Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Қарағандыда заманауи роботтар көрмесі ашылды

AstanaTV
19.04.2018ж. 20:00
9674
Қарағандыда заманауи роботтар көрмесі ашылды

Қарағандыда заманауи роботтар көрмесі ашылды. Көрермен назарына шетелдік озық ойлы құлтемірлердің 50-ден астам түрі ұсынылған. Олар адаммен әңгімелеседі. Бала ойнатып, үй күзетеді. Спортпен шұғылданып, ән шырқайды. Әрі көмекші, әрі барлаушы ақылды экспонаттар туралы тілшіміз Айжан Қуаш айтып береді.

Құлтемірлердің көңіл көтеруден де маңызды қызметтері бар. Мысалы, мына панда кәдімгі бала күтушісі. Ол бүлдіршіндермен ойнайды, ертегі айтып береді. Қазір мұндай роботтар Жапония балабақшаларында қолданысқа енген.

Евгения Ширяева:

Бұл жаңа технологиялар- адамзаттың болашаққа жаңа көзқарасының жемісі. Әлемдік деңгейде өте қызықты.

"Джибо" отбасылық роботы адамнан да ақылды. Кез келген тақырыпта әңгімелесіп, сұраққа жауап бере алады. Мұндай көмекшілер күншығыс елінде көп.

Айжан Қуаш, тілші:

«Бұл - ақылды робот күшік. Ол аллергиясы бар адамдарға таптырмайтын құрал. Пайдасы иттен де зор. Қажет жағдайда қожайынына шұғыл смс хабарлама да жібере алады. Тіпті йогамен де айналысады. Hey Chip ioga ».

Темір деуге қимайтын экспонаттардың бірқатарын құрылыс, ғарыш, қорғаныс саласында пайдалану көзделген. Мысалы, мына барлаушы шаян Марсты зерттеу үшін ұшырылады,- дейді айти мамандар. Мұндай техникаларға ұл балалар қатты қызығады.

Андрей Савощик:

Мен өскенде роботтар жасап шығарғым келеді. Оларды құрылыста  қолдануға болады.

Тесла трансформаторы да бағдарлаудың жаңа көрінісі. Жоғарғы қуатты сымсыз ашық көрсетіп, ауада дыбыс шығарады. Құрылғы әлі толық зерттелмеген. 

Анатолий Пихтовников, «Робополис» көрмесінің басқарушысы:

Біз бүкіл әлемдегі жаңа технологияларды бір жерге жинадық. Бұл қызық үшін ғана емес, танып білу үшін қажет. Ойнап қана қоймай, зерттеп, шеберлік сабақтарына қатысуға болады.

50-ден астам құлтемір Канада, АҚШ, Ресей және Жапония елдерінен әкелінген. Ұйымдастырушылар ресейлік өнертапқыштар. Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда робототехникаға қызығушылық бүкіл әлемде артқан. Қазақстанның Астана, Қарағанды, Теміртау қалаларында осы бағытта арнайы мектептер жұмыс істейді. 

Айжан ҚУАШ