Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

«Әлемнің жарығы!»

AstanaTV
05.03.2016ж. 20:00
3016
 «Әлемнің жарығы!»

Экономикалық интеграция істері жөніндегі министр Жанар Айтжанова еліміздің Швейцария конфедерациясындағы елшісі болып тағайындалғанын Президент Нұрсұлтан Назарбаев 8-наурыз мерекесіне сәйкес, әйелдермен Ақ Ордада өткен дәстүрлі кездесуінде хабарлады. Жанар  Айтжанова ханым Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына ену процесіндегі басты келіссөзші болғаны мәлім. Ол еліміздің аталған ұйымға өте күрделі кезеңде – негізгі серіктестердің бір-біріне санкциялар салып, дүрдараз болып жатқанында енгенін және сол жолда Мемлекет Басшысының солардың әрқайсысымен жеке-дара келісіп, бәрібір діттеген мақсатқа жеткенімізді айтты. Президент «Америка президентін соңғы сәтте келістірдік»,- деп қосты...  Ал тағайындауға байланысты «Сен Женеваны білесің, ДСҰ штаб-пәтері сонда, сондықтан сені Швейцариядағы елші етіп тағайындауды шештім. Біраз жұмыс істе, сосын көреміз. Жарайсың, жұмысың жақсы»,- деді Президент.

Кеше  Астанада «Әлемнің жарығы» деген керемет  концерт те өтті:

Бейнеқыстырма

Ал 8-наурызға орай біздің кейіпкер - Дана Ақылбекова. PhD докторы, Назарбаев университеттің ғылыми қызметкері. Дана мектепті бітіргенде физик болуды мұрат тұтқан, алайда биологияға деген құштарлық жеңіп кеткен. Ол диабет ауруына пайдаланатын инсулинді қолданудың жаңа әдісін ойлап тапқан. Әзірге клиникалық зерттеулер жасалмаған.

 Өзі ақылды ғана емес, ғалым, өзі әдемі ғана емес, мінезі көркем Дананың «Менің қазіргі ең басты, күрделі жұмысым ана болу» дегенін естіп, біреуге еліктеу дегенді ұната қоймасам да, кішкентай сіңлілеріме «міне, Данадан үлгі алыңдар» дегім келеді. Оның портретін Азамат Алдоңғаровтың интервюінен тамашалаңыздар.

Сұрақ: Қайырлы кеш, Дана! Келе жатқан көктем мерекесімен құттықтаймын. Тығыз жұмыс кестеңе қарамастан уақыт тапқаныңа үлкен рахмет. Сіз жайында жазылған мақаладан сіз дәулетіңіздегі ғылымға ден қойған үшінші ұрпақ екенін білдік. Ғылымға деген қызуғышылық қайдан келді, қалай келдіңіз, жалпы қандай отбасында тудыңыз?

Дана Ақылова, PhD, Назарбаев университетінің ғылыми қызметкері:

Маған ғалымдардың отбасында дүниеге келу бақыты бұйырыпты, кейде керісінше болды ма деп ойлап та қаламын...Менің атам физик, ағаларым физик, әкем мен шешем де физика маманы. Екі ағам мен сіңілім бар, көпбалалы отбасынанмын. Маған әу бастан физика, математика, биология ұнайтын. Шешім қабылдау керек болғанда, мен ойланбастан физиканы таңдадым. Физиканы меңгерген адам кез-келген мамандықты алып кете береді. Қазір мен биология, медицина саласындамын. Бірақ осы салада да физикадан алған білімімді қолдануға көп мүмкіндіктер бар.

Сұрақ: Жетістіктер қалай? Көңіліңіз толады ма?

Біз жасаған жоба, туабітті диабетпен ауыратын адамдарға арналған. Диабетке шалдыққан адамның бойында инсулин бөлетін клеткалар болмайды, я болған күнде қажетті мөлшерде өндірмейді. Инсулин дегенің өмірге қажетті энергия. Сондықтан науқастар күніне 5-6 рет қант деңгейін тексеріп, бірнеше екпе алуларына тура келеді. Бұған қыруар ақша кетеді. Егер де ол нәресте болса мүлдем қиын. Біздің мақсатымыз, полимерден жасалған кішкентай аппаратты қан тамырына енгізу. Ол аппараттың ішіндегі клеткалар адам ағзасына қажетті инсулинді автономды режимде өндіреді. Адам инсулин екпелеріне деген тәуелділіктен арылады. Алайда адам ағзасы кез-келген имплантты қабылдағысы келмейді, ол табиғи құбылыс. Қазір мен сол апараттың ағзамен биологиялық үйлесімдігін қамтамасыз ету бойынша зерттеулер жүргізіп жатырмын.

Сұрақ: Қазақы ортада қыз баланың ғылыми қызметпен айналысуы сирек. Біздің елімізде жастардың, нақты айтсақ қыздардың ғылымға баруына кедергі, объективті проблемалар бар ма?

Бағыма қарай мен еркін, либералдық көзқарастағы отбасында дүниеге келіппін.  Үйімізде адамның өз мақсаттарына жетуі, индивид ретінде қалыптасуына аса мән береді. Әрине біздің қоғамда әйел ер адамға көмекші, оынң қалыптасуына қосымша ретінде қабылданады. Ер адамның сөзі өтімді, оның амбициялары бірінші орынға қойылады. Бірақ әйелдің де армандауына, жоспар құруына құқық бар ғой. Мен қазір ана, жар ретінде, әйелдің қызметке бас ұрып кетуін де қолдамаймын. Шынын айтқанда, ана болу, жар атану, ол да зор жетістік. Ал енді елімізде ғылым дамуының проблемаларына келсек, әрине қаржыландыру мардымсыз. Ғылымы қарыштап дамыған мемлекеттер жалпы табысының он, одан да көп пайызын ғылымға жұмсайды. Ал бізде, менің пайымдауымша, бір пайызға да жетпейді. Бұл өте-мөте аз.

Сұрақ: Ғылым мен отбасын, ана болуды қатар алып жүру қалай қолыңыздан келеді?

Бұл әрине менің жарымның арқасында. Ер мен әйел бір-бірін толықтырып отыруы тиіс. Ол да физик. Біз кешкісін отырып менің жобаларымды, оның жобаларын талқылаймыз. Ол менің жобаларымның әрі қарай дамуын қолдайды. Екіншіден, әрине бізге бала тәрбиесінде көмектесетін ата-аналарымызға мың алғыс. Сөзсіз, кейде жұмыстан жалығасың. Бірақ менің еңбегім біреудің өмірін сақтап қалуы мүмкін дегенді ойлағанда, шаршағанды ұмытып, алға ұмтыламын. Мен оларға көмектесе алатынымды білемін, сондықтан тоқтап қалуға құқым жоқ. Тағы бір айтқым келетіні, Америкада ғылымдағы әйелдер бір-бірін қатты қолдайды. Ал бізде өкінішке қарай жарыс, аяқтан шалып, ұжымнан ығыстырғысы келетіндер бар. Апалық қолдау жоқ...

Сұрақ: Мансап қуатын қыз-келіншектерге көзқарасың қандай?

Бала кезімде президент болуды армандайтынмын. Бірақ қазір оның тек арман екенін түсінемін әрине, бірақ кім білсін..Мансап қуу жаман, не жақсы деп кесіп айту қиын. Ол қыздардың өз қалаулары болмауы да мүмкін, адамы кездеспеген де  шығар. Әйелге тек әйел деп емес, қоғамға, адамзатқа пайдасы тиетін адам ретінде қараса, оларды да ақтап алуға болады. Ал енді қыздардың  үлкен холдингтер, офистік жұмыстарды армандауына қатысты менің пікірім мынадай. Офиста әрине жұмыс істеген керек. Бірақ ол жүйелі, бір қалыпты жұмыс. Ертен бір 20-30 жылдан кейін ол адамдардың барлығы роботқа алмастырылуы әбден мүмкін. Одан бөлек офистегі жұмыс адамға рухани ләззат бермейді. Ал ми жұмысы, ғылым ертең жемісін беріп жатса, одан асқан бақыт бар ма?!

Сұрақ: Қоғамымыздағы тағы бір өзекті мәселе. Жас ата-аналардың балаларын түрлі үйірмелерге беріп, бос уақыт қалдырмауы қаншалықты дұрыс тәрбие тәсілі?

Бұл өте күрделі сұрақ. Менің өзімді де кезінде әке-шешем түрлі үйірмелерге сүйрейтін. Шахмат, домбыра, би, бәрін қазір еске де түсіре алмаймын. Бұл жағынан, ата-аналар екіжүзді деуге болады. Неге? Ата-ана баласын сан салалы болып қалыптасуға итермелеп, оның ешбірін өзі жасамаса, үлгі болмаса одан нәтиже шығуы екіталай. Ата-ана бірінші өздерін тәрбиелеу керек. Балаға, «міне мен де жан-жақты дамуға тырысып жатырмын, кітап оқимын» деген сияқты үлгі көрсетуі тиіс. Осыны көріп өскен бала ғана ненің дұрыс, қай бағытта жүру керектігін түсінеді. Баланы мәжбүрлеп тәрбиелеу мүмкін емес.

Мағыналы әңгімеңізге рахмет, жұмысыңызда табыс тілеймін!