Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Соғыс емес, үйдегі сойқаннан 36 әйел, бір бала мерт болған... Тұрмыстағы зорлық-зомбылық.

AstanaTV
13.01.2018ж. 20:00
3663
Соғыс емес, үйдегі сойқаннан 36 әйел, бір бала мерт болған... Тұрмыстағы зорлық-зомбылық.

Ал Бас прокуратура дерегінше, 2016 жылы елімізде отбасындағы зорлық-зомбылықтан 36 әйел мен бір бала мерт болған... Соғыс емес, үйдегі сойқаннан... Кейбір инспекторлар отбасындағы жанжалдарды реттеп, тұрмыстағы әлімжеттіктің қайталануына жол бермеу үшін «сот психологтары институтын» құруды ұсынады. Олардың ойынша, айыппұл салып, қамауға алудың орнына, егер судья зәбір көрсетушіні де, жәбірленушіні де отбасылық психологтың қабылдауына жіберсе, тиімдірек болуы мүмкін. Ал маманға барудан бас тартса, әкімшілік жауапқа тарту туралы бұйрық шығару керек. Себебі «отбасымның шырқын бұзып, зәбір көрсеттім ғой» деп өкінетін агрессор аз. Расында, егер судья айыппұл кессе, оның отбасы бюджетінен төленетіні анық. Ал екі-үш тәулікке қамалса, «қабағанның» абақтыдан қаны қарайып, тісін қайрап шығатынын сол инспекторлар айтып отыр. Алайда психолог-мамандар «агрессордың» көп жағдайда психологқа баруға келіспейтінін айтады. Сонымен бірге маңыздысы – кез келген психолог емес, тұрмыстағы зорлық-зомбылық проблемасымен айналысатын психологқа бару керек, кез келген психологқа барудан түк шықпайды, дейді. Ең сорақысы, бұл проблеманың көбесі жақында сөгілмейтінін  инспекторлар да, психолог-мамандар да, барлық тарап мойындайды... Әсемгүл Мұхитқызы жалғастырады. 

Раушан:

2013 жылы алғаш рет ұрды. Ол кезде ұлым екі жасқа да толмаған еді. Олай болады деп ойлаған жоқпын. Қатты соққыға жықты. Мен оған ұрмашы, баламызды қорқытасың деп жалындым. Бірақ тоқтамады. Оқтаумен үсті-үстіне төмпештей берді, төмпештей берді. Ақыры есімнен танып қалдым.

Жанарына жас алып, басынан өткен сұмдық өмірін боямасыз айтып отырған кейіпкеріміз әлі де үрейдің шеңгелінде. Әлімжеттік көрсеткен күйеуінен қашып кеткен ол Павлодардағы дағдарыс орталығын паналап отыр. Көйлегі көк, тамағы тоқ. Ең бастысы, баласымен қауіпсіз жерде, тәжрибелі мамандардың жіті бақылауында. Бірақ бойын жаулап алған сол бір қорқыныш еңсесін еш көтертпейді. 

Раушан:

Мен оны жанымдай сүйдім. Ессіз ғашық болдым деуге болады. Сондықтан әрқашан кешірдім. Бірақ қатты қорқамын. Меніңше, бұл сезім бойыма сіңіп қалғандай, оңайлықпен құтыла алмаспын.Ең жақын адамыңнан көрген зорлық-зомбылық жаныңа қатты батады екен. Ұмытылмайды да. Оған 1 рет, 2 рет, 20, тіпті 30 рет сен солай ұрдың деп айтқанымда, ол сенбеді. Сен өзің кінәлісің, ашуымды келтірдің деп бас салды. Бәлкім солай шығар, кінә өзімнен бе екен?!

Жұдырық ала жүгіретін «тирандардың» да діттегені осы. Мамандардың айтуынша, әйел адам үшін дене жарақатынынан жан жарасы ауырлау. Психологиялық қысым арқылы ері келіншегін өзіне сөзсіз бағындырады. Ал, мұндай бағынудың арты қорқыныш пен амалсыз көну дегенге әкеледі. Отбасыдағы зорлық-зомбылықтың өршуіне тағы бір фактор түрткі. Ол - «ұят болады» ұғымы.

Шахноза Хасанова, "Сана Сезім" әйелдер бастамалық құқықтық орталығы" ҚБ вице- президенті:

Егер де күйеуі әйелін ұратын болса, бұл норма ретінде есептелінеді. Сосын әйелдеріміз түсінбейді, олар зорлық-зомбылықтың құрбаны екенін. Бұл нормальный отбасы. Осылай өмір сүру керек. Менің шешем уақытында мен үшін, бала-шаға үшін шыдаған. Сондықтан олар түсінбей, ары қарай өмір сүре береді.

Отбасындағы әлімжеттік бірнеше фактордан туындайды. Әлеуметтік жағдайдың төмендігі, ер кісілердің ішімдікке салынуы, жұмыссыз келіншектердің көбеюі деген сияқты. Алып қашудың құрбандары да аталған тізімде бар. Заманға сай әйелдер «қапаста» өмір сүргісі келмейді. Бұл тенденция да, өкінішке қарай, ерлі-зайыптылардың жанжалдасуына түрткі болатын кезі бар.

«Қазақстанның дағдарыс орталықтары одағының» мәліметінше, елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жыл сайын 400-ге жуық әйел ажал құшады. Дегенмен Бас прокуратураның 2016 жыл бойынша мәліметіне қарасақ, 36 әйел мерт болған. Тағы бір құқық қорғаушылардың деректеріне қарағанда, былтыр қыз-келіншектерге қатысты 91 631 құқық бұзушылық тіркелген. Оның 71 965 ауырлығы орташа қылмыс болса, 4 131 –і ауыр қылмыстар санатында. Ал, 420-сы аса ауыр қылмыс болып табылады.

-Егер де бүйтіп арақ іше берсеңіз, сізді емдеуге жібереміз ішімдіктен. Түсіндіңіз бе?

- Да!

Полицейлер бұл пәтерге күнара келеді. Басты себеп – отбасыдағы жиі болатын жанжал. Үйдегілер ащы суға құмар. Жұтып алған күні көрші-қолаңда маза жоқ,-дейді полицейлер. Сорақысы төбелесетіндер ішімдікке сылқия тойған анасы мен баласы.

-Ойлаңызшы туған балаңыз өзіңізге қол көтереді. Бұл деген ана үшін ең ауыр жаза ғой. Сол кезде не ойлайсыз?

- Ол ерке өсті.

Учаскелік полицей Ерлан Жанкиннің бақылауында екі жүзге жуық пәтер бар. Соның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісімен жиі шақыратыны 4 отбасы,-дейді. Бұл – 1971 жылы туған Нұргүлдің пәтері. Аядай бір бөлмеде 27 жастағы ұлымен тұрады. Алайда, келіп-кететін «достары» көп. Бүгін де кезекті «дастарқанның» үстінен түстік. Сақшылар уәкілеттігіне қарай әрекет етуге тырысады. Анасы мен ұлына бірнеше мәрте шектеу ұйғарымы шығарылған. Десе де, нәтиже шамалы.

Ерлан Жанкин, учаскелік полицей:

Қазіргі уақытта психологтарды барлық жағдайға енгізіп жатыр ғой. Менің ойымша ол келетін нәрсе. Әкімшілік жазасын тартқаннан кейін олармен міндетті түрде психологтар сұхбаттасқан жөн деп ойлаймын. Әйелмен де арызданушы, құқық бұзушымен де.

Яғни, «сот психологтары институты».  Бұл әлемде бар тәжрибе. Судья зәбір көрсетушіні де, жәбірленушіні де отбасылық психологтың қабылдауына баруға міндеттейді.
Қыз-келіншектерге қатысты зорлық-зомбылық деңгейін зерделеу мақсатында БҰҰ мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арнайы сараптама жасатқан. Талдау 70 мемлекетті қамтыған. Нәтижесі жантүршігерлік. Әйелдердің 35 пайызы физикалық және сексуалдық зорлық көргені анықталды.
Мәселен, жапон әйелдерінің 15 пайызы зәбір көрсе, Эфиопиядағы жағдай қорқынышты, көрсеткіш 70 пайызды құраған. Гендерлік зорлық, әсіресе, салт-дәстүрді бек ұстанатын дамушы елдерде жоғары. Үндістан, Пәкістан мен Непалда қалындықтың жасауына қатысты әйелдерді өлтіру дерегі өршіп тұр, Орта Азия мен Казвазда қызды ұрлау басым. Тұрмыстағы озбырлық дамыған мемлекеттерде де тіркелген. Германия – 27,8 пайыз, Солтүстік Америка – 29 пайызды құрапты. Осыған қарап-ақ, зорлық-зомбылықтың әлем бойынша өткір проблема екенін бағамдау қиын емес. 

Бақытжан Тұрсаринова, Павлодар қалалық ІІБ зорлық-зомбылыққа қарсы тобының аға инспекторы:

Отбасы толық қамтамасыз етілген, қаражаттық жағдайы орнықты, ері де жақсы жерде қызмет ететін, балалары да оқу оқитын. Бірақ, жолдасының тарабынан қызғаншақтық туындағанда осындай әйел адамдар зәбір көріп, қысым көріп бізге шағымданады. Мұндай әйелдер тек қана ауызша шағымданады да, арыз жазып, құжат жинауға қарсы.

Төрт жыл тозақта өмір сүрген Раушан басына түскен тағдыры жайлы ешкімге тіс жармаған. Туған әпкелері де бейхабар. Жар салып айтудан арланады. Ұяты жібермейді. Әңгімесінен «тасжүрек» жанды таңдағанына өзін кінәлайтынын байқадық. Тағы да сол, іштей өзін өзі мүжіп-жеу мен сенімсіздік...

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Ел ішінде «ұрғаны - сүйгені» деген сөз бар. Бұл пікірді ашықтан-ашық ұстанатындарды да көз көрді. Бірақ отбасыдағы бітпейтін жанжал мен ерлі-зайыптылардың арасындағы шексіз агрессияны махаббатқа теліп қою қаншалықты дұрыс?! Зорлық-зомбылық тек әйелдің тәнін, жанын жаралаумен шектелмейтінін түсіну қиын емес. Шаңырақ шырқының бұзылуы ең алдымен үйдегі бала-шағаның психикасына әсер етеді. Ал, мұндай ұрпақтың ертең кім болатыны... үлкен мәселе меніңше...

Әсемгүл Мұхитқызы, Айзада Төребекқызы «Біздің Уақыт».