Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Үлескерлер мәселесі 97 пайызға шешілді - Алматы қаласының әкімі

AstanaTV
22.04.2016ж. 20:00
1758
Үлескерлер мәселесі 97 пайызға шешілді - Алматы қаласының әкімі

Алматыда үлескерлер мәселесі 97 пайызға шешілген.  «100 нақты қадам - Ұлт жоспарын» жүзеге асыру барысына арналған брифингте «Астана» телеарнасы тілшілеріне қала әкімі осылай деді. Құрылыс компаниясы мен үлескерлер арасындағы дау өзара шешілуі тиіс. Алайда мәселеге жергілікті билік те араласқан. Соның арқөасында жуырда «Атакент» тұрғын үй кешеніндегі үлескерлер дауы  шешімін табатын болады. Борышкерлердің жағдайы қазір жеке-жеке қарастырылып жатыр. Баспана қарызын бөліп төлеу шарты бойынша келісім-шартқа отырған тұрғындардың кейбірі жұмыссыз қалған. Оларды әкімдік жұмысқа орналастырмақ. Ал 56 үлескердің төлем жүйесін жеңілдету үшін құрылыс компаниясын ортақ келісімге шақырдық, деді қала әкімі. Ал дағдарыстан құрылысы тоқтап қалған үйлердің құрылысы «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының ақшасымен салынған.

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:

Біз үлескерлер мәселесінің 97 пайызын шештік. Егер адам табыс тауып, одан өз қарызын төлемесе, ол арсыздық жасап отыр. Демек, оның бір ғана жолы- сотқа беру. Десе де, шын мәнінде өз қарызын төлеуге қабілетсіз жандар да бар. Мысалы, «Өрлеу» деп аталатын пилоттық жоба арқылы ондай адамдарға көмек көрсетуді көздеп отырмыз. Егер отағасы 40 мың теңге алса, оның үйінде тағы үш баласы болса, бұл сомма олардың барлығына бөлінеді. Жетпегенін мемлекет төлеп беретін болады.

Қалада заңсыз салынған құрылымдарды сүріп тастау жұмыстары да жалғасын таппақ. Жергілікті билік әл-Фараби даңғылынан жоғары орналасқан аймақтағы биіктігі 12 метрден аспауы тиіс үйлерге тексеру жүргізіп, 26 үйді жарамсыз деп тапқан. Бүгінде  заңсыз салынған 4 үй сүріліп, қалғандарының ісі сотта қаралып жатса керек. Сондай-ақ халықтан жөн-жосықсыз ақша жинауды да әдетке айналдырған пәтер иелері кооперативі қызметіне де қоғамдық бақылау орнатылатын болды. Себебі кооперативтер тұрғындардан жылына 7 млрд теңге жинап, оның 10 пайызын ғана тұрғындардың қажеттілігіне жұмсап келген, деді әкім. Ал жақында қалалық әкімдіктің құрылымы ықшамдалмақ.

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:

Алматы - көлік жүргізушілерінің емес, жаяу жүргіншілердің, велосипедшілердің қаласы болуы керек. Қоғамдық көлік саласын дамыту өте маңызды. Бұл тұрғыда әкімдіктің құрылымын қайта ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Мысалы, Автомобиль жолдары мен Жолаушылар көлігі басқармалары біріктіріліп, көлік жүйесіне қатысты саясат бір басқармада әзірленетін болады. Бірқатар басқармалар жұмысы оңтайландырылып, жұмыстардың бір бөлігі аудандық әкімдіктерге беріледі. Сол арқылы аудандық әкімдіктер халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін болады.

Айгүл ЕРМАХАН