Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Жолың болсын, Антон! Талдықорғандық оқушы АҚШ-ғы беделді 5 жоғары оқу орнынан шақыру алған.

AstanaTV
07.04.2018ж. 20:00
3016
Жолың болсын, Антон! Талдықорғандық оқушы АҚШ-ғы беделді 5 жоғары оқу орнынан шақыру алған.

Талдықорғандағы Назарбаев интеллектуалдық мектебінің соңғы сыныбында оқитын Антон Моргуновтың Америка Құрама Штаттарындағы беделді бес жоғары оқу орнынан шақыру алғанын естідік. Гарвард, Стэнфорд, Колумбия университеті, Массачусетс технология институты және Калифорниятехнология институтына. Антон химиямен 9-сыныптан бастап жақсылап айналыса бастаған. Бірнеше халықаралық олимпиада жеңімпазы. Биыл бітіретін болғасын Америкадағы үздік университеттерге онлайн өтініш жіберген. Эссе жазып, анкеталарды толтырып, қажетті емтихандарды тапсырған. Ал ондай оқу орындарына 20-40 мың өтініш түседі, оның тек 4-6 пайызы қанағаттандырылады.   

Антон Моргунов, Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы:

Аталған оқу орындарына түсу үшін 11 сыныптың басынан іздендім, дайындалдым. Білімімді шыңдай түстім. Қазір бес оқу орнының толықтай грант иегерімін. Қайсысын таңдайтыным жайлы әлі нақты шешім қабылдаған жоқпын. Бірақ барлық университеттегі талап  - 1 мамырға дейін жауап қайтару. Өйткені, АҚШ-та бұл күн «ұлттық оқушылар жауабының күні» саналады. Оған дейін климаты, орналасқан орны мен білім ордасының мүмкіндігі сынды ерекшеліктерін зерттей түсемін.

Виктор Сосин, Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

Антон біздің мектебіміздегі 12 сыныптар арасындағы ең үздік оқушылардың бірі. Оның бойындағы өз мақсатына талпына білу әрекетін, ұйымдастырушылық қабілетін, дербес ойлай алатын қасиетін ерекше айтқым келеді. Түлегіміз алдына жоспар қойды ма, міндетті түрде соған жетуге тырысады.

Антонның бір арманына жеткеніне шын қуанамыз. Армандардың асқақ болғаны және орындалғаны қандай жақсы. Ал енді сауал туады – оқуын бітіргесін Антон елге орала ма? «Жоқ»,- депті өзі. Біріншіден, Қазақстан 2005 жылы ғылым мен зерттеуге жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) 0,284 пайызын, ал 2015 жылы - 0,169 пайызын ғана жұмсады. Екіншіден, АҚШ - 2,974 пайызын жұмсайды. Үшіншіден, Хирш индексі бойынша (ғылыми деректер мен олардан дәйексөз келтіру негізінде ғалымның, ғылыми ұйым немесе мемлекеттің өнімділігін бағалау) біз Африканың соңында қалып қойдық, – деген «Азаттыққа» берген сұхбатында.

Фейсбуктен Мәжіліс депутаты Ирина Смирнованың мына жазбасын алдым: «...Ол Назарбаев интеллектуалдық мектебінде оқып, тамаша білім алды. Құттықтаймын. Бұл Қазақстан үшін жеңіс пе, жеңіліс пе? Анығы – ұтылдық... Антон 7 сыныптан интеллектуалдық мектепте оқыды. Оған ел бюджетінен айына 180 мың теңге бөлінді. Үздік ұстаздар, шетелдік мамандар, таңертеңтен кешке дейін сабақ, мектеп және спорт киімі, тамақ, жақсы жабдықталған кабинеттер, бір сыныпта 24 баладан көп емес баланың болуы осынша қаражатты қажет етеді. Яғни мемлекет баланы Америка үшін дайындап беріп отыр. Американы құттықтаймын...» Осылай дей келе, елдегі бүкіл мектепті Назарбаев зияткерлік мектебі сияқты етуді жазады. Бағдарламасын ғана алумен шектелмей, барлық атрибуттарымен. Егер олай істеу мүмкін болмаса, мектеп біліміне бөлінетін барлық бюджеттік қаражатты барлық баланың біліміне бірдей бөліп беруді ұсынады. Ал баласына элитарлық білім беруді ойлайтын ата-аналар өз қалтасынан төлесін дейді. Бұл әділеттірек болар еді деп, тағы бір сұрақ қояды - патриоттық тәрбиенің нәтижелері қайда?

Толық қосылмағанмен дәні бар сөз. Дегенмен Антонның елге оралмаймын деп келтірген аргументтерін қалай жоққа шығарасың? Ол аргументтерге тамыр-таныстық пен коррупцияны қосыңыз. Сондықтан «жолың болсын, Антон!»- дейсің.