Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Канаданың Монреаль қаласының тұрғындары қалада теннистен FedCup-тің өтетінін де білмейді

AstanaTV
19.04.2017ж. 20:00
3430
Канаданың Монреаль қаласының тұрғындары қалада теннистен FedCup-тің өтетінін де білмейді

Бағдаршамдар мен француз тілінің астанасы Монреаль теннистен плей-офф кезеңінің топтық ойындарын өткізуге дайындық үстінде. Алайда, қалада ойынды жарнамалау деген атымен жоқ. Қазақстанмен салыстырғанда қымбатшылық жайлап, өзге мәдениетімен танылған Солтүстік Америкадағы «француз елі» жайлы келесі бейнематериалда.

Канада еліндегі үлкендігі жағынан екінші орын алатын қала, Алматыдан екі есе кіші. Солтүстік Америка болса да, Еуропа қаласындай әсер қалдырады. Сәл биіктесе көне қала алақандағыдай көрінеді. Шеткі жағында құрылыс жүріп жатса, орталығында ескі әрі зәулім үйлер жаңа ғимараттармен иін тіресіп тұр. Айтпақшы, қаладағы метро кәдімгі «шина», яғни резеңке дөңгелекпен жүреді. 

Жер асты өз алдына жеке әлем тектес, тағы бір шағын қала. Метро жолының ұзақтығы 65 шақырым. Жолаушыларды жанұшырып тексеретін ешкім жоқ. Бір жүріс теңгеге шаққанда шамамен 800 теңге көлемінде.

Көліктердің көбі жаңа. Бір қызығы олардың алдыңғы нөмірі жоқ. Әр 100 метр сайын француз тілінде жазылған жол белгілері тұрады. Бір жол қиылысында бірнеше бағдаршам тұруы мүмкін.

Мұнда жанармай бекеттері әдеткі дүкендерден де көп. Біздегі АИ-92 теңгеге шаққанда 1 литрі 283 теңге көлемінде. Жанармайдың мүлде иісі болмайды екен. Азық-түлік бағасы да Қазақстанмен салыстырғанда қымбаттау. Мұнда әркім өзінше ақша тауып дағдыланған. АҚШ долларымен төлесеңіз, қайтарым қаржыңызды Канада долларымен қайтаруы мүмкін. Алайда айырмашылық 1,5 есені құрайды.

Ал мұндағы жұрт көбіне хоккейді ұнатады. Монреаль клубының туы бейнеленбеген жер жоқ. Көлік, үй терезелерінде, тіпті кетчуп қорабында да. Теннис жанкүйерлері де жетерлік. Алайда мұны жарнамаламайды. Мыңдаған концерт, мюзикл, театр афишаларының ішінде Қазақстан-Канада арасындағы кездесу жайлы ешқандай ақпарат жоқ.

Ярослава Шведова, теннистен ұлттық құраманың мүшесі:

Олардың федерация кубогын жарнамаламайтыны мені таң-тамаша етті. Мысалға, бізде Астанада бірнеше апта бұрын афишалар ілініп, жанкүйерлерді тарту жұмыстары жалғасып кетер еді. Мұнда тіпті кей жанкүйерлер FedCupтің боларынан хабарсыз.  Кортқа да көп жанкүйер келмейтін сияқты. Орын шамамен 1 500 адамға шақтап жасалған. Билет бағасы да Қазақстанмен салыстырғанда қымбат, 6 мың теңге шамасында. 

Айбек ҚОСАН