Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Алматыда халықаралық ақындар айтысы өтті

AstanaTV
24.03.2016ж. 20:00
2050
Алматыда халықаралық ақындар айтысы өтті

«Мың жасаған шаһар». Осындай атаумен Ұлыстың ұлы күні Алматыда халықаралық ақындар айтысы өтті. «Нұр Отан» партиясының қолдауымен өткен аламанға еліміздің әр өңірінен 14 ақын келді. Сондай-ақ Моңғолия мен көрші Қырғызстанның айтыскерлері қатысты. 

Моңғолиядан келген ақын:

Тәңірге мың шүкір мен айтайын, бейбіт күні еліме сапар жетті, Отанына орала алмай атам кетті, атам жетпеген Отанға шапаны жетті.

Жыр сайысы шаһардың мың жылдық шежіресінен басталып, қоғамдағы мәселелерді де қамтып өтті. Ақындар тәуелсіздіктің іргесі дәл осы шаһарда қаланғанын өлеңдеріне арқау етті. Айтыстың қорытындысы бойынша, Рүстем Қайыртайұлы бас жүлде - 2 миллион теңгені қанжығаға байлады.

Рүстем Қайыртайұлы, бас жүлде иегері, ақын:

Көңіл-күйіміз керемет. Алматының әр жылын үлкен роман қылып, том қылып, жырлай беруге болады. Мен өзім Семейдің баласымын. Алматыға келіп, осы Алматыда оқып, білім алдым. Үнемі жырлап келемін. Осы еңбегім еленді деп есептеймін.

Бірінші орынға тігілген 1 миллион теңге қызылордалық Мейірбек Сұлтанханға бұйырса, екінші орынға берілетін  бес жүз мың теңге сыйлықты алматылық ақын Бибігүл Тілебалдинова мен астаналық Иранғайып Күзембаев бөлісті. Ал Шалқарбай Ізбасаров, Аспанбек Шұғатаев пен қырғызстандық Азамат Болғанбаев үшінші орынды місе тұтты.

Жүрсін Ерман, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ақын:

Алматы, қалай болғанда, қазақ елінің ең басты олжасы. Басындағы алтын тәжі, омырауындағы алтын алқасы сол Алматының, Қазақстанның экономикасындағы, әлеуметтік өміріндегі, руханиятындағы орны жайлы тамаша жырлар айтылды. Біз осы халыққа мереке күні, Ұлыстың ұлы күні жақсы қуаныш сыйладық деп ойлаймын.

Айгүл ЕРМАХАН