Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Бұл жолы объективте - Оралдағы апатты үй. Қызылжарда тағы бір үй құлады.

AstanaTV
30.06.2018ж. 20:45
2559
Бұл жолы объективте - Оралдағы апатты үй. Қызылжарда тағы бір үй құлады.

Біз үнемі қозғайтын апатты үйлер тақырыбы. Орал қаласындағы Молдағұлова көшесінде орналасқан №1-үйдің тұрғындары қайда барып, кімді паналарын білмей отыр. Қазір тұрып жатқан екі қабатты ғимарат 1933-жылы салыныпты. Содан бері жөнді жөндеу көрмеген. Жамап-жасқағаннан да қайран жоқ. Қазір қабырғалары қисайып, іргетасы шөгіп барады, баспалдағы қырық құрау. Жаз бен күзде жаңбырдың суы. Төбесінен тамшы таматын үйді қыста жылыту да оңай емес. Үй осыдан 7 жыл бұрын «апатты» деп танылған, бірақ тұрғындар «шықпа, жаным, шықпамен» күн көріп келеді. Азын-аулақ ақшасы барлары пәтер жалдап кеткен. Ал мұнда қалғандары - тұрмысы төмен адамдар мен тақыл-тұқыл зейнетақысына ғана күнелткен кәрі кісілер.  

Ғұбайдолла Өтепов, Орал қаласының тұрғыны:

Сносқа кетеді дегеніне бәленбай жыл болған. Әлі тұр. Бұрыштары құлап жатыр, жарылып тұр, көріп тұрсыңдар ма? Ал енді осы айтатыным – осы үй құлап, біз астында қалып өлеміз бе, неғыламыз, соны білмеймін? Халықты қырасыңдар ма?

Бекболат Меңешов, Орал қаласының тұрғыны:

Аварийный состояниеде тұр. Шыны керек, оны түнде жатқанда да ойлаймыз, қай уақытта құлап кетеді деп. Ар жақтары қазір жарылып барады. Биыл іші кетті, екінші этаждың төбелері қазір құлап жатыр. Екінші этаждан тамшы кетеді кісілердің үйлеріне. Бір-екі үйге тамшы кетті. Болашағы жоқ екені көрініп тұр енді...

Ал істен шыққан әжетханасы адам көргісіз. Сондықтан сырттан әжетхана қазып алған. Бірақ суды үйдегі құбырлардан алатын болғасын, бір күні ауру шығып, қырылып қаламыз ба деп қорқады. Басқа барар жері жоқ 30-ға тарта отбасыныңмүшкіл халін жергілікті әкімдік біледі. Қаланың қақ ортасында тұрған бұл үйдің орнынамемлекеттік-жекеменшік серіктестік бағдарламасымен басқа үй салу мүмкін емес дерлік. Өйткені айналасы өте тар, арнайы техника өте алмайды. Өкінішке қарай, бұл үйдің мәселесі жақында шешіле қоймайды-ау...

Алтынбек Қайсағалиев, Орал қаласы әкімінің орынбасары:

Жоспар бойынша алдағы жылдары Молдағұлова көшесіндегі апатты күйде тұрған №1-үйді бұзып, оның орнына жаңа үй саламыз деп ойлаймыз. Бірақ бүгінгі күні нақты компания белгіленген жоқ. Алдағы уақытта белгіленеді деп ойлаймыз. Мен өзім айналысып жатырмын. Сөдің шыны керек, өте қиын. Мына жерде кран жүретін жол да жоқ.

Биыл Оралда мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бағдарламасымен 11 апатты үй бұзылып, орнына жаңасы салынады. Тұрғындар құрылыс біткенше әкімдік берген пәтерді паналай тұрады. Кейін үй салынып біткесін, жаңа пәтер беріледі. Құрылыс компаниясы артылып қалған пәтерлерді өзі сатады. Мысалы, 30 пәтерлік үйдің орнына 90 пәтерлік көпқабатты үй салса, соның отызын тұрғындарға береді, қалған 60 пәтер – пайдасы. Су мен жарық, жол мен газды әкімдік өткізіп береді. Осылайша тұрғындар баспаналы, кәсіпкер ақшалы болады. Дегенмен шаһарда әлі 40-тан астам апатты үй тұр. Біз сөз қылып отырған Молдағұлова көшесіндегі №1-үйдің тұрғындары «лашық-өмірді» көрсететін әлеуметтік драмаға толы фильмнің шарасыз кейіпкерлері сияқты біраз жүретін түрлері бар...

Ал Қызылжарда апатты үйлер бірінен соң бірі құлап жатыр. Бірнеше материал бердік. Соңғы рет «Уральская» көшесіндегі үшінші үй тұрғындарының тағдыры қыл үстінде тұрғанын айттық. Қабырғасы қақыраған баспананың бұл жолы бір жақ бұрышы бүтіндей опырылып түсті. Абырой болғанда, тұрғындар - 5 отбасы дер кезінде көшіп үлгерген. Оның үшеуін билік өкілдері осыдан бір апта бұрын пәтермен қамтамасыз етті. Ал қалған екі отбасын атқамінерлер апатқа 2-ақ сағат қалғанда көшіріпті. Үлгергендеріне «шүкір» дедік. Шенеуніктер 5 отбасының барлығын уақытша баспанамен қамтыды. Алайда аталған көше бойында дәл сондай һәлде тұрған тағы 2 баспана бар. Бір жылы, бір стандартпен салынған үйлербір бірінен артық дейсіз бе?! Қалғандарының құламайтынына кім кепіл? Қабырғасы қақыраған, едені сөгілген, шатыры тесілген үйлердің тұрғындары жанын шүберекке түйіп, әкімдіктен қайыр күтуге мәжбүр...