Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Көктемгі әскерге шақыру басталды. Жігіттердің денсаулығы...

AstanaTV
17.03.2018ж. 20:00
4824
Көктемгі әскерге шақыру басталды. Жігіттердің денсаулығы...

Көктемдегі әскерге шақыру шарасы басталды. 17 мың жігіт алынуы керек, күздегі шақыруды қосқанда 35 мың жігіт сарбаз атануы тиіс. Жігіттердің көбінің денсаулығы «онша емес». Мысалы, 100 жігіттің тек 20-25 інің денсаулығы жақсы, дейді, мамандар. Әрине, қалған 80 –і мүлдем жарамсыз деген сөз емес. Әйтсе көбінің салмағы жетіспейдінемесе майтабан. Қан қысымы жоғары, қант диабетіне шалдыққан, асқазанында жара бар, бұл аздай бүйрегі дімкәс, көзі нашар көреді...Біздің оралдық тілшіміз Еркін Карин медкомиссияға барып репортаж дайындады. 

Биыл Оралдан 1 800 жігіт әскерге шақырылған. Бірақ олардың тек 300-і іріктеледі. Сынақтан сүрінбегендері мамандығы мен қалауына орай тағы сұрыпталады.

-Балам салмағың аз сияқты ғой осы сенің...

Дәрігер бекер алаңдап тұрған жоқ. Себебі «тепсе темір үзуі» керек мына жігіттер әскерге емес, емханаға келген сияқты. Өйткені көбінің салмағы жетіспейді немесе майтабан. Қан қысымы жоғары, қант диабетіне шалдыққан, ішек жолдары ауырады, асқазанында жара бар, бұл аздай бүйрегі дімкәс, көзі нашар көреді. Арасында миы шайқалғандар да бар.

Жаннат Шахина, дәрігер-терапевт:

100 балаға шаққанда әскерге шақырылушылардың ішінен жарамды деп табылатыны әрі кеткенде 20-25. Өздерін балалар күтпейді. Қаралмайды, бізге келіп мында анықтаған кезде «иә» деп кетеді, артынан 2-3 жылдан кейін солай келіп тұрады. «Бардың ба, қаралдың ба» деп сұраған кезде «жоқ, сіз анықтаған едіңіз, қан қысымым көтерілген болып еді», деп айтады. Өздігінен қаралмайды. Денсаулықтарына мән бермейді.

Шынықпаған жігіттің шымыр болуы екіталай. Бірақ кәсіби спорттың зиян жері де бар, дейді дәрігерлер. Өйткені күреске қатысып, көп жаттыққандардың жүрегі үлкейіп, спортты тастап кеткенде қан қысымы ауруына тап болады екен.

Бейбіт Галиев, Орал қалалық келісім-шарт бойынша қызметшілерді қабылдау және әскерге шақыру бөлімінің бастығы:

Қазіргі жастар фастфудты көп жейді, күтінбейді. Айналып келгенде мұның бәрі денсаулығына зиян. Кейде әскерге шақырылушылардың саны жетпей қалатын жағдайлар да болады. Бірақ басқа ауданның есебінен оны реттеп отырамыз.

Дегенмен біз тілдескен жігіттер әскерге баруға ниетті. «Отан алдындағы борышын өтеу» деген пафосты былай ысырып қойғанда, әскери билетің болса, жұмысқа кіру де оңай. Небары бір жыл жырақта жүрсе де, үлкен өмір мектебінен өтеді. Волейболмен кәсіби түрде айналысқан Ахат ыңғайы шықса, Ұлттық ұланға сұранбақ. Оған ойы да, бойы да сай келеріне сенеді.

Ахат Мырзахмет, әскерге шақырылушы:

Әскери адам болам деген бұрын арманым болған. Ақтөбеге әскери оқуға тапсырғам, сосын түсе алмағасын, мына жаққа юристке келіп түсіп, әскерге барып келіп, военный билетімді алып, оқу бітіргесін, әскери жұмысқа кірем деген ойым бар. Кішкентай кезімнен қызығып келдім. Неге қызыққанымды білмеймін, бірақ өздерінің жұмыстары, формасы, жұмыс жүргізулері сонысымен қызық...

Ренат Қаратаев, әскерге шақырылушы:

Әскерге дәл қазір барғым келмейді. Өйткені шешем жалғыз, екі жасар інім бар. Сол кішкене өскенше күте тұрса деймін. Бірақ әскерге алынсам, бас тартпаймын. Мамандығым да дөп келіп тұр.

Дегенмен бес саусақ бірдей емес, әскерге шақырту қағазын елемейтіндер де бар. Былтыр күзгі науқанға әдейі келмей қалған 300 жігітке айыппұл салынған. Олардың арнайы картотекасы жасалыпты. Шақыруды пысқырмайтындардың ісі сотқа жіберіледі.

Бейбіт Галиев, Орал қалалық келісім-шарт бойынша қызметшілерді қабылдау және әскерге шақыру бөлімінің бастығы:

Әскерге шақыртқанда әдейі келмеген жігіттерге салынар айыппұл жылдан-жылға өсіп, қазір 2 жарым миллион теңгеге жетті. Сот үшін оның шақыртқанда келмегені дәлелденсе жеткілікті. Бірден айыппұл салып, соттап та жібереді. Талдау жүргізгенде бұған көбіне ішкі тәртібі қалыптаспаған еркетотайлардың бейім екенін анықтадық. Әрине оларға ертеректе әскерден қашқан, неше түрлі себептермен бармай қалған ағаларының «әдемі» өтірігі де әсер етуі мүмкін.

Мұртынан бұрын сақалы шығып кеткен діндарлар да ерекше сұрыптаудан өтеді. Өйткені Отан күзетінде жүрген жауынгердің ділмәрсуға уақыты жоқ. Сонымен қатар жастардың әкімшілік жауапкершілікке тартылмағаны да ескеріледі. Егер жол ережесін бұзып, айыппұл арқаласа, әскерге алынуы қиындай түседі. Осындай талаптардың күшейтілуі ұзын арқан, кең тұсаумен жүргендердің жауапкершілігін арттырады, дейді мамандар.

Ерлан Беркенов, психиатр:

Мамасының балалары дегенде қазір енді әр семьяда көп бала жоқ қой, бір қыздан, бір баладан деген сияқты. Балаларын әлпештеп жатады ғой енді. Ой-өрісі балалық кезде қалып қойған болады енді, ондай балалар.

Денсаулығы жарамды болса да, әскерге алынбағандар енді ақысын төлеп, жауынгер атана алады. 263 мың теңге төлеп, арнайы дайындық курсынан өткендерге 40 күн ішінде әскери билет беріледі. Бірақ бір айды әскери өмірдің бір жылымен салыстыру тағы мүмкін емес.

Еркін Карин, Наурыз Халит «Біздің Уақыт.