Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×
Реклама на сайте

Жаңа жыл қарсаңында жұрт жақындарына ерекше сыйлық жасауға тырысады

AstanaTV
28.12.2017ж. 20:00
9506
Жаңа жыл қарсаңында жұрт жақындарына ерекше сыйлық жасауға тырысады

Жаңа жыл қарсаңында жұрт туыстары мен достарына ерекше сыйлықтар жасауға тырысады. Сондай-ақ отбасылық мерекеде мол дастархан жайып, қонақ күтетіндер де бар. Бұл күндері сауда орындарының жұмысы ерекше қызады. Сатушылар тауарларының жақсы өткеніне құлшынып, күні-түні тынымсыз саудасын жүргізуге көшкен.  Жалпы мереке қарсаңында ел қандай заттарды көптеп сатып алып жатыр екен? Біздің тілшілеріміз дүкендер мен базарларды аралап қайтқан еді. Алдымен астаналық әріптесім Диана Сапарқызына сөз беремін. Диана, елорда халқының қандай тауарларға сұранысы жоғары?

Диана Сапарқызы, тілші:

Кеш жарық, Ләйла! Астаналықтар жаңа жылды жақсылап қарсы алуға қызу дайындалып жатыр. Тіпті кейбірі мерекелік дастарханға ұлттық тағамымыз Наурыз көжені арнайы әзірлейді екен. Елорда тұрғыны Гүлман Үмбетова көже пісіруге қажетті азықтарды сатып алуға кірісіп кетті. Отбасымызбен жаңа жылды халал тағамдармен қарсы аламыз дейді.

Гүлман Үмбетова, тұрғын:

Наурыз көжеде қосып дайындаймыз. Өйткені біздің қазағымызға дәстүрге айналып келе жатыр. Наурызда да ол ерекше болады. Жаңа жылда да ет-шелпегімізді пісіріп, құрт-майымызды қойып. Арақ шарап болмайды. 

Астананың сауда орындарына күн сайын мыңдаған адам келіп, мерекелік дастарханға қоятын тағамдарды сатып алып жатыр. Көпшілігі үстелді жайнатып, етті асып, қонақ күтетінін айтады. Ал сатушылар жыл сайын жаңа жылға қарай негізінен көкөніс пен жеміс саудасының жақсы жүретініне үйренген. Мереке қарсаңында бұл өнімдерге сұраныс көп дейді

Киви, ананас алады. Банан алады. Барлық жемістердің бәрін алады дастарханға қоюға.

Сонымен бірге  шыршаға тағатын ойыншықтарының саудасы  қызып тұр. Ал, жаңа жылға орай безендіріліп, әр үйге сән беретін мерекелік шыршалардың бағасы 5 мыңнан басталады.

Диана Сапарқызы, тілші:

Астанада шырша ойыншықтарына тіпті интернет арқылы тапсырыс беруге болады. Кейбір дүкендер тәулігіне 24 сағат жұмыс істеуге көшкен. Бізде жағдай әзірге осындай, ал батыс жұрты жаңа жылға қалай дайындалып жатыр екен? Мұны білу үшін, оралдық әріптесіме сөз кезегін беремін, Еркін, келе жатқан жаңа жыл құтты болсын. Жерлестеріңіздің мерекені қарсы алуға әзірлігі қандай

Еркін Карин, тілші:

Рахмет, Диана, Жаңа жыл жақындаған сайын Оралда да қарбалас күшейді. Көшелер көлікке, ал сауда орындары адамға толы. Бәрі де мерекенің қамымен жүр. Ал сауданың көрігін қыздырған базар саудагерлері тауарының жақсы сатылып жатқанын айтады.

Қайыржан Арыстанғалиев, саудагер:

Сауда желтоқсанның ортасынан бастап, қазірге дейін жақсы жүріп келеді. Халық ойыншықтарды, гирляндаларды жақсы алады. Бізде дүкендерге қарағанда арзан келеді. Брелоктар, магнитиктер көп келіп жатыр ит жылына байланысты.

Роза Орал, қаласының тұрғыны:

Сыйлықты немерелерімізге, бауырларымызға, тума-туысқандарымызға алып жатырмыз. Наурызды да жақсы тойлаймыз, жаңа жылды да жақсы тойлаймыз. 

Қазір Оралда күн күрт жылынып, көшелерді көлкіген су басты. Аяғы малмандай болса да, мәз-мейрам тұрғындар оған мән берер емес. Өйткені базаршы қауымды бүгін Аяз Ата мен Ақшақар арнайы келіп құттықтап, қуантты.

Қала тұрғындарын, базарға келген қонақтарымыздың бәрін құттықтап, осылай шығып жатырмыз. Жаңа жыл құтты болсын! Саудаларыңыз сәтті болсын! 

Еркін Карин, тілші:

Әдетте мұндай күндері полиция мен төтеншеліктер тыным таппайды. Сақшылар тәртіпсіздікпен күрессе, төтенше жағдайлар қызметі пиротехникалық жарылғыш заттарды заңсыз сатқандарды анықтайды. Өйткені жарылғыш заттар мерекенің шырқын бұзуы мүмкін. Сондықтан той тойлағанда, қауіпсіздікті де ұмытпаған абзал, дейді мамандар. Ал Павлодарда ахуал қалай екен? Әсемгүл, сөз кезегі өзіңізде.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Иа, Еркін, жаңа жылға санаулы күндер қалды. Сәйкесінше, әр үйде қарбалас басталды. Бірі - мерекелік дастарханды әзірлеп, азық-түлік сатып алса, енді бір топ - сыйлықтар іздеуге кіріскен.

Сатушылардың айтуынша, тарту-таралғыға келгенде керекуліктер аянбайтын көрінеді. Сыйлықтар кішігірім базарлықтан басталып, тапсырыспен дайындалатын ірі композиция болуы мүмкін. Тұрғындар жақындарына ерекше кәде жасауға тырысады.

Светлана Дорбенян, сатушы:

Жаңа жылдың алдында сыйлыққа не болмаса үйіне тірі дат шыршасынан жасалған жаңа жылдық композицияларды сатып алып жатады. Мәселен, мынандай шыршалар. Сондай-ақ, бізде шырша мен ойыншықтармен безендірілген гүл шоқтары бар. Мұндай сыйлыққа тұрғындар көп тапсырыс береді. 

Бұл күндері дүкен сөрелері түрлі мерекелік сыйлықтарға лық толы. Дегенмен, тұрғындар арнайы іздейтін заттар да бар. Соның бірі - караоке микрофондары. Саудагерлер олардың күніне 10 шақты данасын сатылады. Жаңа жыл қарсаңында саудасы қызатын тағы бір тауар - мейджик трек. Құрастырма жолдан зымыраған көліктер кез келген баланы қуантары анық.

Негізі мен керек заттарды сыйлағанды қатты ұнатамын. Солай аламын керек-жарақтарын. Қызыма пижама алдым, жолдасыма портмоне алдым. 

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Туыс-туғандарға мерекелік тарту-таралғы жасау - заңдылық. Дегенмен, басты кәде - көтеріңкі көңіл-күй екені анық. Сондықтан не сыйласақ та шынайы ниетімізбен бергеніміз маңыздырақ. Павлодар халқының бүгінгі әзірлігі осылай. Ләйла.

Рақмет, әріптестер. Еске салайық, аймақтардағы тілшілеріміз мереке алдындағы қарбалас тіршілікті баяндап берді.