Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Энергетикалық сусындар энергия береді. Бірақ артынша «сорып» тастайды...

AstanaTV
16.12.2017ж. 20:00
7414
Энергетикалық сусындар энергия береді. Бірақ артынша «сорып» тастайды...

Осы аптада Мәжіліс депутаты Сәкен Қаныбеков энергетикалық сусындардың саудасына тыйым салуды ұсынды. Оның айтуынша, «энергетикалық сусындар психотроптық зат – себебі «байлап», тәуелді етіп қояды, орталық жүйке жүйесінің әлсіреуіне апарады». Алаң күйге түсіріп, ұйқыны қашырып, ашушаң етеді. Сонымен бірге құқық қорғау органдарына сілтеме жасаған – энергетикалық сусындарды көп ішетін жасөспірімдер агрессивті, көбірек темекі шегіп, есірткі пайдаланады, тиісінше, көбірек құқық бұзады, деп. Алайда біздің тілшіміз комментарий сұрап, Алматы қалалық ішкі істер басқармасына хабарласқан, олар мұндай мәліметті растай алмаймыз, деп жауап берді. Дегенмен мұндай сусындардың денсаулыққа, әсіресе жастар денсаулығына зиян екенін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының масштабты зерттеулер жүргізген еуропалық кеңсесінің мамандары растаған. Сусындағы кофеин концентрациясы өте жоғары болса, немесе оны алкогольмен араластырып ішсе, жасөспірім өліп те кетуі мүмкін... Дания, Түркия, Норвегия, Исландия сияқты мемлекеттерде, АҚШ-ң бірқатар штатында энергетикалық сусын сатуға мүлдем тыйым салынған. Еуропа елдерінің көбінде тыйым салынбағанмен, жасөспірімдерге сатуға болмайтын заң қабылдаған. Швецияда кейбірі тек аптекада сатылады. Бізде ас-суға байланысты «бір сәттік рақат» және «қарын толтыру» ұстанымы бар. Бұл әл-ауқаты нашар адамдарға қатысы жоқ әңгіме. Олжас Нұржақып академик Шарманов басқаратын тағамтану институтының мамандарынан интервью алған. Материалы.     

Дінисламның энергетикалық сусындарға құмартқанына екі жылдан асыпты. Емтиханға дайындалып жүргенде ғана алатыны, енді міне, күнделікті сусынына айналған. -Арманым орындалып,  оқуға түссем де, тәуелділіктен арыла алмай келем,- деп қынжылады.

Дінислам Абитолла, студент:

Емтихан уақыттарында ой өрісіңді дамытып, ойлау қабілетіңді жоғарылатады. Және түнімен дайындалуға көп көмектеседі. Ұйқыңды ашып, сергектік береді. Көбісі айтып жатады, денсаулыққа зиян, ұйқыны бөліп содан жүрек ауруы пайда болуы мүмкін деп айтады. Тәуелділіктен бе, әлі арыла алмай келе жатырмын.

Оралдық музыкант Дастан да энергетикалық сусынға тәуелділердің қатарында. Күндіз-түні түсетін тапсырыстарды орындау үшін ұйқыны қиюға тура келеді. "Сондай сәттерде энергетикалық сусындардың көмегіне жүгінемін", -дейді.

Дастан Мерғали, музыкант:

Жұмыс көп. Ұйқы келеді кей кездері, таңға дейін тапсыру керек тапсырыстар болады. Сол кездері көмегіне жүгінеміз. Ұйқымызды ашады.

Мұндай сусындардың қуат беретінін бүгінгі буын жақсы біледі. Бірақ зиян екенін білгісі жоқ.  Тәуелділікке шалдықпағандардың өзі шаршағанда, алыс жолға шыққанда және сынақ алдында сіміруді әдетке айналдырған.

Көшедегі адамдар:

Шынымен күш береді, бермейтіндігін білмеймін. Бірақ өз өзімді алдау ма, әлде шынымен күш береді ме, қолданамын сондай кездерде, шаршағанда, ұзақ жолға шыққан кезде.

Жұмыс бабымен жүргенде, оқу сондай кездерде ішіп тұрамын. Бірақ көп емес.

Мәжіліс депутаты Сәкен Қаныбеков энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салуды ұсынып отыр. Үкіметке жіберген сауалында "сусын құрамы зиянды заттардан тұрады, ол әсіресе, жасөспірімдердің психологиясына кері әсерін беріп, жүйке жүйесін құртады", деді.

Сәкен Қаныбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Дәрігерлер өскелең ұрпақтың энергетикалық сусындарға тәуелділігін, олардың тосқауылсыз сатылатынын, жарнаманың көбейгенін айтып дабыл қағуда. Өйткені  аталған сусын түрлері  психотроптық зат санатында. Адамдардың жүйке жүйесін бұзады. Құқық қорғау органдары да энергетикалық сусынды шамадан тыс тұтынатын жастар темекі мен есірткіге әуестеніп, бұзақылыққа жиі барады дегенді айтады. Сондықтан жасөспірімдер арасында осы сусындарды сатуға тыйым салу қажеттігін, сатылған жағдайда әкімшілік жаза тағайындау керектігін ұсынамыз.

Мәселенің мәніне үңілмекке Қазақ тағамтану академиясы мамандарына жүгіндік.  Ұзақ жылдан бері осы салада қызмет істеп жүрген Айгүл Нағашыбекқызының айтуынша, еліміздегі 15 жастан асқан жасөспірімдердің 45 пайызы газдалған сусын ішеді екен. Оның ішінде синтетикалық кофеин, таурин, көмірқышқыл газынан тұратын энергетикалық сусындарды тұтынатындары да бар. Ал, синтетикалық жолмен алынған кофеиннің зияны көп дейді, маман.

Академияның ғылыми қызметкерінің сөзіне сүйенсек, қарапайым бір шыны кофеде 45 миллиграмм кофеин болса, энергетикалық сусынның бір құтысында синтетикалық жолмен алынған кофеин 3-4 есеге жоғары. Бұл біріншіден адам ағзасына кері әсерін тигізсе, екіншіден, тәттілік заты басым сусын қандағы қант деңгейін жоғарылатады.

Айгүл Қожахметова, Қазақ тағамтану академиясының ғылыми қызметкері:

Үшіншіден, осы синтетикалық заттардың көп түсуі зат алмасуды бұзады. Төртіншіден, құрамындағы кофеиндік заттардың барлығы жүректің бұлшық еттерін, мысалы, адамның бойындағы бір тәулікке жететін қуат мөлшерін 2-3 сағаттың ішінде жұмылдырып, адамның сол 2-3 сағат ішінде белсенділігін қамтамасыз ете алады да, одан кейінгі тәуліктің басқа уақытында керісінше, депрессияға, шаршап зорығуға дейін алып келеді.

Сондай-ақ, жастайынан энергетикалық сусынды жиі ішетін жандардың клеткалары ластанып, ас қорыту жүйесінде қалдықтар қордаланады. Әрі, зат алмасу процесі бұзылып, бауыр мен бүйрек жұмысы нашарлайды. Өмір сүру деңгейі төмендейді, дейді маман. Сондықтан  тәуелділіктен арылып, оның қуатын алмастырудың басқа жолын таңдаған жөн. Ол үшін не істеу керек:

Айгүл Қожахметова, Қазақ тағамтану академиясының ғылыми қызметкері:

10 тал итмұрын, 1 шәй қасық бал, алманың тілімін немесе екі тілім лимон салатын болсаңыз, итмұрынның құрамында С дәруменінің мөлшері өте жоғары деңгейде кездеседі. Балыңыздың құрамында 2 мыңға жуық пайдалы заттар кездеседі. Және тәттілік дәм береді. Лимон зат алмасудың қарқындылығын жақсартады. Осылайша сіз, энергетикалық әртүрлі сусындардың орнына пайдалы баламалы түрлерін үйлестіре отырып, ондай жағдайлардан қашуыңызға болады.

Алғаш кәсіби көлік жүргізушілері мен ұзақ қашықтықты игеруге ниеттенген спортшыларға арнап шығарылған  энергетикалық сусынның тұтынушылары жыл санап артып келеді. Бүгінде біздің ғана елімізде 10-нан аса түрі кездеседі екен. Сусындардың агрессивті жарнамалары мен сан түрлі еліктіру бейнероликтері де еркін көрсетіледі. Бірақ оған шектеу қояр заң жоқ. Тек, орта мектептер мен денсаулық сақтау ғимараттарында сатуға тыйым салынған 2013-ші жылғы қаулы ғана бар.

Олжас Нұржақып, тілші:

Осылайша, апта басында алаңдаушылық танытқан депутат сөзін тағамтану академиясының мамандары құптады. Әрі, зиянын жан-жақты талдап берді. Бірақ құқық қорғау органдарына сілтеме жасап айтқан мәліметті қалалық полиция қызметкерлері жоққа шығарды. Олар ішімдік ішіп, есірткі қабылдағандардың қылмыс жасайтындары  рас, ал энергетикалық сусынның әсерінен тәртіп бұзыпты деген ақылға сыйымсыз деп отыр. Дей тұрғанмен, тағамтану академиясындағы білікті мамандар энергетикалық сусындардың жарнамасын азайтып, бейнелеп айтқанда, адам оқи алмайтын кішкентай шрифтермен жазылуы керек дейді. Ал өмірде керісінше, сусындардың денсаулыққа залалы туралы олардың құтысындағы ақпаратты лупа - әріп үлкейткішпен де оқи алмайсың.

Олжас Нұржақып «Біздің уақыт».