Негізгі / Жаңалықтар / Суға батқан тіршілік. Балшыққа батқан өмір. Сабақтан қалған балалар ғана мәз...

Суға батқан тіршілік. Балшыққа батқан өмір. Сабақтан қалған балалар ғана мәз...

Тасқын қаупі күшейіп барады. Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккердің хабарлауынша, Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстарындағы мыңнан астам үйді су басуы мүмкін.  

Владимир Беккер, ҚР Ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы:

Үкіметтік резервтен арнайы құрал-жабдықтар алуға 4,3 млрд теңге бөлу туралы мәселе қарастырылып жатыр. Біз не алу керек екенімізді тізіп қойдық. Ол 1700 мотопомпа, 40 жүзу құралы және ең бастысы, жеке құрамға қажетті су өткізбейтін 4000 дана костюм сатып алу.

Беккердің «ең бастысы, су өткізбейтін 4000 арнайы киім алу керек» дегеніне мән бердіңіз бе? Құтқарушылар белден келетін суды жалаңаш дерлік кешіп жүр. Олар сөйтіп жүргендерін ашық айта да алмайды... Біз кезінде 20 жылдай Мелиорация және су шаруашылығы министрі болған Нариман Қыпшақбаевтан сұхбат алдық. Неге су тасқыны жыл сайын «сюрпрайз» болады? Маман айтады, болжау жұмыстары жүргізілуі керек. Мысалы, қар қалай түсті? Нөсер жаңбырдың артынша түссе, көктемде жерге сіңуі қиын болады, ерігенде өзен-суға қосылады дегендей. Сонымен бірге әр өзеннің өз мінезі болады, деді.

Нариман Қыпшақбаев, Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының Ғылыми-ақпараттық орталығы Қазақ филиалының директоры: 

Су қорғау аймақтары мен белдеулері дейді. Ондай жерлерге құрылыс салуға, үй салуға, офис салуға, зауыт фабрика, қала салуға болмайды.Су өзінің тәртібі бойынша келді, ал ол жерге үй салып қойған, бірдеңе салып қойған. Содан кейін айғай шығады. Білу арқылы, су қоймасында қанша қалдыру керек, қаншасы келеді, сонша жинап алам, сонша жіберем деген мәселе. Бір жағынан суды қауіпсіз жіберу, екінші жағынан, экономика салаларын тұрақты сумен жабдықтау үшін сондай болжам жасайтын. Болжам жасайтын мекемені Ауыл шаруашылығына берді, онда бір-екі маман отыр, үлгере алмайды. Сол сияқты облыстағы деңгейлер, су саласындағы. Ауылдардың маңындағы сайлар топыраққа толған, су қайда барарын білмей қалды, қазір. Судың фонды деген бар, мына жер өзен, тасқын кезінде былай ұлғаяды, яғни ол жер өзен «иелегінде» болуы керек, заңда жазылған. Ал бұлар салып алады да, ойбай су басты дейді, немесе жылғаларды бітеп тастайды. Өзіміздің сауатсыздығымызбен өзімізге өзіміз зиян келтіреміз. 

Сонымен тасқынның астында қалып, балшыққа батқандар туралы Еркін Кариннің материалы. 

Биылғы көктем шығысты шошытты. Санаулы күнде тұтас ауылдарды су басты. Қазір аймақтың бес ауданында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Тасқынның болуы мүмкін екінші легіне әзірлік соғыс алдындағы қарбаласқа көбірек ұқсайды. Өңірде 1371 үй су астында қалды. 3 400 адам эвакуацияланды. Енді  аймақтағы тасқынның зардабын жоюға шамамен 3млрд.тан астам теңге керек.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Қалпына келтіру жұмыстарына облыс 1,5 млрд. теңге бөле алады. Қажет болса, кейбір бюджеттік бағдарламаларды қысқартып, бұдан да көбірек қаржы қарастырамыз. Бұл мәселе қалай да шешіледі.

Семейдегі жағдай мәз емес. Ертіске кептелген мұздың кесірінен ағын су үйлерге лап қойған.

Марина Попова, Семей қаласының тұрғыны:

Су гүрілдеп жеткенде құжаттарымызды алып, қашып шықтық. Мына жерде тұрған «Волга» машинасын су қақпамен бірге әудем жерге ағызып әкетті. Ауыр көлікті тасқын қаңбақ құрлы көрмеді. Әйтеуір екі мысығымды қапшыққа тығып, аман алып қалдым.

Техника бара алмайтын жерде қызу іске кіріскен жігіттердің қайратына тұрғындар дән риза. Құтқарушылар мұзға жалаңаш қойып кетіп, қорадағы малды судан алып шыққан. Малды айтасыз, Зырян ауданы әкімінің орынбасары бастаған бір топ шенеунік суға ағып кете жаздады. Олардың көлігін қарғын су үйіріп әкеткен. Көліктен шыға алмай тұншығып, жаны қысылғандар айналасына телефонымен жарық түсіреді. Әйтеуір сол маңнан өтіп бара жатқан жүк көлігі кездейсоқ байқап, Жаратқанның күшімен аман қалыпты.

Сержан Қабышев, құтқарушы:

Бірінші күні қала шетінде жұмыс істегенбіз, қазір осындамыз. 4 техникамыз бар. Секундына 210 литр су ататын 2 ассенизатор насосын қолданып жатырмыз.

Ал Бұқтырма өзенінің қалыңдығы 2 метр мұзымен бұл жігіттер үш күн бойы алысты. 17 тонна жарылғыш зат жұмсалды. Толассыз дүмпуден шошыған көнекөздер мұндай зобалаң қашан болғанын есіне түсіре алмай қиналды. Ал ойын балалары мектепте сабақ тоқтағанына мәз.

Зинаида Куранова, мұғалім:

Тасқынның кесірінен демалыс мерзімі бір аптаға ұзартылды. Бірақ оқу бағдарламасынан қалып қоймау үшін үй тапсырмалары беріліп жатыр. ҰБТ тапсырар кезде тасқынды сылтауратқандардың уәжі есепке алынбайды.

Ал Қарағанды облысында Шерубай-Нұра өзені тасып, бүтін бір ауылмен қатынас үзілді. Шет ауданының Шопа ауылына апаратын жалғыз жолды су шайып кеткен. Тұрғындар бірнеше күннен бері ауылдан аттап шыға алмай отыр. 17 шақырым жердегі көрші ауылдың мектебіне барып оқитын балалар да сабақтан қалған.

Әділжан Уайысов, Шопа ауылының тұрғыны:

Балалар өте алмайды. Бәрі қамалып отыр. Осылай күнде жүреміз. Үлкен кісілерге дәрі-дәрмек керек. Бір ағамыз қайтыс болып, сол кісінің қырқы, соған май апара жатырмын. Өзім осы ауылдың тұрғынымын, ес білгелі осы.

Мамандар өзен суы 3 метрге көтерілгенін айтады. Шерубай-Нұраға тағы бірнеше шағын өзен мен таудан аққан бұлақтар қосылады. Сондықтан күн күрт жылынса, жағдай тіпті қиындауы мүмкін. Әр көктем сайын қайталанар әбігерден қажыған жұрт әкімдіктен көпір салып беруді сұраған. Алайда әдеттегідей,  қаржы тапшы.

Мұхит Мұхтаров, Шет ауданы әкімінің орынбасары:

Мына жерде барлық тұратыны 147 адам бар. Бізде бұдан да ірі елді-мекендер бар ғой. Олардың да жолдары осындай жағдайда. Жалпы, аудандағы бүкіл мәселені қойып, осы ауылға көпір салып береміз деп айта алмаймын.

Еркін Карин, тілші:

Мына тоғыз қабатты үй осыдан жеті жыл бұрынғы су тасқыны кезінде дүние-мүлкі суға кетіп, далада қалған тұрғындарға берілген еді. Қу тілді қалалықтар бұл үйді «Титаник» деп атап кетті. Кемені қалай атасаң, солай жүзеді деген... Оралдық «Титаниктің» де атына заты сай. Көктем келген сайын мына айнала көл-дария теңізге айналады.

Суға тайып жығылмау үшін әр қадамын санап басқан Мәншүк осы үйдің тұрғыны. Қаланың қақ ортасында шалшық кешкен келіншек судан қашып құтыла алмағанына назалы.

Мәншүк Ғабдіраш, Орал қаласының тұрғыны:

Тұрғанымызға бес жылдай уақыт болды. Көріп тұрғаныңыздай, суды кешіп өту мүмкін емес. Жәй аяқ киіммен өте алмаймыз. Әрдайым етікпен жүруге турап келеді. Әсіресе балаларға қиын. Жаңадан үйлер салып жатыр. Бірақ ешқандай канал, ешнәрсе жоқ. сондықтан әрдайым су осылай боп тұрады жыл сайын.

Үлкендер балаларын уайымдайды. Өйткені қала іргесіндегі елді мекендердің сай-саласы суға лық толы. Кішкентай ойын балалары сол шұңқырлардың біріне түсіп кете ме деп қорқады.

Тұрғындар:

Қиын конечно, бірақ осында тұрғасын придется жүруге. Жүреміз етікпен. Етік болмаса балаларды сабаққа әкеле алмай жүрміз. Алыс. Мына жолға етіктері кішкентай.

Көзімізді ашқалы балшық, күзде көктемде балшық осылай. Әкімшіліктің көмегі жоқ біздерге. Ешкім суды сормайды. Айтып жатырмыз, айтып жатырмыз, қанша айтып жатырмыз...

Жеріміз балшық, ана шетте бір шұңқыр бар. Соған біршама балалар түсіп кетті. Мен де батып кеттім кеше. Азар шықтым. Анда ағаштар қойған, бірақ ағаштар бәрі түсіп кете береді. Сосын біз батып кете береміз. Балаларға ана жақтан үйге жақын болады. Былай айналып барайық десек, бәрі су болады. Сол Деркөлден өте алмаймыз, бәрі су, ешкім сормайды.

Әкімдік жол саламыз деді, салғанда щебеньді дұрыстап төгуі керек еді былтыр. Біледі ғой, бұл бірінші жыл емес қой. үш қыстап жатқан кісілер бар, бес қыстап жатқан кісілер бар. Жыл сайын сол жол ғой. Балаларға қиын ал. Кеше түсіп кетті құрттай балалар. Батып кетсе не істейміз? Жол салу керек! Жол!

Күндіз-түні қызыл сумен алысқан коммуналдық мекемеге құтқарушылар мен әскерилер, тіпті жазасын өтеушілер де көмекке келген. Судың кесірінен қоғамдық көліктер де бағытын өзгерткен. Екі ауданда еріген қар суы тас жолға жайылыпты. Қазір қозғалыс қалпына келтірілген.

Бақытжан Ихсанов, БҚО ТЖД бөлім бастығы:

Әлі күнге дейін жердің тоңы бар. Кеткен жоқ. Сондықтан қауіп бар. Егер де ауа райы күрт өзгеруіне байланысты жауын-шашын болса, күннің жылынуына байланысты қар бар жерлерде қар тез еріп, жауын-шашын жауған кезде қауіп бар деп ойлаймыз. Тасқала ауданында, Казталов ауданында қар көп әлі.

Сорылған су ауылдың екінші шетіндегі жол жиегіне қайта төгіліп жатыр. Тұрғындар су ағатын жыра жырылып, арық қазылса, мұндай әуре болмас еді деп қынжылады.Дегенмен қар суын тасуға биыл 22 миллион теңге бөлініпті. Мемлекеттің есепсіз ақшасы көл-көсір сумен бірге ағып жатыр...

-Дос, балық түсіп жатыр ма?

-Су жиналғалы күшті болды. Балық аулайтын болдық...

Көшеге жайылған лай судан «балық аулаған» мына жігіттер мәз-мейрам. Бейнетке толы тірлігін олар ащы мысқылмен осылай жеткізуге тырысыпты.

- Ооо, балық түсті...

Еркін Карин, Наурыз Халит, Ирина Якунина, Айжан Қуаш «Біздің уақыт».