Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Тобыл өңірінде «Қымызмұрындық» фестивалі өтті!

AstanaTV
23.06.2018ж. 20:45
3597
Тобыл өңірінде «Қымызмұрындық» фестивалі өтті!

Тобыл өңірінде тұңғыш рет «Қымызмұрындық» фестивалі өтті. Игі бастамаға аймақтағы ата кәсіппен айналысатын адамдардың түгелі атсалысты. Мерекелік думанға қымыз өндірушілер, қолөнер шеберлері, суретшілер қатысты. Ал жиналған қауым тоғызқұмалақ, қазақ күресі, асық ату, ат жарыс сынды ұлттық ойындар ойнап, бір жырғап қалды. Бал татыған қымыз бен саумалдың дәмін Заңғар Санай да татып қайтты. 

«Қымызмұрындық» фестивалі бұл өлкеде бұған дейін болмаған.Қостанай ауданы мұндай ерекше  шараны алғаш рет ұйымдастырды. Игі бастаманың мағынасы зор,мәні терең. Ұлттық сусынның құндылығын насихаттау -ұлы мақсат. Берекелі мереке қалың жұрттың ұлттық рухын оятқандай.

Аманжол Күзембайұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

Мамыр айында бие байланып,алғашқы қымыз ашытқан  кезде көрші-көлемін шақырып,сол іс-шараны қымызмұрындық деп атаған алғашқы.Халқымыздың тарихында бар дүниелерді рухани жаңғыруға байланысты,қайта жаңғыртып жаңа мазмұн беріп,оны жаңағы жалпы халықтық бұқаралық тойға айналдыру керек дегіміз келеді.

Нәбидолла Кикебаев, Қостанай ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры:

«Генетикалық коды» деп айтып жүрміз ғой.Оның бірақ не екенін жөнді түсініп жүрген адам жоқ.Генетикалық кодқа кіре алатын кілті осы біздің ұлттық дәстүрлерде жатыр.Асық ойнауда,  осы қымызмұрындықта жатыр.Қазір енді қымызды мұрнын шүйіріп ішпейтін балалар көбейіп кетті.Балалар түгілі үлкендер де қышқыл анау-мынау деп айтады.Неге десе дәмін жоғалтып алды. Дәмін жоғалтып алған соң оның құнын білмейді. Соны қайтадан сіңіру керек.

Фестиваль аясында «халық таңдауы» деген тақырыпта байқау  ұйымдастырылды. Оған Қостанай өңіріндегі бие байлап қымыз ашытатын  19 отбасы қатысты. Ұлттық сусынды баптаушылардың  көбісі Қостанай ауданының өкілдері болды. Қымызмұрындыққа алыстағы Амангелді,Жангелді жақтан келіп қатысқандар да бар. Сара Ашабайқызы Торғай атырабында тұрады. 10 бие байлап отырған кәсіп иесінің бүгінде ісі ілгері басқан. Қымызхана ашып, ұлттық сусын саудасынан көл-көсір пайда көріп отырмын дейді.

Сара Ашабайқызы, қымыз өндіруші:

Қымыздың түр- түрі болады.Сары қымыз, бал қымыз оның атаулары көп.Күздігүні алып қалып күзгі қымыз да болады.Қыста сауатын, арпа беріп сауатын биелер.Соның бәрін үлгертіп екі-үш жылдан бері осы шаруашылықпен айналысып жатырмыз.Қымыздан пайда табуға болады. Ата кәсіп, сауабын да аласың. Мысалы ауыратын адамдар күнбе күн сүттей де алып ішеді. Саумалдай алып ішіп жатады.

Байқау барысында көпшілік негізінен бал қымыз бен сары қымыздың дәмін татып, бағасын берді. Жеңімпазға 300 мың теңге ақшалай сыйлық тағайындалған. Жаз бойы Тобыл өңірінде  сексенге  жуық отбасы бие байлайды. Олардың арасында бес алтыдан  бастап 60 биеге дейін сауатындары бар. Қымыздың  бір литрі 400-ден 700 теңгеге дейінгі аралықта сатылады.

Сағитбек Нұрмашұлы, облыс тұрғыны:

Ең дәмдісі осы мынау Торғай өңірінен. Сатып аламыз.30-20 литрден сатып алып өзіміз отбасымызбен, балаларымызбен, ағайын-туыстарға  дейін сатып алып ішеміз.

Заңғар Санай, тілші:

Фестиваль аясында қалың бұқара желі баудың басына жиналды.Көпшілікке бие сауу, құлын байлаудың қыр-сыры көрсетілді.Асау құлынды құрмалап байласа, негізгісі қазық бау шалу.

Игі шара барысында қымыз баптаушылар сайысымен қатар, қолөнер шеберлері мен суретшілердің көрмесі өтті. Бұдан бөлек, Қостанай ауданына қарасты ауылдық округтер ақшаңқай  киіз үйлер тігіп, меймандарға арнап дастархан жайды.Қымызмұрындыққа  жиналған жұртшылық тоғызқұмалақ, асық ату, қазақ күресі сияқтыұлттық ойындарды тамашалап тарқасты.