Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

«Қазақстан-Қытай» магистральды газ құбырының қуаты артты

AstanaTV
30.11.2017ж. 20:00
3587
«Қазақстан-Қытай» магистральды газ құбырының қуаты артты

«Қазақстан-Қытай» газ құбырының жаңа компрессорлық станциясы жұмысын бастады. Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданының аумағында орналасқан нысан бүгін іске қосылды. Бұл шара Тұңғыш Президент күні қарсаңында өтіп отыр. Газ саласының маңызды жобасын «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен Қытайлық CNPC корпорациясы бірлесіп жүзеге асырды.

Салтанатты түрде жұмысын бастаған «Қазақстан-Қытай» магистральды газ құбырының «С» тармағындағы №1-ші компрессорлық станциясы. Жаңа нысан өткізу қабілеттілігі мен ұзындығы бойынша «Орталық Азия - Қытай» трансұлттық газ құбырының құрамдас бөлігі болып табылады. Бұл құбыр - төрт мемлекетті, Қазақстан, Түркіменстан, Өзбекстан, және  Қытайды,  байланыстыратын алпауыт нысан.

«ҚазМұнайГаз» ҰК-ның газ тасымалдау және маркетинг жөніндегі атқарушы вице-президенті Қайрат Шәріпбаевтың пікірінше, газ инфрақұрылымының жаңа нысаны еліміздің транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтеді. Кезекті қуатты компрессорлық станцияны іске қосу арқылы қазақстандық газ тасымалдау жүйесінің әлеуетін арттыруға, ел бюджетіне түсер табысты молайтуға тағы бір қадам жасалды. 

Ғалымжан Сағынтаев, «Азиялық газ құбыры» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары:

Қазақстан биылғы жылдан бастап Қытай нарығына экспорттауға мүмкіншілігі артып отыр. Ендігі жылдан жоспарда 50 млрд текше метр газды тасымалдаймыз деп отырмыз. Оның ішінде 5 млрд кубы Қазақстанның газы экспортталады.

Жаңа компрессорлық станцияда заманауи жабдықтар орнатылған. Сағатына 516 мың текше метр газ айдауға қауқарлы. Көгілдір отынның өнімділігін арттырып, жылына 25 млрд текше метрге дейін газ тасымалдау көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. «Қазақстан-Қытай» магистральды газ құбырының қуаттылығы жылына 55 млрд текше метр.

Қайрат Оспанқұлов, «Азиялық газ құбыры» ЖШС үйлестірушісі:

Бұл компрессорлы стансада дүние жүзіне әйгілі «Rolls Royce» деген компанияның компаниясының двигательдері тұр. Әрқайсысында негізінде үш агрегат тұр. Әрқайсысы 30 мегаваттық күш қуат бар. Одан кейін бұл экологиялық талаптарға  сай дүниежүзілік. Одан кейін  қауіпсіздік жағынан  бәрі қазіргі заман талабына сай.

Нәтижесінде шығысқа газ жіберуді екі есе арттыруға мүмкіндік пайда болады. Алдағы уақытта 4-ші «D» желісі салынып жатса, онда осы станцияға қосу арқылы желінің транзиттік қуатын арттыру мүмкіндігі де қарастырылып қойған.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ