Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×
Реклама на сайте

Бұл «қиқудың» бітетін түрі жоқ. Той мәдениеті туралы.

AstanaTV
13.01.2018ж. 20:00
3719
Бұл «қиқудың» бітетін түрі жоқ. Той мәдениеті туралы.
Оралда, жаңа жылдық кештердің бірінде жиналғандардың лепіргені соншама, дастарқанның үстіне шығып, билеп кеткен.

-Тойлардағы ерсі қылықтар мен мәдениетсіздіктен жерге қарайтын болдық. Мысалы, ақсақалдар мен әжелерді би мен ойынға сүйреп шығарып, кейбір асабалар шектен шықты,- дейді оралдық Гүлнәр апай. Ал асабалар мұның бәрі той иесі мен кеш қонақтарының талабына байланысты,- дейді. Мұхтар есімді той жүргізуші: сен олай істеймін деп ойламайсың, олар өздері жұлқынып, шығып кетеді. Асаба амалсыздан соған ілеседі, деді біздің тілшімізге.

Кредит алып, той жасайтын болмыс туралы бірнеше рет материал жасадық. Түптеп келгенде, адамның өз еркі, қалауы дейік. Бірақ мазмұны ше? Асабалардың арсыз әзілінен, қарауға ұялатын көріністерден, мыжыма тілектерден, бір сөзбен айтқанда фальшқа толы бешірден шаршап, тойға... бойкот жариялағандар бар. Еркін Кариннің материалы.   

Мақтаған қыздың тойда бүлдіретіні рас екен. Қыза келгенде дастарқанның үстіне шығып кеткен мына бикештер елді дүрліктірді. Тіпті бір апта бойы әлеуметтік желіде "хит" болды. Ал желі қолданушылары осы ойынды ұйымдастырған асабаны әбден сөгіп, "ит" қылған. Бірақ ол бикештердің столға өздері шығып кеткенін айтып, шырылдап қоя берді.

Нұрбек Саламатов, асаба:

Екі жақты жарыстырып бір жағын билетіп жатыр ем. Бір жағы отырғышқа шығып кетті де, ол жақты билетіп болып мына жаққа қарасам, екі адам столға шығып кеткен. Мен сол мезетте,үш секундтан кейін музыканы тоқтатып, орындарына отырғыздым. Оны шығарған халқым, мен емес. Оны оны шығарған өздері. Дұрыс жағынан түсіріңіздер. Бүкіл тойым дәл солай өтеді деп айта алмаймын. Корпоратив болғасын, әр адам өзінше демалып, өзі үшін жасап жүр. Оны столға шығарған именно мен емеееес!!!!

Асаба осылай ақталғанымен, адамдар сене қоймайды. Өйткені күлдіремін деп бүлдіріп жүрген дарақылардан шаршаған.

Гүлнар Әлжанова, Орал қаласының тұрғыны:

Ана жерде отырған ер азаматтың мойнындағы галстугын жұлып алып кел, соның басындағы бас киімін алып кел деген сияқты мәселелер қазір алып қарасаң, тіпті сәнге айналып бара жатыр. Ол адамдар соны қызықтайды деп ойлайды, тамада болып жүрген жігіттер. Сол арқылы мен халықтың көңілін көтеріп жүрмін деп ойлайды. Ол шындығында олай емес, ол шындығында күлкі болу, біздің мәдениетіміз бен дәстүрімізді аяққа таптау деп есептеймін.

Асабалар мұның бәрін той иесі мен кеш қонақтарының талабымен байланыстырады. Олардың пайымынша, тойға келетіндердің көбі күйкі тірлікті бір сәтке ұмытып, тек «демалуды» ойлайтындар.

Мұхтар Өтесов, асаба:

Корпоративті кеш болсын, сен олай істеймін деп ойламайсың, олар өздері істейміз деп өздері инициатива жасап шығып кетеді. Асаба амалсыздан соған ілеседі. Ілеспесең тойдың быт-шытын шығарасың. Ұлттық киімдерді киіндіру, басқа бір персонаждарға киіндіру дегендерге халық мүлдем шықпайды. Керек емес оларға, сондықтан да қатып қалған сценарий деген кәсіби асабада болмауы керек.

Нұрбек Саламатов, асаба:

Тойда отырған бүкіл адамға асаба жауап бере алмайды. Тойда отырып, адамның не істейін деп отырғанын білмейсің. Тойда отырған кейі адамдар арақ-шарапқа қызып алып, үстіндегі киімін шешіп билеп жатады. Секіріп билеп жатады. Оның бәріне мен өзім жауапты бола алмаймын. Бірақ билеп, көңіл көтеріп жатса бәрі де өздері үшін...

Мұхтар асаба соңғы жиырма жылдықтағы той "тарихын" бірнеше кезеңге бөліп тарқатады: 2000-жылдары ағайынның басын қосар қуанышты ақындар басқаратын. Суырыпсалма талант иелерін кейін анекдотшы асабалар алмастырды. Қазіргі тойлар да көп өзгермеген. Кешігіп басталып, тез бітетін той иелері санаулы сағаттың көңілді өткенін қалайды. Сондықтан отырысты бірден қыздыратын шоумендер дәуірлеп тұр. Бірақ жаңашылдық жоқ. Жылт еткен жаңалықты бір-бірінен көшіріп, жұртты мезі қылады.

Мұхтар Өтесов, асаба:

Сенің мерейтойыңды басқарып жатырмын, сенімен әзілдесем. Ол әзіл өтімді болады. Жұрттың бәрі дымы қалмай соған күледі. Оны видеодан көріп алады да асабалар 60 жасқа апарып тығады. Танымайтын адамға барып тығады. Ол - нағашы емес, жиені емес, досы емес. Содан кейін анау ренжіп қалады да шымбайына батады. Сөйтіп артық қылам деп тыртық қылып жатады. Оның бәрі жастардың тәжірибесіздігінен.

-ҚазМУ-ден бес жыл оқығанда дұрыс көктем көрмеппін. Жас болып, бозбала болып қыдырған күнім болмапты дейді. Кітапханаға барам, 10-15 автордың кітабын алып үйге қайтам. Бір аптадан соң қайта тапсырам. Сөйтіп мен мектеп, университетте жүргенде дүние жүзінің классикасымен танысып шықтым.

Қадыр Мырза Әлидің осы сөзін ұстанымына айналдырған оралдық қаламгер Қазыбек Құттымұратұлы той атаулыға бойкот жариялап, тіпті бармайтын болған. Өйткені 15-20 адамды топтап сөз беретін, сосын мәжбүрлеп билететін жаттанды үрдістен шаршаған. Келушілердің көбі көкірегі сайрап тұрса да, тілекті қысқа қайырады. Өйткені ол жерде сөз тыңдайтын орта жоқ. Әрі қазіргі тойлар қуаныш иесімен сыйластығын бұзғысы келмегендер амалсыз баратын жиынға айналды, дейді.

Қазыбек Құттымұратұлы, журналист:

Тойларға барып қажеті жоқ-ау деймін. Біріншіден, уақытың босқа кетеді. Екіншіден, ешқандай адам мән-мағына таппайды ол жерден. Өз басым сондай таппаймын. Жеріп жүрмін тойдан...Туыстарыммен де біраз араз болып жүрмін шыны керек. Себебі өкпелі маған. Тойларға келмеді, құдалыққа бармады дейді. Құдғайға шүкір, алты балам өсіп келе жатыр. Ертең тойдың бәрі алда ғой. Бірақ мен бұрынғы жолмен жүргім келмейді. Оған дейін біреулер жақсы үлгіні ұсынатын шығар деп ойлаймын.

Той мәдениеті мен сөздің қадірі жоғалғанын айтқандар алдымен асабаларды тәртіпке салу керек дейді. Сонда ғана әдепсіздік пен тұрпайылық тыйылады. Той тізгінін ұстағандар түзелмей, іс бітпейді.

Гүлнар Әлжанова, Орал қаласының тұрғыны:

Әрбір қаладан той мәдениетін жетілдіретін, той өткізетін орталық болса, сол орталыққа белгілі бір ереже бекітілсе... сол ереже бойынша мысалы, мынадай-мынадай мәселелерге тыйым салынады деп айтылса. Сонда ол тойдың мәдениетін біз біртіндеп өзінің қалпына келтірер едік.

Мұхтар Өтесов, асаба:

Орталық құрғаннан кейін... бізде белгілі ғой қазақта. Көре алмаушылық басталады. Іштарлық басталады. Өсіп келе жатқан жастарды балағынан тарту басталады. Ондай бар ғой... таза бәсекелестік болуы керек. Жастарға еркіндік берілуі керек. Әйтпесе бәрін ертең қысып тастайды ғой.

Оралда тіркелген 362 кафе-ресторанның 229-ы ғана жұмыс істейді, тиісінше, солар ғана салық төлейді. Салық базарда пакет сатып, күнін көріп жүргендерден де ұсталады. Бірақ айтатын әзілі жаттанды, үлкен кісілерді ортаға сүйреп шығарып, билеткенін «ғажап нөмір» деп санайтын, ақшаны аз таппайтын асабалардан қазынаға көк тиын түскен емес. Тіпті араларында қызметін заңдастырғандар да жоққа тән екен. Парадокс...

Еркін Карин, Наурыз Халит «Біздің уақыт».