Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

«Мүдде» деген корпоративті лобби емес. Алаш автономиясына 100 жыл!

AstanaTV
16.12.2017ж. 20:00
4238
«Мүдде» деген корпоративті лобби емес. Алаш автономиясына 100 жыл!

Алаш автономиясының жарияланғанына 100 жыл. Жыл басында жоспарланған шаралардың бәрі өтті ме? Мысалы, парламенттік тыңдау өтпеді. Әрине, жиналыстардың берері шамалы. Бірақ жоғары биліктің мән бергенінен де байқалатын нәрселер бар ғой. Сол, айтпағымыз. Белгілі ғалым Айгүл Ісмақова былай деді – тарихтың осы уақытын терең таразыламасақ, Тәуелсіздіктің қадірін түйсінбейтін дым білмес ұрпақ өсіреміз. Иә, «мүдде» деген корпоративті лобби емес. Ришат Асқарбекұлының материалы.

Осы аптада тәуелсіздік мерекесі әйгілі Алшорда автономиялық республикасының құрылғанына 100 жыл толуымен тұспа тұс келді. Осыдан бір ғасыр бұрын 1917 жылы желтоқсаның 13-і күні Орынборда Екінші жалпықазақ құрылтайы аяқталып, "Алаш" автономиясын жариялау туралы қаулы қабылданды. Ал одан екі апта бұрын Түркістан автономиясы жарияланған болатын. Көп ұзамай Батыс Қазақстандағы Жымпитыда «Батыс Алашорда» өз алдына отау тікті.

Сұлтан-Хан Аққұлы, алаштанушы:

Биыл біз тойлап келгеніміз, Алаш автономиялық республикасының 100 жылдығы. Алашорда үкіметі емес. Себебі ол Алашорда авономиясының жоғарғы атқарушы билігі. Қазіргі тілмен айтқанда Алаш автономиясының үкіметі. Оның аты - Алашорда.

Қазақстан тарихшылары құрылтайда қабылданған құжаттарды саралап, 1917 жылдың 13 желтоқсанын "Алашорда автономиясының құрылып, үкіметінің жасақталған күні" деп есептейді. Қазіргі тарихшылар арсында «автономиялық мемлекет құрылды ма?» деген мәселеде пікірлер қайшылығы кездеседі. Мысалы, Мәмбет Қойгелді Орынбордағы бүкілқазақ құрылынтайда Әлихан Бөкейханов бастаған топ автономиялық мемлекет жариялауға асықпауға шақырған және оны белгісіз кезеңге шегерген дейді. Ал алаш зерттеушісі Сұлтанхан Аққұлы Алашорда мемлекеті сол күні өмірге келді деп есептейді.

Мәмбет Қойгелді, алаштанушы ғалым:

Мәселе мынада - сол кездегі Семейде Алашорда үкіметінің орталығы болды. Сонымен мына Жымпитыдағы батыс Алашорда үкіметі арасында байланыс үзіліп қалды. Өйткені оның арасында ақтар, қызылдар әскері болды. Жол жабық тұрды.

Сұлтан-Хан Аққұлы, алаштанушы:

Кенесары хан қаза болып, қазақ хандығы біржола тарих сахнасынан кеткеннен кейін арада 70 жыл өткенде қазақтың мемлекетігінің іргетасы қайта қаланған күн. Қазіргі заманға қазақ мемлекетінің іргетасының қаланған күні. Алаш автономиясының дүниеге келген күні осы, 13-желтоқсан.

Елең-алаң кезеңде қазақ оқығандары саяси жағдайға байланысты мүмкіндігі жеткенінше қазақ халқының мемлекеттілігін қалпына келтіруге тырысты. Зиялылардың идеясы бірігу, ұлт ретінде жеке дара мемлекет болу, оны "Алаш" қозғалысы арқылы қалың ұйқыда жатқан халықтың санасына жеткізу еді. Ресейдің ішінде аласапыран болып жатқанда, қазақ ұлдарыныкі етек-жеңді қарусыз-ақ қымтап алу әрекеті болатын.

Айгүл Ісмақова, филология ғылымдарының докторы, әдебиеттанушы:

Алаш орда автономиясы, Алаш партиясы Ленинмен жеке достығын пайдаланған Әлихан Бөкейхановтың арқасында шекараны бекітіп алуды неге басты мақсат етіп санады. Жаяу жүрген Алаш үкіметі мүшелерінің  Алаш автономиясын көздеген, құқықтары бар еді. Әйтпесе Сталин көшеде жүрген Бөкейхановпен неге сөйлеседі, Қазақ үкіметі осылай абыройлы болмаса.

Сұлтан-Хан Аққұлы, алаштанушы:

13-желтоқсанда жиналған жиын съезд емес Жалпықазақ құрылтайы болатын. Ол құрылтайдың құзіреті мықты болды. Өйткені 1917 жылы 12-18 қараша аралығында Қазақ даласында Бүкілресейлік құрылтай съезіне сайлау болды. Сол сайлауда қазақ арасынан сайланған 43 депутаттың барлығы жаңағы Жалпықазақ құрылтайына түгел келіп қатысты. Ол өте құзырлы болды, халықтың тілегін, жеткізді. Халықтың мұңын тыңдады, санасты.

Ұлт алдындағы өз мисиясын адал атқарған қазақ зиялылары туралы 1980 жылдардың соңына қарай ғана ашық зерттеле бастады. Бірақ дәл қазіргі мүмкіндікті пайдаланып, оның ақтаңдақ беттерін әлі де ақтара түсуге қандай кедергілер бар?!

Болат Мүрсәлім, «Алашорда» жинағын құрастырушы, журналист: «Алашорданың" 100 жылдығын қоғам атап өтті. Қал-қадірінше, үздік-создық, шашау болса да. Бірақ мемлекет Астанада аса жоғарғы салтанатпен бірде-бір жиын өткізген жоқ. Өйткені бүгінгі ресми билік "Алашорданы" білсе де, білгісі келмейді, көз жұмады. Биыл біз архивтерді ашып, 1917 жылғы қилы заманның толық шындығын жариялауымыз, тануымыз, жалпыұлттық талқылау өткізуіміз керек еді. "Алашорда" нені дұрыс істеді, неден қателесті?" деген сұраққа анық, ашық жауап беруіміз керек еді. Соның бірін де жасай алмадық. Биыл әр қазақтың мойнында өтелмеген қарыз кетті ғой деп ойлаймын.»

Сұлтан-Хан Аққұлы, алаштанушы:

Әртүрлі деңгейде атап өтілсе де, бұл кеше және бүгінгі күн ол мемлекеттік, ұлттық деңгейде ерекше тойланып өтуге тиіс болатын. Бірақ оны біз байқамай отырмыз. Қазір байқасаңыз, ұлттық кітапханада жәй бір дөңгелек үстел күйінде ғана өткізіп отырмыз. Сондықтан бұған айтарым да, қосарым да жоқ.

Айман Байсалова - Ахмет Байтұрсынұлының жиен немересі. Шолпан Ахметқызынан туған. Айман апа қазір 82 жасқа келді. Өмір бойы дәрігер болып еңбек еткен ол, Ахмет Байтұрсынұлының жиені екенін, тек 1991 жылы білгенін есіне алды. Торғай жеріне, Ахмет Байтұрсыновқа арналған асқа кетіп бара жатқанда, өзінің  Алаштың ардақтысының немересі екенін естіген.  

Айман Байсалова, А. Байтұрсынұлының немересі:

Атам, осы музейде бәріміз тұрдық қазіргі Алматыдағы. 1934 жылдан 40-жылға дейін тұрдық осында. Сонда атам түрмеден қайтқанда сол үйге келген. Мен бір жас 8 ай болыппын. Менімен ойнапты. Иығына отырғызып, еркелетіп. Анам айтқан... Біз алты кісі турға барып келдік. Алматы-Арқалық-Торғай-Астана-Алматы. Осы төрт қалаға. Алаш қайраткерлері жүрген жерлерді, музейлерді аралап келдік. Жақсы өтіп жатыр. Барлық жерде. Алаш, Алаш!- деп...

Алаш, Алаш деп ұрандатып, еркіндікке ұмтылатын кезең артта қалды. Сол бабалар аңсаған азаттыққа уақыт өзі жетелеп әкелді. Ал қазіргі ұрпақтың миссиясы қандай болуы керек?!

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

"Алаштың" жүз жылдығы ғана емес, көптеген шаралар маусымдық нәрселермен өтіп кетеді. Түбегейлі қарауға кейде, шынын айту керек, біздің деңгейіміз де жетпей қалып жатады, депті, Бекболат Тілеухан бір сұқбатында. Елдің есінде не қалады, жақсы жазылған кітап қалады, елдің есінде не қалады, жақсы шыққан кино қалады. Қалғанының бәрі өткінші нәрсе. Бес-алты концерт өткізіп, бес-алты адаммен кездесу өткізіп ұрпақты пайдалы нәрсеге шығара алмайсың, - деп түйіндейді ойын.

Айгүл Ісмақова, филология ғылымдарының докторы, әдебиеттанушы:

Тәуелсіздіктің қадірін білу керек. Ол қандай қиындықпен келгені. Қазаққа қызмет ету ол бір тек лауазымға ие болу емес. Әлихан, Міржақып, Ахметтер бастаған қазақтың тұңғыш саяси элитасы атақ алмай, тойып тамақ ішпей, ешқандай лауазым-рахат көрмей, түрмемен екі ортада жүріп, Ресей патшалығы, сосын Кеңес үкіметімен алысып жүріп, қазақ елінің мүддесін қорғаған. Осыны есте сақтау керек.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

1847 жылы біржола тарих сахнасынан кеткен Қазақ хандығының орнына, тіпті оның үйіндісінің үстіне десе де болады, Алаш қайраткерлері қарусыз-ақ өз білімімен, өз парасатымен халықтың ұлтық сана-сезімін оята алып, бейбіт жолмен қазіргі қазақ мемлекетінің шекарасын кейін империяның құрамында қалса да, көрсетіп кеткен дегенді ешкімнің терістей алмайтыны ақиқат. 

Ришат Асқарбекұлы «Біздің уақыт».