таза қала - бұл ұлттың денсаулығы. Ақбұлақ өзенінің аты айтып тұрғандай, әріптестермен және тұрғындармен бірлесіп, тазалықты қолға алуға келдік. Тек бұл өзенмен шектеліп қалмаймыз деген ойдамын. Бұдан кейін де экоакцияларға қатысамыз.

Елордада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты ауқымды экологиялық акциясы жалғасуда. Әр апта белгілі бір тақырыпқа арналған.