Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Сыни көзқарас. Озық ойлы оқушыға «ескі» мұғалім сабақ бере алмайды!

AstanaTV
13.01.2018ж. 20:00
5431
Сыни көзқарас. Озық ойлы оқушыға «ескі» мұғалім сабақ бере алмайды!

Білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын 2018 жылдың 1- қаңтарынан бастап 30 процентке көбейтейін деп жатыр. Жаңартылған мазмұн дегені – халықаралық стандарттарға сай келетін және Назарбаев зияткерлік мектептерінде бейімделуден өткен заманауи оқу бағдарламалары.
«Сапалы бағдарламамен жұмыс істейтін мұғалім біздің балаларымызға қажетті функционалдық сауаттылық пен сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дарытады» деген мағынадағы пайымға «әйтеуір біз де сыни тұрғыдан ойлаудан қаша алмайтынымызды түсінетін болдық» дейсің. Себебі қоғамның дамуына ықпал ететін дүниенің бірі сол, сыни көзқарас. «Сын» дегенде қазір біз көріп жүрген ұсақ-түйекті сынау немесе болмайтынды жамандау емес. Күн тәртібіндегі мәселелердің шешілуіне, басымдықтардың қойылу ретіне, бағыт пен даму деңгейіне байланысты аргументті сұрақ қоя алу. Және әркімнің өзінен де «жауап алуы». Иә, қазіргі заман балалары біз сияқты томаға тұйық емес. Бірақ ми мен сана «сапасын» өсіру мүмкіндігін мемлекет, қоғамның барлық мүшесіне беруі керек. Ауыл баласына да. Оларға бағыт сілтейтін негізінен мұғалім.

Гаухар Алдамбергенова, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры:

Әр адам өз ісінің фанаты болса, ақшаға да, басқаға да қарамай, сол жұмысты сүйіп, нәтиже алсам деп қарасам, біздің ел дамыған республикаға айналамыз... Біліктілік курстарынан өтіп жатса, айлықтарын 30-50 пайызға көтереміз деді. Ол не? Ол мотивация. Бұл уақыт талабы. Себебі қазіргі балалар жай отырмайды. Бір тақырыпты алайықшы. Ол тек кітаптан ғана қарамайды. Ақпараттық желілерден алады. Дамыған балаға ескіше келген мұғалім сабақ бере алмайды. Міндетті түрде сол балаға жауап беретін, одан жоғары мұғалім кіру керек, аудиторияға. 

Лановенко Наталья, халықаралық мектеп-лицей мұғалімі:

Негізі, сыни ойлау деген біздің жүйеге енгелі 20 жыл болды. Бірақ біздер, сабақ беріп жүрген мұғалімдер, бұл үрдіс әрбір мектепте бар дей алмаймыз. Неге? Бір жағынан «қызық», өйткені сыни ойлау оқушыларға тек пайдалы дүние. Себебі позицияңды логикалық тұрғыдан дәл нықтауға көмектеседі, соның арқасында балалар топта ынтамен жұмыс істейді. Талантын, қабілетін көрсете алады. Ең бастысы, өз білімін шын бағалауға жәрдемдеседі. Төмен бағаға ренжімейді. Өзінің қасиеттерін ашуға тырысады. Ал оның жолдары өте көп. Негізі, қазір ақпарат ұшан-теңіз. Бірақ балаға соның бәрін тықпалап, бәрін біл деуге болмайды. Материалдарды барынша игеруге талап қою, үлгерімі төмендеу баланы одан сайын басады. Сондықтан мұғалімнің міндеті - бәріне қызық болатын тапсырма беруі. Мықты оқушы мен әлсіздеу оқушыға әр түрлі міндет қою керек шығар деп ойлаймын. Ал жеңістің дәмін татқан әрбір оқушы одан әрі қанаттана түсетіні анық. Өзін тыңдайтынын көрген бала, өсуге ұмтылмақ!