Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 4 мемлекеттің елшісінен сенім грамоталарын қабылдады

AstanaTV
10.01.2018ж. 20:00
4530
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 4 мемлекеттің елшісінен сенім грамоталарын қабылдады

Қазақстан ядролық қаруды таратпау режимін нығайтуға байланысты ғаламдық жұмыстың алдыңғы қатарында бола береді. Ақордада төрт елдің елшісінен сенім грамоталарын қабылдаған Елбасы осылай деді. Қазақстанның БҰҰ-ы Қауіпсіздік кеңесіне төрағалығына орай, жаппай қырып жоятын қаруды таратпау сенім шаралары атты брифингке қатысатынын еске салды.

Мемлекет басшысына Қазақстандағы Швед Корольдігінің төтенше және өкілетті елшісі, Куба мен Үндістанның, және Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландияның елшілері сенім грамоталарын тапсырды. Президент елшілерді дипломатиялық миссияларының ресми басталуымен құттықтады. Сирия шиленісін реттеуге арналған Астана процесі өткен жылы маңызды саяси оқиғалардың біріне айналғанын айтты. Астана форумының табыстылығын бүкіл әлем мойындады, дей келе, Қазақстан халықаралық аренада белсенді позиция ұстануды жалғастыра беретінін еске салды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жауапты әрі мәртебелі миссияларыңыз елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты жан-жақты дамытуға серпін тигізеді деп сенемін Қазақстанның халықаралық аренадағы белсенді позиция ұстануы дәстүрге айналды. Бұл бізге ең өзекті деген жаһандық және өңірлік проблемаларды шешуге мүмкіндік береді. Соның ішінде тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту мәселелерін өркениеттер диалогын ілгерілетуге ерекше үлес қосуға жағдай жасайды.