Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Тәуелсіздікке 26 жыл! Тәуелсіздік дәуірі!

AstanaTV
16.12.2017ж. 20:00
4238
Тәуелсіздікке 26 жыл! Тәуелсіздік дәуірі!

Тәуелсіздікке 26 жыл. Кеше Мемлекет Басшысы Н.Назарбаев Ақ ордада бір топ азаматқа мемлекеттік марапаттар тапсырды. «Қазақстанның Еңбек ерлерін» жариялап, лайықты деп танылған азаматтарға «Парасат», «Отан», «Құрмет» басқа да орден-медальдарды тақты. Сонымен бірге кеше Президенттің «Тәуелсіздік дәуірі» деп аталатын кітабының тұсауы кесілді. Тарихи публицистика жанрында жазылған, қазақ және орыс тілдерінде басылған. «Бұл кітап менің ұлы қолдаушым, кемел келешегіне өзінің қазақстандық жолымен қарыштаған жасампаз халқыма арналады» деп Президент кітаптың мазмұнын айқындап берген. Мемлекетіміздің негізі қаланған күннен бастап оның қалыптасу кезеңдерінің ерекшеліктері мен 26 жылдық тәуелсіздік дәуіріндегі ішкі және сыртқы сын-қатерлерді еңсеруге байланысты қабылданған шешімдердің мән-мазмұны мен тетіктері баяндалады. «Жаңа кітап – Қазақстан Республикасының негізін қалаған Тұңғыш Президентіміздің өз қолымен жазылған тәуелсіздік энциклопедиясы», деді «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед. Осы шаралар туралы Айгүл Әдепбай баяндап береді.

Айгүл Әдепбай, тілші: 

Ерен еңбегімен ерекшеленген ел азаматтары бүгін Ақ Ордаға төрт көзі түгел жиналды. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, гуманитарлық дамуына аянбай тер төккен бір топ игі жақсыға жоғары деңгейде құрмет көрсетілді.

Тәуелсіздік тойында марапатқа лайық деп танылғандардың көшбасында Ахметжан Есімов. «ЭКСПО» халықаралық көрмесін мінсіз атқарыпты. Енді ол «Қазақстанның Еңбек Ері». Бұл оның туған күніне жасалған керемет сыйлық болған  сияқты.

Ахметжан Есімов, «Қазақстанның Еңбек Ері», «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

Әр адамның туған күнінде көңіл-күйі жақсы болады ғой. Таң атпастан құттықтаулар дегендей. Оның үстіне, әрине, бүгінгі туған күн ерекше күн. Себебі Елбасы үлкен марапатпен наградтап отыр.

«Еңбек Ері» жоғары дәрежелі белгісі қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы – Жақсылық Үшкемпіровтің де кеудесінде жарқырады. Даңқты балуан кезіне елімізді әлемге танытса, бүгінде өз ауылында жас отбасыларға арнап үй, балабақша, көп салалы спорт кешенін салып, газ тартқызған. Бәрі өз қаржысына. Ел ардақтысының армандары әманда елімен байланысты.  

Жақсылық Үшкемпіров, «Қазақстанның Еңбек Ері», қазақтың тұңғыш олимпиада чемпионы: :   - екеуара диалог -  

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен деген бір арманым бар, аға. Осы көп болса 5 мыңнан аса ауыл бар шығар. Сонды бір 5 мың қазақтың жігіті сол ауылдарды көтеріп жіберсек, одан басқа қандай бақыт керек. Мен соны ойлаймын,аға. Бірігіп әлі талай таудан-тауға жетеміз. Сіз мені әрқашан жеңесіз ғой,аға, рахмет. –Бірнеше мәрте совет одағының жеңімпазы болды. Ешкім айтқан жоқ. Олимпиададан жеңді, дүние жүзінің чемпионы болды оны да ешкім айтқан жоқ. –Міне, енді сіз айтып тұрсыз. Тәуелсіздік жылдарында біраз азаматтар қалталы болды, байыды. Сол үшін мен қызмет істеп жүрмін. Енді тапқанының біразын елге берсін сен сияқты. 

Әлемді мойындатқан қазақтың тағы бір жарық жұлдызы, жекпе-жекте талай мықтыны сұлатқан – Қанат Ислам. Халықаралық чемпиондық марапаттары «Құрмет» орденімен толықты. 

Қанат Ислам, «Құрмет» орденінің иегері, кәсіпқой боксшы:

Бірінші рет алып отырмын. Өте қуаныштымын. Осындай елім дейтін, жерім дейтін, ерінбейтін Елбасымыздың қолынан үлкен марапат алу мен үшін үлкен мәртебе. Ол кісі де айтып жатыр, алда үлкен үміт күтеміз жекпе-жегіңнен деп, бұл менің алда қойған мақсатыма үлкен бір беріліп жатқан сенім деп ойлаймын.

«Отан», «Барыс», «Парасат», «Құрмет». Жоғары дәрежелі марапаттарға бір топ министр де ілікті. Сондай-ақ, білім мен медицина, өндіріс пен әлеуметтік сала өкілдері, әскерилер мен қарапайым шаруалардың да еңбегі еленді. Олардың арасында Ақ Орда табалдырығын алғаш рет аттағандары аз емес. 

Аманғос Төлеуов, «Отан» орденінің иегері, Ақтөбе облысы «Степное» ЖШС директоры:

Мұндай марапатқа ие боламын деп күткен жоқ едім. Бірінші рет мен Ақ Ордада болып тұрмын. Ең бірінші төбем көкке жетпегенмен жақындап тұр, айналайын. Бүкіл ауыл халқы, ел сәлем айтып жатыр Астанаға.

 «Парасат» ордені кеше ғана Бас прокурор болған, бүгінде Жоғарғы соттың тізгінен қолына алған Жақып Асанов пен актриса Меруерт Өтекешоваға да бұйырды. Махаббаттың символына айналған «Қыз Жібек» қалай баянды махаббат тілемейді?!

Меруерт Өтекешова, «Парасат» орденінің иегері, М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының әртісі:

Біздің халқымызды, елімізді шын жүректен үлкен мерекемін, тәуелсіздік мерекесімен құттықтайын деп едім. Бүкіл елемізге үлкен бақыт тілеймін. Жұмыстарына үлкен табыс тілеймін. Жастарға мәңгілік махаббат тілеймін.

Еліміздің ең ұлық мерекесі - Тәуелсіздік күні қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа кітабының тұсаукесер рәсімі де өтті. Президенттің бұл еңбегінде еліміздің жаңа тарихы мен оның ертеңіне деген автордың көзқарасы қамтылған. Еліміздің жаңа тарихын тұтастай қамтыған, мазмұны аса бай шығарма 4 бөлімнен тұрады. Олар -  "Мемлекетіміздің дүниеге келуі"- 1991-1995 жылдар.  "Ұлы бетбұрыс" 1996-1999 жылдар. "Қияға құлаш сермеу" 2000-2010 жылдар және "Қалыптасқан мемлекет" 2010-шы жылдар деп аталған.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Елбасымыздың жүрек төріндегі толғаныстарынан шыққан бұл кітапты бәріміздің қасиетті Отанымыз - Қазақстан Республикасының негізін қалаған Тұңғыш Президентіміздің өз қолымен жазылған тәуелсіздік энциклопедиясы деп атауға толық негіз бар.

Дархан Қыдырәлі, "Егемен Қазақстан газеті" АҚ басқарма төрағасы:

Тарихты жасаған тұлға ретінде Черчилльдің жазғандары Еуропаның өткеніне үңілген оқырманның назарынан әсте тыс қалған емес. Бұл өнегелі үрдіс бізге де жат емес. Кешегі Ататүрік, арыдағы Бабыр, Түпкі Білге қаған түркінің түгел тарихын тасқа қашап жазған. Беріде үзіліп қалған осы ұлағатты дәстүрді Елбасымыз қайта жаңғыртып отыр.

Ерлан Сыдықов, Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры:

Бұл еңбекті оқу құралы ретінде білім жүйесінде кеңінен пайдалану керек. Кітаптағы тұжырымдамалар мен  маңызды фактілер бойынша түрлі танымдық мәдени шаралар ұйымдастыру керекпіз.

Кітапта еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы басты 33 жетістігі мен оған жету жолдары жан-жақты айтылған. Олардың қатарында: заманауи қуатты мемлекет құру, халықаралық дәрежеде мойындалған нақты шекара, ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей үлгісі, Семей ядролық сынақ алаңының жабылуы, нарықтық экономикаға өту, ұлттық валюта, жаңа елордамыз Астананы салу бар. Еңбекте ресей-түрік конфликтісінің қалай шешілгені сияқты біздің уақыттағы маңызды мәселелердің қамтылғаны кітапқа деген қызығушылықты арттыратыны сөзсіз.

Айгүл Әдепбай, Тимур Еркетаев «Біздің уақыт».