Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Отандық өнім – «Кеспебай» - нарыққа шықты

AstanaTV
10.11.2017ж. 20:00
7418
Отандық өнім – «Кеспебай» - нарыққа шықты

Жылдам дайындалатын қазақстандық кеспе сапасы мен бағасы жағынан кез келген бәсекеге төтеп береді. Өндіріс басшысылығы осылай деп отыр. «Қазагро» ұлттық холдингі қаржыландырған кезекті жоба іске қосылды. Жылдам дайындалатын кеспе нарығының сұранысы артып отырған көрінеді. Сараптама қазақстандықтар тамақтың осы түріне жылына 20-25 млрд теңге жұмсайтынын көрсеткен. Яғни шетелдіктердің қалтасын қампитып отырмыз. Өйткені жылдам дайындалатын қазақы кеспе бұған дейін нарыққа шықпаған. 

«Кеспебай». Жылдам дайындалатын тамаққа құмар болсаңыз, енді сіздің дастарханыңыздан отандық өнім орын алуы тиіс. Қазақ кеспесі нарықта үстемдік құрып тұрған шетелдік кеспелерді ығыстыруға бекінген. Жедел тамақтандыру өнімдерінің комбинатын іске қосқан - «KAZBRAND» компаниясы. Нарықты сапамен және төмен бағамен жауламақ. Шетелдік кеспелердің салмағы 70-80 граммдай екен. Ал қазақстандық өнімнің салмағы артық, - дейді комбинат басшылығы.

Алмаз Зарипов, «KAZBRAND» ЖШС бас директоры:

Бағасы 130 төңірегінде, салмағы 100 грамм. 90 грамм өзі лапша, 12 грамм специялар салмағы. 100-102 грамм төңірегінде. Ешқандай зияны жоқ денсаулыққа, сапа жағынан таза сапамен шығарамыз, дәмі жақсы.

Нанның қамырын илеп, кеспені қорапқа орағанға дейін не бары 15 минуттай уақыт кетеді. Кеспе өзі иленіп, өзі кесіледі. Буға бұқтырылады, майға қуырылады, соңында кептіріліп барып, 100 пайыз табиғи өнім шығады. Құрамы да отандық өнімдер. Тек дәмдеуіштері Қытай мен Үндістаннан. Қазір сиыр еті, тауық еті және саңырауқұлақ дәмімен үш түрлі өнімді ұсынып отыр. Айына 3 млн дана кеспе шығарса, жылына ол 30 млн-ға жетеді. Бұл толық мүмкіндігі емес. Толық қуатқа осы айдың аяғында, және қаңтарда тәулік бойғы жұмысқа шығуды көздеп отыр. Ол кезде айына 6 млн дана кеспе өндірілмек. Өндірісті ашуға «Қазагро» холдингі қарыз берген.

Бауыржан Сәбитов, «Қазагроқаржы» АҚ инвестициялық жобалар департаментінің  директоры:

Жұмсалған қаржының жалпы көлемі - 1 млрд 233 млн теңге. Оның 981 миллион теңгесін «Қазагроқаржы» бөліп отыр. Бұл жоба құнының 74 пайызы. Қаржы құрылыс-монтаждау жұмыстарына жұмсалды. Және технологияға қажетті құрылғылар алынып, айналым қаражатына кетті. Ақшаны 12 пайыздық үстемемен 7 жылға бердік.

Қазір комбинат 30 шақты адамға жұмыс берген. Тағы 90 шақты жұмысшы алуды көздейді. Адамдарды тәжірибесіз алып, 2 аптада өзіміз оқытып шығарамыз дейді. Өнім түрлерін де кеңейтпек. Жылдам дайындалатын сорпалар, түрлі дәмдеуіштермен қатар, кондитерлік цехты іске қоспақ.

Айгүл ӘДЕПБАЙ