Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

«Көзі қанталап, пышақ ала жүгірді». Тағы да үйдегі зорлық-зомбылық туралы...

AstanaTV
23.06.2018ж. 20:45
3195
«Көзі қанталап, пышақ ала жүгірді». Тағы да үйдегі зорлық-зомбылық туралы...

Қостанай әлеуметтік – техникалық университетінің оқытушысы Ольга Исенова есімді келіншекті күйеуі 9 жерден пышақтап өлтіріп, кейін өзі сегізінші қабаттан секіріп көз жұмған. Полицейлер тергеу амалдарын бастады. Ал ерлі-зайыптының  екі баласы тұл жетім болып қалды. Үлкені мектеп оқушысы, кішісі балабақшаға барады. 

Жантүршігерлік оқиға маусымның жиырмасында техникалық унивеситеттің ғимаратында түс ауа болған. Полицейлердің анықтауы бойынша, 36 жастағы ер адам темір жол саласында жұмыс істеген, бұрын-соңды істі болмаған көрінеді. Ерлі-зайыптының арасындағы кикілжің ақыры осылай аяқталды... Полицейлердің айтуынша, оқиғаны көзімен көрген куәгер жоқ. Қазіргі кезде бірнеше сараптама тағайындалған. Ал, оқу ордасына суық қарумен келген адамды күзетшілер еш күдіксіз кіргізе салған, деді полицейлер. Өйткені ол бұған дейін әйелінің жұмысына үнемі келіп-кетіп жүріпті.

Жансерік Хасанов, Қостанай қалалық "Солтүстік" ішкі істер бөлімінің бастығы:

Кикілжің барысында еркек жәбірленушіге бірнеше рет пышақ салған, соның салдарынан бірден көз жұмған. Осы қылмыстық әрекетінен кейін сегізінші қабаттан секіріп өлген. Аталған фактілер бірыңғай реестрге тіркелді. Қылмыстық Кодекстің 99 бабы мен 105 баптың 1-бөлімі бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр

Дәл осыған ұқсас жағдай мамырдың басында Шымкентте болған еді. Онда да жоғарғы оқу орнына суық қарумен келген күйеуі әйеліне бірнеше жерден пышақ салған болатын. Күдікті экс-прокурор. Қазір ол қамауда,тергеу амалдары жалғасып жатыр. Ал Ақтөбе облысында жыл басынан бері отбасында зәбір көрген 207 әйел шағымданған. Облыс орталығындағы «Ауыр тұрмыстық жағдайдағы тұлғаларды қайта әлеуметтендіруге арналған орталықты» паналаған әйелдердің кейбірі біздің тілшімізбен сұхбаттасудан қашпады. Сол әңгіме – сау-тамтығымды қалдырмай, сабайды. Күн көрсетпейді, дейді. Олар орталықта әрі кетсе, 1 жылға дейін ғана тұра алады. Одан кейін? Расында, барар жері жоқ. Сондықтан шығар, қорлық көріп жүрген әйелдердің «тағдырым осы» деп көнетіні.  -Әйелдердің көбі күйеуім әйтеуір бір қол жұмсауын қояды деп үміттенеді. Мүлде олай емес. Өзінің жазасыз қалатынын көрген адам қол жұмсауын үдетпесе, қоймайды, -дейді полиция қызметкерлерінің өзі.Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің» 73-бабы бойынша, отбасының шырқын алып, өзімен бірге тұрып жатқан адамды қорлап, балағаттағаны үшін айыппұл салынады, ал айыппұл отбасылық қаржыдан алынады, демек қорлық көрген әйелдің өзі де айыппұл төлейді деген сөз. Егер адамды ұрып-соғып, денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтірсе, 15 тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы қарастырылған. Қамалып жатса, шыққасын одан сайын өршеленетіні белгілі. Демек бұл проблеманың түйінін «тарқатады» деген жолдар айналып келіп тұйық шеңберді құрайды. Қоғамдық дерт теперіш көріп отырған әр әйелдің жеке шаруасы ғана... Жақсыбек Кемалдың материалы.

Ақтөбеліктер бұл ғимаратты үй-күйі жоқ қаңғыбастар тұратын жер деп қана біледі. Дегенмен үш ай бұрын мекеме ерінен езгі көріп, қиын жағдайға тап болған әйелдерді де  қабылдай бастады. Қазір мұнда барар жері қалмаған 5 келіншек пен екі бала тұрып жатыр. Оларға мекеменің әкімшілік бөлігіндегі бөлмелер берілген.

Сабырғали Дәулетов, Ақтөбе қ. ауыр тұрмыстық жағдайдағы тұлғаларды қайта әлеуметтендіруге арналған орталықтың директоры:

Комиссия, бәрінен өткіземіз. Балаларын да өткіземіз. Сосын өздерін. Қараймыз, қандай құжаттар керек екенін оларға. Удостоверениесі жоқ па, пособиясы жоқ па, сол документтерді істейміз. Көбіне күйеуі ішеді, сондай проблемамен келеді. Одан бөтен проблемалары жоқ. Основной вопрос сол ғой, ішеді, сабайды...

Иә, мұндағы әйелдердің түгелге жуығы озбыр күйеуінің таяғынан қашып келгендер. Жасы 40-қа таяған Гүлсім – солардың бірі. Айтуынша, әке-шешеден ерте айрылған. Ағайындары болғанмен, араласпайды. Тағдырдың жазуымен екі  рет тұрмыс құрыпты. Алғашқы жолдасы ішкілікке салынып, отбасына қарауды қойғасын, кетіп қалған. 5 жыл бұрын ішпейтін, сырт көзге әдепті көрінетін өзінен екі мүшелге жуық үлкен адаммен бас қосып, екі сәби сүйгізген. Алайда ол адам нағыз озбырдың өзі болып шыққанға ұқсайды. Өзіне ғана емес, соңынан еріп келген үлкен баласына да күн көрсетпеген.

Гүлсім Жиенбаева, жалғызбасты ана:

Маған пышақ көрсетті. Қолымен ұрады. Не болса сонымен ұрады. Қолына балта алып, шабады. Көзі, обшым, көрмейді. Күн көрсеткен жоқ. Ұрады. Үлкен баламды ұрды, соқты. Қыста түнгі сағат төртте бізді аязда қуып жіберді. Біз попутный, жаяу келдік осы қалаға.

Гүлсімнің үлкен баласы қазір ауруханада жатыр екен. Ал екі кішкентайы қала сыртындағы сауықтыру лагеріне орналастырылған. Қамкөңіл ана енді «Балаларымның сабағы басталғанша бұл орталықтан шығып, баспана мен тұрақты жұмыс тапсам», - деп армандайды. Оның үстіне кішісін балабақшаға орналастыру керек. Ал күйеуіне енді барғысы жоқ. Гүлсім одан көрген қорлығын айтып, полицияға да шағымданған. Зорлықшыл күйеу әкімшілік жазаға ғана тартылыпты.

Гүлсім Жиенбаева, жалғызбасты ана:

Машина, ештеме маған қалдырмаймын деп, сатып жіберіп жатыр бәрін. Өзімен өзі, балаларға мүлдем жоламайды. Сұрамайды. Оған қосыл деп айтады, балалар да. Мен одан қорқам, қайтадан бастауы мүмкін.

- Маған секіріп мені ұрғысы келіп қайта-қайта, сөйтті. Что, сама будешь платить деп. Басында 2-3 месяц она платила. Потом лақтырып кетті, алданып қалдым мен...

Мұндағы әйелдердің бәрінің де жағдайы адам аярлық. Мәселен, Гүлнұр есімді мына келіншекті де азаматтық некедегі күйеуі ұрып-соққан. «Қасыма келіп тұр» деген таныс әйелдің ұсынысынан басқа амалы болмағасын бас тарта алмағанын айтады. Бірақ әлгі әйел Гүлнұрды алдап соққан. Атына бір емес, үш рет несие рәсімдеткен.

Гүлнұр Оразалина, жалғызбасты ана:

2017 жылдың қарашасында мені ол ауылдан алып кетті. «Пәтерге төлемейсің, еш нәрседен мұқтаждық көрмейсің», - деді. Сөзіне сендім. Оған үш рет несие алып бердім. 1-інші рет ақшалай, кейін екі айфон телефон. Үшінші несиеден кейін мені бетімнен ұрып, үйінен қуып шықты. Баламмен барар жерім болмады. Ол тек бір несиені ғана мойындап отыр. Қалғанын маған ысырып тастады. «Елек» полиция бөліміндегілер еш дәлел жоқ деп істі жапты...

Гүлнұрдың банкке берешегі миллион теңгеден асып кеткен. Ұлына алатын 15 мың теңге алиментті банк карточкасынан сыпырып алады екен. Енді ол әкімшілік сотқа қайта арызданбақ. Өкініштісі, Гүлнұрдың да қиналғанда көмек берер жақыны жоқ. Өзі жұмысқа шығайын десе баласы кішкентай. Ал бұл жердегі өмірдің уақытша екенін ойлаған сайын, жанын қоярға жер таппайды.

Қайрат Жұмағалиев, психолог:

Бұларды әлсіз деп, әлсіз типтіге жатқыза беруге болмайды. Себебі әлсіз типті әйелдер таяқ жеп жүре беруі мүмкін. Ал бұлар шешім қабылдап, күйеулерінен кетіп, осында, біздің орталығымызға, әрі қарай өмірімізді өзгерткіміз келеді деген мақсатпен келіп отыр. Қазір күйеулерімен қосылуға ниеттері жоқ, ешқандай. Сондықтан біздың ойымыз басқаша бағытта оларды - қалай қайта жұмысқа орналастырып, үй жағынан болса, үй жағынан көмектесіп, психологиялық жағынан көмектесіп, қоғамға қайта араластырып жіберуге...

Облыстық ішкі істер департаментінің мәліметінше, соңғы бір жылда өңірде әйелдерге  зорлық-зомбылық көрсету үш есеге көбейген. Инспекторлар мұндай оқиғалардың дені отағасының ішкілікке салынуынан болатынын айтады. Ондай зорлықшылдарға  көбіне 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл ғана салынады. Ал айыппұл отбасылық бюджеттен алынады, демек қорлық көрген әйелдің өзі де айыппұл төлейді деген сөз. Жыл басынан бері әйелдеріне қол көтергені үшін 200-ден астам ер кісіге әкімшілік жаза қолданылған. Бірақ ең жаманы, жазаның қай түрі де көмектеспейді. Себебі:

Альмира Аккатова, Ақтөбе облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі тобының инспекторы:

Материал сотқа жетіп, қаралып жатқанда әйелдер күйеулерін кешіріп үлгереді. Себебі кішкентай балалары бар, әрі әйел қаржылық жағынан еріне тәуелді. Ал күйеуі 15 тәулікте қамауда болса, отбасы уақытша асыраушысынан айрылады.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Ал көрген қорлықтарын айтудан жасқанбаған Гүлсім мен Гүлнұр ауыр тұрмыстық жағдайдағы тұлғаларды қайта әлеуметтендіруге арналған орталықта ұзақ бола алмайды. Себебі ереже сондай, әрі кеткенде бір жылға дейін ғана рұқсат беріледі. Олар баспана кезегіне енді ғана тұрыпты. Оны кем дегенде 10 жылсыз ала алмайтындары да белгілі. Сондықтан жаны жомарт адамдар уақытша баспанамен болса да, жәрдемдессе дейді дәрменсіз жандар. Мұндай көмектің ілеуде бір көрсетілетінін білсе де... 

Жақсыбек Кемал, Нүркен Жалмұхан, «Біздің уақыт».