Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Жағымсыз мінез көрсеткен жарымызға көркем түрде түсіндіру». Бір уағызға байланысты пікірталасқа орай.

AstanaTV
13.01.2018ж. 20:00
4127
Жағымсыз мінез көрсеткен жарымызға көркем түрде түсіндіру». Бір уағызға байланысты пікірталасқа орай.

Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс. Жолдауда айтылған мұндай адамдар қоғамына ұмтылыс, қадамдар қандай? Біржақты жауап беру қиын. Себебі менталды жағынан әр түрлі полюстегі қоғамдағы жағдай әрине, ала-құла.

Әлеуметтік желіде видеосы тараған «әйелді денесіне жарақат салмай ұруға болатыны» туралы уағыз жайында. Уағыз айтып отырған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан құрылған Республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі болған, қазір Алматыдағы "Нұр Мүбəрак" университетінде қызмет істейтін Ризабек Батталұлы деп жазды, қолданушылар.   

Бейнероликте «жарақаттап, дене мүшесінің бір жерін сындырып алмайтын деңгейде әйелді ұруға шариғатта рұқсат етілгені» айтылады.

Осылай дей келе уағызшы, жамағатты әйел затын ұруға шақырып отырмағанын, «олай істеу әлсіз еркектің әрекеті» екенін ескертеді. «Ең мықты ер – ұрып-соқпай өзін сыйлата білген адам»,- деді ол.

Контекстен ешнәрсені жұлып алып тұрған жоқпыз. Ал көрген жұрттың көбісі сынады. Бір мысал, 85-тегі Әбдіхалық Айдүйсенов былай деді:

Әбдіхалық Айдүйсенов, Шымкент қаласының тұрғыны:

Пайғамбарымыздың \с.ғ.с\ хадистері бар : «Өзіңнің өмірлік жолдасыңды, әйеліңді сыйла дейді. Мысалы, ол балаңның сенің бала-шағаңның  анасы дейді, сені өмірлік  жолдасың»,-дейді. Мен осы хадисте, пайғамбардың хадисінде осыны оқығам. Ал жаңағыдай нәрсені мен оқыған жоқпын, оны көрген де жоқпын.

-Қандай нәрсе ?

-жаңағы өздерің айтқан ... ұрып-соғу ... оны мен оқыған жоқпын. 

-өзіңіз де қол көтермегенсіз апама?

-Жоқ, ол болмайды.

-Жалпы әйел баласын болсын, мейлі жалпы  адамды ұрып тәрбиелеу деген  дұрыс нәрсе емес. Ол ақыл иесі. Оның ақылы бар. Сол ақылмен соны түсіндіріп айту керек. Менің көзқарасым осы. Оны ұрып тәрбиелеу болмайды.

 «Бетінен қалқып алмай, түбіне үңілу керек» деп, ақтайтындар да бар:

Нұржан Жотабаев, Шымкент қаласының тұрғыны:

-Ризабектің айтқанын бетін қалқып алмай, түбіне үңілу керек негізі...

Сөздің түйіні былай болса керек:

Оразалы Кенжебеков, қоғам белсендісі:

Әйелге деген құрмет Ислам дінінде өте жоғары болған. Керек десеңіз әйел адам жұмысқа барып, табыс табатын болса ол табыстан еркек адам ақшаны талап етуге де құқығы жоқ. Ол тапқан қаражаты әйелдің өзіне тиесілі болып саналады. Сондай құрмет... қай жерде көрдіңіз әйелге деген сондай құрметті... Сауатына қарай ғой, сауатына қарай. Кейбір адам сауаты сәл төменірек болады. Ол соны көреді де «имам осыны айтты» дейді де,басқа нәрсені қабылдамайды. Барады да, соны қолданады. Ол жаңылыс.

- Сондықтан имамдар мұқият болу керек. Осындай айтылған сөздерінің өзіне мұқият қарау керек. Алдағы отырған жамағаттың деңгейі әртүрлі екенін соны ескерек білуі керек. Соны қарау керек. Ол үлкен бір ғалым адамдардың арасында, университет бітіргендердің арасында отырсаң, онда бір аятты талқылап, бір сөзді талқыласаң болады. Ал қарапайым бір қызметкер, ауылдың мал шаруашылығымен, егін шаруашылығымен айналысып жатқан адамға оған соның деңгейіндегі сөз айту керек. Оның сана сезімі қабылдай алатын. Болады, болмайды деп тіке түсінетін адамдар болады. Сондықтан сондай сөзге мұқият қарау керек енді деп ойлаймын.

Марат Тоқашбаев, журналист-жазушы:

Жақсы отбасы – жанып тұрған шам сияқты. Оның жарығы барлық айналасына түседі... Міндетті түрде әйелді сабап алу керек деген қағида ол да дұрыс емес. Ол әйелдің ақыл парасатына да байланысты. Ақылды, парасатты әйелдер күйеуінің абыройын қорғап, ағайын-туыстың алдына сол отбасының мәртебесін жоғарылатып, сондай рахат күйге түсірер еді. Жақсы әйел еркек үшін жердегі жәннатпен бірдей, жаман әйел еркек үшін жер бетіндегі тозақпен бірдей деген. Кейде әйелі жақсы болғанмен, кейде өзін ұстай алмайтын, түнімен құмар ойнайтын, ішкілікке салынатын, соны өзінің бір серілігі, өзінің бір жеткен «биігі» деп қарайтын ұғымдар бар. Мұның бәрі бірақ қате. Адам үшін отбасынан артық қымбат құндылық жоқ.

Ер азаматтар алдымен өзін түзеу керек. М.Әуезовтің сөзі бар ғой, «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дейтін. Сол сөзге мен өз тарапымнан мынадай сөздер қосып айтамын. Ел боламын десең, бесігіңді түзе, бесігіңді түзеу үшін әйелді түзе, әйелді түзеу үшін ер азаматтар өзіңді түзе. Яғни әйелдің тілін шығарса, оның жаман мінездерін көрсе, ең алдымен жігіттердің өздері кінәлі көп жағдайда. Соған дұрыс имандылық бағыт-бағдар бере алмағандығы, ортақ құндылықтар қалыптастыра алмағандығы, өзінің нашар әрекеттерімен әйелдің көңілін суытатын жағдайлар болады. Тіпті көп жағдайда ер азаматтар кінәлі болмаса да, отбасының ертеңі үшін бала шағасының бақытты болуы үшін кейде кінәсі болмаса да, кешірім сұрай салғанның артықтығы жоқ. Бұл тек қана жұбайларды жақындастырады. Ал жұбайларды алшақтататын нәрседен олар қашу керек.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы "Әйелді ұрып тұруға болады" деген видео-уағызға байланысты комментарийін Facebook-тегі парақшасында жариялады.

«Ризабек Батталұлы осыған дейін имамдық қызметте болмаған. Ақпараттық-насихат тобының мүшесі ретінде жамағат тарапынан түскен сауалға азаматтық көзқарасын білдірген»,- деп жазды Ағабек Қонарбайұлы. Сондай-ақ, «кез-келген уағызшының шариғаттағы шетін, нәзік мəселені өз танымы мен табиғатына салып түсіндіруіне жол берілмейді», деп жалғастырады. «Жағымсыз мінез көрсеткен жарымызға көркем түрде түсіндіру, оған насихат айту, шынайы жанашырлық сезіміңді жеткізу, төсекте жалғыз қалдыру, дәлелденген айыбы үшін уақытша сөйлемей қою, тағы басқа тəрбиенің əдеп шеңберіндегі амалдар қамшының соққысынан асып түсетін тəсілдер. Қиыны – қисық қабырғаны түзеймін деп оны сындырып алу. Əйелді күшпен бағындыру – шарасыздық, бəлкім əлсіздік. Ризабек Батталұлының сөзін қоғам қабылдамай жатса – бұл табиғи құбылыс», - депті Ағабек Қонарбайұлы. Ол ҚМДБ әзірлеп жатқан уағыз айтудың əдебі мен тəртібіне қатысты арнайы Ереже жобасы болашақта уағыз айтудың бірыңғай жүйесін қалыптастыруға ықпал етеді деп хабарлаған. Ризабек Батталұлына біздің тілшілеріміз телефон соққан. Интервью алудың сәті түспеді, кіші қажылықта жүргені айтылды.