Жаңа Салық кодексі аясында кітап басып шығару ісі қосылған құн салығынан босатылуы мүмкін. Бұл туралы «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек «TALQYLAU» диалог алаңында айтты. Кезекті отырыс Ұлттық кітап күніне орай ұйымдастырылды. Жиынға қатысушылар кітап оқу мәдениетін халықтың өмір-салтына, күнделікті дағдысына айналдыру жолын талқылады. Кездесу барысында Дәулет Кәрібек кітап оқу мәдениеті – бұл тек жеке таңдау мәселесі ғана емес, қоғамның интеллектуалдық дамуы мен ұлттық бірегейліктің тұрақтылығына тікелей әсер ететін фактор екенін атап өтті. Ол Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу», деп атап өткенін еске салды.
ДӘУЛЕТ КӘРІБЕК, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:
Ең үлкен маңыздылығы жөнінен Конституциялық реформадан кейінгі салық реформасы жүріп жатыр. Сол салық реформасының аясында отандық баспагерлерге арналған құн салығын алып тастауды ұсынып отырмыз. Біз бастаған үлкен жобалардың бірі – «Кітап-AMANAT» жобасы. Жалпы біз осы ағартушылық бағытында үздіксіз білім алу бағытындағы жұмысымызды үнемі жүйелі түрде жалғастырып келеміз. Сол секілді біздің «Кітап-AMANAT» жобасы ең негізгі мақсаттарының бірі – Қазақстан халқын кітап көп оқитын 10 мемлекеттің қатарына кіргізу туралы арманымыз, мақсатымыз бар. Оған нар тәуекел деп кірісіп отырмыз.