Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Қызылжардың ботаникалық бағы сатылымға қойылуы мүмкін

AstanaTV
19.04.2017ж. 20:00
2993
Қызылжардың ботаникалық бағы сатылымға қойылуы мүмкін

Бір ғасырдан астам тарихы бар Қызылжар ботаникалық бағы жекенің қолына өтуі мүмкін. Жергілікті билік оны жекешелендіру бағдарламасына қосқан. Ал ауыл шаруашылығы министрлігі бұл бастамаға қарсы. Сонымен бірегей бақ сатыла ма? Абзал Құрманкин анықтады.

Равиль Рязапов ет комбинатының балансында болған нысанды жиырма бес жылдың ішінде бірегей оранжереяға айналдырған. Бірақ бақ ғимараты мен жері - қалалық әкімдіктің меншігі. 2015 жылы нысанды басқару Рязаповтарға тапсырылды. Алайда, жуырда бақ жекешелендіру бағдарламасына ілігіп, енді сатылуы мүмкін.

Артур Рязапов, «Қызылжар оранжереясы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының директоры:

Қазір жекешелендіру бағдарламасының шартына сәйкес, бұл кәсіпорынды біреу алса, ол оның қызмет түрін сақтауы тиіс. 3 сатылымның қорытындысы бойынша нысанды ешкім алмаса, онда меншік иесі оны кез-келген бағаға сатып, қызмет түрін өзгертуге құқылы. Кейін бақтың жаңа қожайыны мұнда ойлағанын істей алады. Демек, өсімдіктер қырылуы мүмкін.

Ботаникалық бақты күту үшін жыл сайын жергілікті бюджеттен 26 миллион теңге бөлінеді. Алайда, табысы 500 мыңнан аспайтын көрінеді. Қайтарымы нашар болған соң шенеуніктер нысанды сатуға бел буды. Алайда, ауыл шаруашылығы министрлігі атқамінерлердің бұл бастамасын қолдамай отыр.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің хатынан:

Бәсекелестік ортаға берілетін коммуналдық меншіктегі ұйымдардың тізіміне ботаникалық бақты қосу «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» ҚР заңына қарама қайшы келеді. Бұдан бөлек, ҚР Президентінің 2015 жылдың 12 маусымындағы хаттамалық тапсырмасына сәйкес қала және облыс әкімдеріне елді мекендерде жасыл аумақтарды құру мінденттелді. Осыған байланысты әкімдіктер көгалдандырудың аймақтық жоспарларын құрды. Осы орайда сіздерде теңдесі жоқ дайын жасыл желек ортасы бар. Жекешелендіру ісі оның жойылуына алып келуі мүмкін.

Құзырлы органның бұл хатынан соң, жергілікті билік өкілдері ботаникалық бақтың мәртебесін өзгертуге бекінді. Тіпті нысанды бағалау ісі де тоқтатылған болатын. Шенеуніктердің айтуынша, оранжереяны ерекше қорғалатын табиғи аумаққа айналдыру үшін нысан бірқатар тексерістен өтуі тиіс.

Евгений Глотов, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

Қазір біз бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Экспертизаның нәтижесінде бұл кәсіпорынның ерекше қорғалатын аумаққа енгізілетіні, не болмаса енгізілмейтіні белгілі болады. Айта кету керек, қалалық әкімдіктің иелігіне тек бақтың ғимараты мен жері кіреді. Ал екі мыңнан астам өсімдік жеке меншіктің қолында.

Экспертизаның шешімі бұрыс болса, онда ботаникалық бақ күзде сатылып кетуі мүмкін. Әзірге оның ресми бағасы жарияланып отырған жоқ. Алайда, Рязаповтар, жөндеу жұмыстарына кеткен шығынды есептегенде, оранжереяның құны 350 миллион теңгеден кем түспейді, деп отыр.

Абзал ҚҰРМАНКИН