Негізгі / Жаңалықтар / Жыл да аяқталды... Еліміз үшін басты дерлік оқиға - EXPO-2017 көрмесі.

Жыл да аяқталды... Еліміз үшін басты дерлік оқиға - EXPO-2017 көрмесі.

Сонымен, жылдың аяқталуына сәл қалды. Барлығын түгендей алмаймыз, дегенмен кейбір тақырыптарды шолып шықсақ. Әлемде де, елімізде де елеңдеткен, алаңдатқан, ойлантқан, күлімсіреткен, ашу шақырған, «ммм» дегізген, әйтеуір бейжай қалдырмайтын оқиға көп болды. Кейбір тенденциялар айқындала түсті... Каталония Испаниядан бөлінеміз деп референдум өткізіп, оны Мадрид мойындамай, жергілікті сайлау ұйымдастырған дербестікті жақтайтын партиялардың тағы да жеңіп шыққаны, ДАИШ-ті Ресейдің «күйреттік» деп мәлімдегені, Солтүстік Кореяның қайта-қайта зымыран ұшырып, әлемнің «жүйкесін жұқартқаны», Сауд Арабиясында тақ мұрагерінің көзқарасына сай өзгерістер – миллиардерлердің тұтқындалуы, Ресей мен АҚШ қарым-қатынасының жақсармағаны, тағысын тағылар. Ал бізде... Бізде түрлі САММИТ-тер, Сирияға байланысты Астана процесінің 8 раунды және ЭКСПО халықаралық көрмесі өтті. Елдің бәрі көз тіккен көрмеге орай қандай пікірлер айтылып, қандай пайым жасалғанын... қайталап, уақыт жоғалтпайық. Түйіні:

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мұнда халықаралық қаржы орталығы құрылады. Қазақстандықтар  әзірге биржамен, акциямен жұмыс істеуді білмейді. Америкалықтардың 70 пайызы акцияның арқасында қосымша табыс тауып отыр. Қазақстандықтарды акцияға ақша салуды, осы арқылы баюды үйретеміз. Сонымен бірге жасыл технологиялар орталығы, старт-ап өндірісі орталығы мен IT компаниялар келесі жылдан бастап жұмыс істейтін болады.

Аздап сезімге ерік берсек, қаншама қазақстандық Астанаға келіп, ерекшені тамашалап, жақсы бір көңіл-күйге бөленді. Мына сурет тіпті елжіретеді - ЭКСПО көрмесін аралауға бара жатқан ата мен әже! Оларға қарап, өзіңнен өзің қуанасың... Тағы бір айтқым келетіні – мыңдаған мектеп баласы кеудесіне арман отын жағып кетті – жаңа технологиялардың не екенін көріп, неге маңызды екенін ұғып және неге ұмтылу керектігін сезіп! Мен үшін мағынасы осы.