Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

400-дей бала қақтығыс аймақтарында жүр

AstanaTV
12.12.2017ж. 20:00
2715
400-дей бала қақтығыс аймақтарында жүр

Қазақстаннан барған 400-дей бала Сирия мен Ирактағы қақтығыс аймақтарында жүр. Бұл туралы Сенатта өткен Халықаралық қауіпсіздік және қорғаныс комитетінің отырысында айтылды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы орынбасарының сөзінше, оларды елге қайтару мақсатында түрлі шаралар қолға алынған. Ал ондағы ер азаматтар негізінен содырлар қатарында ұрыс алаңында жүрген көрінеді. Тақырыпты Дәуренбек Бақдәулет тарқатады.

Сенат қабырғасында айтылған сандар адам шошырлық. Ресми ақпаратқа сүйенсек, 2011-ші жылдан бері 200-ден астам қазақстандық лаңкестер қатарында жүріп, жет жердегі ұрыс алаңдарында көз жұмған. 400-ге жуық отандасымыз Сирия мен Иракта жүр. Адасқандардың қатарында 400-ге жуық кәмелетке толмаған бала бар. Оның 63-і елге қайтарылған. Тағы 50-і жақын арада келеді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері, адасқандарың нақты саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін, деп болжайды.

Нұрғали Білісбеков, ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары:

Елде діни дүрдараздық туғызуға ниетті, адасқан ағым өкілдерінің идеологиясын Қазақстанда насихаттағысы келетіндерді жақсы білеміз. Олардың қай жерде жүргені де бізге мәлім. Бірақ, жағдай күнде өзгеріп жатқандақытан, әйелдері мен балаларының қай өңірде жүргендерін дөп басып айта алмаймыз. Дегенмен сенімді дереккөздер арқылы анықтауға тырысып жатырмыз. 

Білісбековтың сөзінше, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес бойынша қабылданған заң нәтижесін беріп келеді. Биыл құзырлы органдар 11 терактінің алдын алды. Экстремистік ағымдарды насихаттаушылардың біразы жазаға тартылған. Рұқсат етілмеген діни оқу орындарында тәлім алатындардың саны да азайып келеді. Бірақ, әзірге террорлық-экстремистік әрекеті үшін азаматтығынан айырылған ешкім жоқ.

Нұрғали Білісбеков, ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары:

Ұрыс аймақтарында жүргендерге азаматтықтың қажеті де шамалы. Дегенмен егер елге өз еркімен келгісі келеді деген ақпарат болса, яғни жасырынып дегендей, онда азаматтығынан айыру механизмін қолданатын боламыз.

Құқық қорғаушылар қару-жарақ сататын дүкендерге қатысты нормалардың толық қолданылмай келе жатқанына тоқталды. Жаңа тәртіпке сай, олар көп қабатты үйлерде орналаспауы тиіс. Қазір елде 103 қару-жарақ сататын дүкен бар. Басым көпшілігі ережеге сай емес.

Атығай Арыстанов, ҚР ІІМ экстремизмге қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы:

Оның 35-і сәйкес келеді, 68 сәйкес келмейді. Күндіз-түні сол жерде бейнебақылау болуы керек, сосын дабыл баспасы болу керек. Сондай жұмыстар істелу керек. Осыны жасау үшін оларға уақыт берілді.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Шенділердің сөзінше, экстремизмге қарсы күрес әлі де күшейетін болады. Қазірдің өзінде қалалардың басым көбінде бейнебақылау көбейтілген. Террорлық әрекетпен сотталғандарға күн сайын психологиялық көмек көрсетіледі. Алдағы уақытта бетті толық тұмшалайтын киімдерге де тиым салу нормасын енгізу қаралып жатыр.