Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Алматыда тағы бір автотұрақ сүрілетін болды

AstanaTV
11.01.2018ж. 20:00
3427
Алматыда тағы бір автотұрақ сүрілетін болды

Алматыда тағы да автотұрақ дауы. Күзде қала билігінің араласуымен «Орбита» ықшам ауданындағы 400 көлікке арналған тұрақ жермен жексен болған еді. Енді шаһар орталығындағы "Кеңес заманынан" бері тұрған автотұраққа тықыр таянды. Тұрғындар ауладан онсыз да көлік қоярға жер таппай жүргенде, жағдайды бұлай ушықтырмауды сұрайды. Ал жер қатынастары басқармасы қызыл сызыққа салынған нысанды сүруге бекініп отыр.

Алматыда көп қабатты үйлердің ауласында иін тірескен көліктерден адым ашу мүмкін емес. Енді Мұқанов пен Бөгенбай батыр көшелерінің қилысындағы тұрғындар да осындай күй кешуі мүмкін. 30 жылдай уақыт бұрын салынған мына автотұрақ жақында сүріледі. Тұрақ орналасқан 2 гектар жерді босату туралы шешім бар. 

120 автокөлікке арналған автотұрақ сот шешіміне сай 17 қаңтарда сүрілуі мүмкін. Себебі жеке сот орындаушылары мынандай құлақтандыру іліп үлгеріпті. Тұрғындар одан кейін жүздеген көлікті балалар алаңы мен онсыз да тарылған аулаларға қалай қоямыз деп алаңдаулы.

Көлік иелері өзара кооператив құрып, ай сайын әр темір тұлпар үшін 5 мың теңгеден төлеп келген. Ортадан сайланған төраға жалға алу құнын, электр қуаты мен күзетін бақылап отырыпты. Бірнеше жылдан бері қала билігімен соттасқан тұрғындар, жер қатынастары басқармасы жалған құжат жасау арқылы жерді тартып алмақшы деп күдіктенеді.

Жұмабай Балдыбек, «Алтын дән» кооперативінің мүшесі:

Келіп жаңағы жер комитетінің өтірік шешімін шығарып отырған, соған сүйеніп қаулы шағырған. Содан оның негізінде бізді қайта-қайта сотқа беріп, міне қазір 7 жыл болды соттасып жүргенімізге.

Сергей Архипкин,  «Алтын дән» кооперативінің мүшесі:

Осыған дейін бір жерде ретпен тұратын көліктер енді көшелердің бойында, одан қалды аула-ауланы кезіп, орын іздеп жүретін болады. Мүлкімізге қауіп төне ме деп те алаңдаймыз. Оны ойлап жатқан ешкім жоқ.

Қалалық жер қатынастары басқармасы бас жоспарға сәйкес бұл жер саябаққа айналады деп сендірді. «Есентай» өзеніне жақын орналасқан автотұрақ жер туралы кодекс негізінде су қорғау аймағынан аластатылмақ.

Нұрлан Құлмолдинов, Алматы қаласы жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:

Су қорғау аймағында автостоянкалар болмауы керек. Сондықтан жер комиссиясы бас тарту туралы шешім шығарып, содан біз сотқа бергенбіз. Бұл автостоянка бұзылуы керек. Сот шешімі шықты. Қазіргі таңда сот орындаушылары айналысып жатыр. Ол жер парк болып қалады

Басқармасының мәліметінше, соңғы 10 жылда Алматыда осындай 20-дан астам автотұрақ жойылған. Босатылған жер телімдерінің дені тұрғын үйлер мен коммерциялық нысандар салуға берілген. Ал тұрғындар 17-ші қаңтарда болатын сүру шарасына қарсы қол жинап жатыр.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ