Негізгі / Жаңалықтар / Алматыда жанарынан айрылған егіздерге Ресейде ота жасалады

Алматыда жанарынан айрылған егіздерге Ресейде ота жасалады

Алматыдағы көз жанарынан айырылған зағип балалар үшін үміт оты жанғандай болды. Олар келесі аптада Санкт-Петерборға жол жүрмек. Ресей клиникаларының бірінде жасалатын күрделі операция үшін шығысқазақстандық кәсіпкер демеушілік жасады.

Өзінің аты-жөнін атамауды сұраған қайырымды жан қаржылай көмекпен ғана шектелмепті. Сонымен бірге көз ауруларын емдейтін ауруханаға жеңілдікпен жасалатын арнайы квота алып беруге септігін тигізбек. Бұл туралы сәбилердің ата-анасы айтты. «Шаңырақ» ықшам ауданында тұратын көмекке зәру отбасына біздің көрермендер тарапынан киім-кешек, азық-түлік және моральдық тұрғыдан көмектер келіп жатқаны белгілі болды.

Медет Болатаев, зағиптардың әкесі:


«Астана» каналына осындай сюжет шыққалы бері осындай көмектер болып жатыр. 680 мың теңгедей ақшалай көмекті Шығыс Қазақстаннан бір кәсіпкер берді. Оған көп рахмет. Және де қосымша квота берді екі балаға. Оған операцияға 50 пайыздық жеңілдік жасалады екен. Өзіміз осында тіркеліп отырған больницадан ондай көмек алмадық. Ең болмағанда, осы квотаға жеңілдік жасамай келді.

Көз жанары семіп қалған Әли мен Мәди есімді бүлдіршіндер туралы біз өткен жаңалықтарымыздың бірінде айтқан болатынбыз. Егіз ұлдар шала туғандықтан 5 айлығында жанары сола бастаған. Оларға ретинопатия диагнозы қойылды. Яғни шала туған нәрестенің жарықты сезу қабыршығының жетілмеуі. Дәрігерлердің айтуынша, бұл кең тараған ауру түрі. Қазақстанда мерзімінен бұрын туған сәбилердің 38 пайызында кездеседі. Егіздердің ата-анасы бұған жергілікті дәрігерлерді кінәлайды.