Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Күләш Бәйсейітованың қызы неге күрсінеді?

AstanaTV
07.04.2018ж. 20:00
4283
Күләш Бәйсейітованың қызы неге күрсінеді?

«Қазақтың бұлбұлы» Күләш Бәйсейітованың қызы осындай бейбіт заманда тұрмыстың тауқыметін тартып жүр дегенге кім сенеді?! Бірақ шын мәнінде солай. Биыл 77 жасқа келген Қарлығаш Бәйсейітова бар саналы ғұмырын Алматыда өткізіп келеді. Сөз жоқ, анасының өнері, одан даңқы шарықтау шыңына шыққан кезеңде Бәйсейітовтер отбасының алаңсыз, тарықпай өмір сүргенін, әжейдің өзі де айтады... Күләш пен Қанабек Бәйсейітовтер ұрпақтарына Құралай, Қаршыға, Қарлығаш деп есім берген. Алайда Қаршыға 5 жасында, ал Құралай жиырмадан асқан шағында өмірден өтіп кетеді. Қайталанбас дарын иесінен қалған жалғыз тұяқ - Қарлығаш Бәйсейітова ғана. 

Қарлығаш Бәйсейітова, К. Бәйсейітованың қызы:

Біз мамамның үйінде тұрғанбыз. Шевченко мен  Сталинде. Сондай жақсы тұрғанбыз. Мамам қайтыс болғанда сол жерде тұра бердік. Неге десеңіз, папам бізді тастады. Үйленді, басқа әйелді алды. Біз бабушка, екі қыз, мен және Құралай, үшеуміз тұрғанбыз. Сосын тұрмыс нашар болып, папам бізге көмектеспей, біз ана үйді ауыстырдық.

Мінезі жайдары, жүзінен нұры төгілген апамыз қазір аурушаң қызымен бірге Алматыда пәтер жалдап тұратынын айтады. Осы күнге дейін болмысымызға тән «айтуға ұяламын» деген қағидамен бәрін ішіне жасырып келеді екен. Әлі де солай. Асыл бейненің көзі, ұлы адамның ұрпағының осынша жасқа келгенде біреудің босағасында, жалдамалы баспанада өмір сүріп жатқанын ақын Ақберен Елгезек әлеуметтік желіде жазған. Қарлығаш Бәйсейітова біздің тілшіміз Ришат Асқарбекұлы хабарласқанда кездесуге анасының атындағы музыкалық мектеп-интернаттың мұражайына келуді өтінген. Сонымен Қарлығаш әже неден ұялып, неге күрсінеді?

Қарлығаш Бәйсейітова, К. Бәйсейітованың қызы:

Қазір квартирада тұрамыз. Панфилов пен Мәметовада. Однокомнатный квартирада. Қызым үшін. Қызым ауру. Соның қасында мен жүрмін. Ай, сондай жағдай... Мен айтпаймын, ұяламын... Мен бәрінен де ұяламын. Квартирада тұратыныма ұяламын, қызымның ауыратынын, оны да ұяламын айтуға...

«Қазақтың бұлбұлы» - анасы. Қарапайым кітапханашы болған Қарлығаш әжеге «Қазақтың Бұлбұлы» сияқты құрмет көрсету керек деп отырған жоқпыз. Тіпті «бүйтейік» деуге ауыз бармайды, себебі қатты қиналып жүрген қарапайым адам аз емес. Көп. Өте көп. Мұны бірінші кезекте тіршіліктің түрлі бояуына нұсқап, «адамның басы Алланың добы» деп ғана беріп отырмыз... Әйтсе де. Сөге жамандамассыздар, «ұяламын» дегенмен интервью беруге келіскеніне қарап әлдекімдер хабарласар? Жалпыға үндеу емес. Ол кісі айттық, 77-де...