Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Жамбылда қар көшкінінен қаза тапқан жауынгерлер жер қойынына тапсырылды

AstanaTV
20.02.2017ж. 20:00
3273
Жамбылда қар көшкінінен қаза тапқан жауынгерлер жер қойынына тапсырылды

Бүгін Жамбылда қар көшкінінен қаза тапқан жауынгерлер жер қойынына тапсырылды. Алайда, оларды туған жерлеріне жеткізу оңай болмады. Қар жолды бөгеп, мәйіттер далада қала жаздады. Сарбаздардың үшеуі Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Талдықорған тумалары екені анықталды. Қаза болғандардың туған-туыстары, құтқарушылар 4 сағатқа кешікпегенде, сарбаздар аман қалар ма еді, дейді. Тілшіміз Данияр Әлімқұл ауруханада жатқандардың да жағдайы білді.

Қар көшкіні құрсауында қалған жеті жауынгердің мәйіті таңсәріде әскери бөлімнен туған жерлеріне жөнелтілуі тиіс еді. Алайда "Батыс-Қытай, Батыс-Еуропа" автодәлізінен 10 шақырым жерде ғана орналасқан әскери бөлімге жетер жол ақ ұлпадан аршылмаған. Төтенше жағдайдаға тап болғандардың туыстары бірде-бір техника бөлінбегендіктен, жолды сарбаздармен бірге ашуға ат салысты.

Талғат Мұхтаров, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:


Жол жабылып қалған енді, өздеріңіз көріп тұрсыздар. Қорғаныс министрінің қарамағына жалпы жолдарды тазалау кірмейді. Біз тек қана ТЖ-да ғана. Өздеріңіз білдіңіздер.

Марқұмдардың мәйіттері жолда бөгеліп жатқанда, тірі қалғандары Тараздағы госпитальға жеткізілген. Туыстары балаларын тірілердің тізімінен есту үшін түн ортасына дейін күтуге тура келді. Суыт хабарды тек телеарнадан естіген олар түнімен мәйітхана мен әскери госпитальдің алдын торуылдап ұзақ тұрды.

Көрсетсін. Міне келіп тұрмыз. Тірі болса, көрсететін еді. Бір хабарын берсін. Тарт қолыңды. Кіргізіңдерші. Көрейікші баламыздың түрін.

Жарақатпен жеткізілген жауынгерлер жақындарының наразылығын баса алмаған әскерилер ақыры аман қалғандардың аты-жөндерін айтты.  Тізімде 8 сарбаздың бар екені белгілі болды.

Мамыралиев Нұрсұлтан, Құлжабаев Дидар, Дулат, Аманбаев Байбек, Жұмағалиев Азамат, Пернебаев Бауыржан. Осы сегіз адам бізде жатыр. Ертең кездесу болады.

Жағдайын айтпай жатыр ғой. Бес сағат болған қардың астында жатқанына.

Тірілердің тізімінен туғандарының тегін ести алмаған туыстары зар жылап қалды. Жақындарын да жұбату оңай болмады.

Марқұмдардың туыстары қар көшкінінде қалғандарды құтқаруға көмектің кешігіп барғанын айтады. Қарда қалған 25 жастағы Әуесбай Ерсібаев бір үйдің жалғызы болыпты.

Көмекбай Тәжмағанбетов, көз жұмған сарбаздың әкесі:


Жалғыз балам еді өзімнің. Құтқарушылар бар, басқасы бар, мүмкін емес 4 сағатқа дейін бір адамның жетпеуі.  Дер кезінде жеткенде, мүмкін, құтқарып қалар ма еді.

Ал апаттан аман қалған Айбек қар көшкінін қорқынышпен еске алды. Айтуынша, олар осы жылы Ресейде өткізілуі тиіс халықаралық әскери ойындарына дайындықтарын пысықтап жатқан. Жауынгерлердің соңғы жаттығулары кезінде керілген арқанды алуға қос сарбаз жоғарыға шығады. Олар төмендегі тұрғандарға қар көшкінін келе жатқанын айтып үлгеріпті.

Айбек Еділбаев,  91/678 ӘБ таулы егерь ротасының командирі:

Басы жай келді де, аяқ жағы гүрілдеді. Менің өзім тауға шығып бара жатқанда қысым қысып. Ненің таудың, қардың қысымы қысады ғой адамды. Сегіз метрдей болады ғой қардың қалыңдығы. Соның астында он адам тірі қалды, Жетеуі қаза тапты. Бәрі бір жерде екен. Круг болып отырып қалған ғой бәрі.

Қар астында қалған қарулас жолдастарының қай жерде қалғанын шатқал басына арқан шешуге кеткен жауынгер көрсетіп берген. Ал әскери дәрігер ауруханаға түскен сарбаздардың жағдайы жақсы екенін айтады.

Бағдат Нұрбеков, Тараз қаласы әскери госпиталінің бастығы:

Түскен 10 сарбаздың 8-і әскери қызметкер, 2-уі азаматтық қызметкер еді. Сол 8 әскери қызметкердің 2-уі Алматы клиникалық госпиталіне айырбасталды. Менде жатқан 6 сарбаз бен 2 азаматтық қызметкердің жағдайлары жақсы, ем-дом алып жатыр. Осы аптаның соңы, келесі аптаның ортасында шығаруға дайындаймыз. Әскери қызметке бұлар жарамды. Алматыдағы 2 әскеридің жағдайы орташа, біреуінің белі зақымданды. Екіншісінің аяғы қардың астында қалған.

Данияр Әлімқұл, тілші:


Айта кетейік, 91/ 678 әскери бөлімінің бұл жауынгерлері еліміз бойынша жалғыз тау спецназдары саналады. Яғни Қорғаныс министрлігіндегі ең мақтаулы Таулы орманшы полкы болатын. Қазір оқиға орнында опат болған сарбаздардың өлімі бойынша тергеу ісі жүріп жатыр.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ