Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Жанкүйерсіз бе, фанатсыз ба? «Қалшылдап» кететін футбол фанаттары жайлы.

AstanaTV
07.07.2018ж. 20:45
4454
Жанкүйерсіз бе, фанатсыз ба? «Қалшылдап» кететін футбол фанаттары жайлы.

Қазір әлемді біріктіріп тұрған бір шара бар. Тіпті мереке, думан. Футболдан әлем чемпионаты. Біріміз жанкүйерміз, оның өзін адамның темпераменті мен болмысына қарай топтарға бөлуге болады, олар футболдан ләззат алып, ерекше шаттанады. Ал енді біреулер - фанат. Фанаттар өзін істейтін жұмысы, жататын әлеуметтік тобы, тіпті ұстайтын діни ағымынан гөрі сүйікті құрамасы арқылы маңыздырақ сезінеді. Сондай-ақ, фанаттарға ойындардың маусымдық сипаты қатты ұнайды. Келесіде жемісті, қызығырақ болады деп жетелейтін үміт. 90-жылдары Индиана университетінің психологы Эдвард Хирт берілгіш фанаттардың өз командасының жеңісі мен жеңілісін өзінің жеке басының жеңісі немесе жеңілісі деп есептейтіндерін анықтаған. Яғни өз өмірімен сәйкестендіреді. Команда жеңіске жетсе, фанаттың миы қанағаттанушылық сезіміне жауап беретін нейромедиатор бөледі екен. Ал жеңілсе, стресс гормоны - кортизол бөледі. Адамды бейнелеп айтқанда, қалшылдатып қоятын... Ришаттың осы тақырып бойынша тапқан кейіпкері де «Футбол десе, дірілдеп кетемін», деген. Асқарбекұлының материалы. 

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Дәл осы күндері Алматыдағы спорт барлары мен өзге де ойын-сауық орталықтарында футбол мерекесі қызып тұр. Ағылшындық танымал футбол клубының атын иеленген мына мейрамханаға алматылық жанкүйерлер көптеп жиналады. Күнделікті күйбең тірліктен «тайм аут» алып,  «Футбол әлемі» деп аталатын мына алаңда жанға жайлы атмосферада спорт ойындарын тамашалайды.

Футбол - ойын немесе спорт қана емес, ол үлкен бизнес. Жанкүйерлер арқылы  маркетингтік жобалар жүзеге асады. Спорт тек жеңіспен өлшенбейтінін, ол адам айтқысыз пайда көзіне айналғанын қазір кім білмейді!? Ресейде өтіп жатқан әлемдік бәсекеге орай қаладағы ойын-сауық орындарының да қазір бәсі жоғары. Маңызды матчтар өткенде спорт барлары футбол десе, ішкен асын жерге қоятындардың тұрақты мекеніне айналады. 

Сәкен Босқынбаев, футбол жанкүйері:

6 жасымда 1986 жылы Мексикада чемпионат болды. Содан бастап міне футбол десе, асымды жерге қоямын ғой.

-Біздің осы кешеннің иесі Челси клубының үлкен фанаты. Сосын осындағы қызметкерлер де ол клубтың жанкүйеріміз...

Әмір сүйікті клубы жеңіліп қалса, күйзелістен жылайтын адамдардың қатарынан. Ол жанкүйер болу үшін мінез керек дейді. Челси клубының тарихын, әрбір ойыншысының бағасын, тапқан табысына дейін жатқа соғады. Команданың формаларына,түрлі сувенирлеріне ақшаны аямайтындықтан, өзін нағыз фанат санайды.

Әмір, футбол фанаты:

Жанкүйер деген тек қана матчты көріп, соның гол салғанына қуанып, ләззат алатын адам. Ал фанат деген біреумен ерегісіп, төбелесу. Қаны қызу адамдар болады. Үлкен ауру бұл. Мен фанатпын, жәй жанкүйер емеспін. Дірілдеп кетемін футбол үшін.

Өз эмоциясына ие бола алмай, тіпті қалшылдап кететін адамдардың жан-дүниесін психологтар қауіпті симптомға жатқызады. Діни фанатизм сияқты мұнда да шектен шыққандық бар. Дамыған елдерде аталған адамдардың ішкі дүниесіне үңіліп, тиісті бағасын берген зерттеулер жетерлік. Бет-аузын бояп алып, жанұшыра айқайға басу, ағыл-тегіл жылау - спорттық субмәдениет. АҚШ-тағы Мюррей университетінің профессоры Дэниел Вэнн 350 футбол фанатының арасында ұзақ уақыт эксперимент жүргізген. Әсірежанкүйерлік ақырында «науқас» деп танылған. Әсіресе жалғыз қалатын, досы жоқ, ұжыммен де қоян-қолтық араласа алмайтын адам фанатизмге жеңіл беріліп, оның ең басты құндылығына айналады, дейді мамандар.

Айгүл Махатова, психолог:

Мына жерде синдром ведомость деген бар. Ергіштік қасиет болады оларда. Өзін жеке тұлғамын деп санайтын адам біреуге ермейді. Өз ойын сақтап қалады. Өз шешімімен жүреді. Ал фанат болатын адамдар ергіштік қасиетке ие.

Жанкүйерді театрға спектакль көруге келген көрермен деп қабылдауға болады. Бірақ оның ерекшелігі қызуқанды болуында. Жанкүйерлік пен фанатизм туысқан ұғымдар. Командасы үшін жаны күйіп тұрған адамдардың арғы жағында фанаттық жатыр дейді, психологтар. 

Айгүл Махатова, психолог:

Мына фанатизм кезінде адам өзін ұмытады. Ол өзіндік тұлғасын ұмытады. Оның зияны көп. Ол өзінің тұлғасын жоғалтады, құрбандыққа шалады. Ол өзімен емес, ол жаңағы табынатын адамның өмірімен өмір сүреді. Соның көзқарасымен қарайды. Сондықтан өз бойындағы қасиеттерін дамытпайды, себебі оның ойы бос емес.

Аршат Ораз - еліміздегі танымал блогерлердің бірі. Сайт жасаушы, интернет журналистикада өз орны бар маман деп бағаланады. Ол футболдың жәй ғана жанкүйері емес, әлемде «ультрас» деп аталатын футболдық фанатизмнің бір бағытын Қазақстанда дамытуға ат салысқан. Жастық максимализммен түрлі шоу жасап, стадиондарда фаерлер жағатын, баннер істеп, түрлі акциялармен әуре болып жүретін күндер болған еді, дейді әріптесіміз.

Аршат Ораз, блогер:

Ең қарапайым нәрсе - стадионға келетін адамдардан бастайық. «Кузма», «кузмич» дегендер болады. Олар командаға үлкен қолдау білдірмейді, келеді, кетеді. Екіншісі - фанаттар, команданың тарихын білетіндер, жаттайды, сувенирлерін сатып алады. Ал одан кейінгі кезең - ультрастар. Олар трибунада шоу жасауға, үлкен перфоменс жасауға тырысады. Теледидардан көретін үлкен баннерлер, шоуларды солар жасайды. Одан кейінгі - олар өз командасы үшін қарсыласпен төбелеске баратын адамдар.

Елімізде ультастардан гөрі фан-клубтар жақсы дамыған. «Қайраттың», «Астана», «Ақтөбе» футбол клубтарының фанаттық топтары қазір сүйікті командаларына айтарлықтай қолдау білдіреді. Отандық футболда аздап болса да, алға басу бар. Тиісінше, бұл спорт түріне қызығушылық, жанкүйерлік те ерекше, дейді спорт сарапшылары.

Фанат үшін жақтас команда туған бауырынан да артық. Ұлыбритания, Испания, Италия, ал Азия елдерінде - Түркияда футболға деген жанкүйерлік шектен шыққан. Бұл мемлекеттерде отбасымен аяқ допшылардың белгілі бір командасына жақтасатын үрдіс қалыптасқан. Ғаламторды ақтарсаң, қуаныш пен күйініштен жүрегі тоқтап қалған, тіпті өзіне өз қол салған оқиғалар толып жүр. Түрік елінде кейбір жігіттердің болашақ жары қай команданың жанкүйері екенін біліп барып, үйленетін дәрежеге жеткені туралы қызықты деректер кездеседі.

Аршат Ораз, блогер:

Фанаттар ешқашан адекваты адамдар бола алмайды. Олармен сөзталастыру мүмкін емес, өз басымнан өткен ол. Әр жеңісті тым шегінен шыққан эмоциялармен тойлаулар болды, мысалы. Ал жеңілістерді ауыр қабылдағанда, түрлі келеңсіз оқиғаларға тап болып, өмірге қауіпті кезеңдер өтті. Өз ұлдарым бар, олардың ешқандай фанат болғанын қаламайтын едім.

Ал фанатизм мен ойынқұмарлықтың арасында байланыс бар ма? Букмекерлік кеңселердің есігін аңдып, табалдырығын тоздыратын «лудомандардың» спорттың дамуына қосатын үлесі қандай?!

Аршат Ораз, блогер:

Ойынқұмарларды қазір лудомания деп атап жүрміз. Олар күніне 200 теңге қоймаса жүре алмайды. Тәуелділіктің бір түрі. Оларды жанкүйер деп қарауға болмайды. Себебі олар біреуге бәс тіксе, келесіде оның қарсыласына бәс тігеді. Ешқандай принцип болмайды оларда. Жанкүйер деп айтпас едім.

Әлемге әйгілі адамдардың жанкүйерлігі туралы деректер: 

1. Ұлыбритания патшайымы Елизавета Екінші «Арсенал» командасының  50 жылдан бергі жанкүйері. «Зеңбірекшілер» құрамасының бұрынғы жартылай қорғаушысы Сеск Фабрегас «Патшайым футболға қызығады, біздің жанкүйеріміз, мені танитынын айтты»,- деп зор мақтанышпен сұхбат берген. Фидель Кастро мен Усама Бен Ладен де ағылшындық командаға жанкүйер болыпты.

2. Американың 42-ші президенті Бил Клинтон Челсиге болысып, талай ойындарына арнайы келген. Оның жақтастары Гай Ричи, Гвинет Пелтроу сияқты танымал актерлар.

3. Жастардың сүйікті әншісі Джастин Тимбэрлейк «Манчестер Юнайтед» десе ішкен асын жерге қояды. Онымен бірге трибунадан әнші Рианна, актер Брэд Питт, боксшы Майк Тайсон, Францияның бұрынғы президенті Николя Саркози жанкүйерлік етеді.

Танымал спорт журналисі Несіп Жүнісбай айтқандай, «футбол- ақылдағыны аяққа түсіріп ойнайтын» ерекше спорт. «Футбол мәдениеті» деген термині қалыптасып, әлеуметтік сипат алған командалық ойынның дүниежүзінде миллиардтаған жанкүйерлері бар. Ал дәл осы күндері жанкүйер біткеннің назары әлем чемпионатының ширек финалына шыққан командалардың ойынына ауғанын естеріңізге саламыз. Мына кадрларда биылғы мундиалдың ең бояуы қанық жанкүйерлері бейнеленіпті – фотоколлаж.

Ришат Асқарбекұлы «Біздің уақыт».