Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Ресей Қазақстаннан ет өнімдерін импорттауға тыйым салатынын айтты. Уәжі дәйекті ме?

AstanaTV
22.09.2018ж. 20:00
3230
Ресей Қазақстаннан ет өнімдерін импорттауға тыйым салатынын айтты. Уәжі дәйекті ме?

Ресейдің «Россельхознадзор» федералды қызметі 1-қарашадан бастап Қазақстанның ет өнімдеріне тыйым салынатынын хабарлаған. Ал елде жыл басталғалы 7 мың тонна ет экспортталса, оның басым бөлігі Ресейге жөнелтілген. Елдің солтүстігіндегі ет өндірушілер өнімді негізінен сол мемлекетке экспорттайды. Қостанай облысындағы бір серіктестікке Орынбордағы ет комбинаты «Сіздерден мал қабылдамаймыз» деп айтып үлгерген. Ал Қытай мен Өзбекстанға тасуға жер шалғай – шығын артады. Ресейдің федеральдық қызметінің дерегінше, қазақстандық өнімнің шыққан жері анық жазылмайды. «Нақ Қазақстан аумағында өндірілгені жайлы мәліметтер нақты болмағасын, біз (Ресей) санкция салған тауарлардың кіріп кетпеуі үшін осылай істейміз» деген, олар. Біздің мамандар «олай емес» дейді. Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер мамандардың апта ішінде орыстармен кездесетіндерін хабарлаған. Вице-министр Арман Евниев бұл жағдайға қарамай, басқа да нарықтарды үнемі іздеп жүретіндеріне тоқталып, жаңа нарықтар керектігін айтқан. Саясаттың экономикадан бөлек бола алмайтынына дәлел. Заңғар Санай жалғастырады.

 Жыл басынан бері Қазақстан 7 мың тонна ет экспорттаған. Басым бөлігі Ресейге жөнелтіліпті. Биыл бір ғана Қостанай облысы үш жүз тоннаға жуық етті сыртқа шығарған. Соның екі жүз тоннасы «Терра» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі екен. Серіктестік қазір 8 мың ірі қараны бордақылап отыр. Жыл соңына дейін түліктің санын 20 мыңға жеткізбекші. Бұған дейін кәсіпорын Орынбор ет комбинатына 300 бас ірі қараны тірі салмақпен тапсырған.«Россельхознадзордың» мәліметінен кейін тығырықтан шығар жол іздеп жатырмыз, дейді кәсіпкер.

Нұрболат Құтқожаев, «Терра» ЖШС директоры:

 Орынборда орналасқан «Оренвип» ет комбинатымен жұмыс жасап келгенбіз. Тірілей мал тасығанбыз. Тірілей мал апару оларға да, біздерге де тиімді. Бүгінгі таңда осы қыркүйек айының 24 күні бір қора малды апарып тапсыруға келіскенбіз. Бірақ Росселхознадзордың мәліметіне байланысты жаңағы орынбор ет комбинаты бізге осы екі күн шамасында бізден малды қабылдамайтындығы туралы ақпар жіберген.

 Бордақылау алаңындағы малдың басым бөлігі шаруа қожалықтары мен жеке тұлғалардан сатып алынған.Түліктің түгелінде ветеринарлық анықтама бар. Бордақыға қойылған күннен бастап құлағына электронды чип тағылып,сойылғанға дейінгі ақпарат сонда сақталады. Яғни, малдың қайдан әкелінгені, қандай вакцина егілгені, барлық ветеринарлық әрекеттер жөнінде мәлімет көрсетіледі. Екі жылдың ішінде Ресейдің федеральдық қызметі еттің сапасы мен құжаттың тізіміне ешқандай шағым айтқан жоқ, -дейді кәсіпорын директоры.

Нұрболат Құтқожаев, «Терра» ЖШС директоры:

Біз малдың бүкіл құжатын тегістеп, дұрыстап дайындап, жаңағы крантиндік уақытын барлығын қадағалап, бүкіл мәліметін дұрыстап апарамыз.Сондықтан шекарадан өткенде, малды апарып сойғанда да ветеринарлық қызметтен, «Росселхознадзордан» бізге шағым болған жоқ.

 Қазақстандық етке тыйым салынса, Қостанайдағы тағы бір кәсіпорын көршілес елдің нарығынан қол үзбек. «Веестрим» ет комбинаты ай сайын 100 тоннаға жуық жартылай фабрикаттар мен консервіленген ет жеткізбек болған. Тіпті алдын-ала келісім жасап қойғандарын айтады.

Григорий Пархоменко, «BEESTREAM» ЖШС бас директоры:

Сатып алушылар қол қойып, келісім жасап қойдық. Ай сайын Ресей нарығына 100 тоннаға жуық жартылай фабрикаттар мен консервіленген ет жеткізуіміз керек еді. Жоспарымыздың жүзеге асатынына сенеміз. Бұл түйткіл жуық арада шешіледі деген үміт бар.

 Ал Ресейдің федеральдық қызметінің дерегінше, қазақстандық өнімнің шыққан жері анық жазылмайды. Бірақ Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Арман Евниев «Россельхознадзор» жаңылысып кетуі мүмкін, дейді. Вице-министр түйткілдің түйінін тез арада шешеміз деп отыр. Мәселенің мәнісін білу үшін Мәскеуге мамандар жіберіпті.

Арман Евниев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары:

Бұл жерде бір түсініспеушілік бар. Біздің тарап барлық келісім-шартты, барлық процедураларды нақты ұстанып келді. Сондықтан апта соңына дейін анықтап, түйткілді шешеміз деп ойлаймын. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарлама бойынша біз тек ғана Ресей емес, өзге де елдердің нарығына шығуды жоспарлап, эскпортты еселеуді үнемі назарда ұстаймыз.

Өңір фермерлері ет экспортына қатысты тағы бір өзекті мәселенің бар екенін айтады. Мысалы, «Росселхознадзор» түйінді дерматитке қарсы егілген ірі қараның етін сырттан әкелуге тыйым салған. Бұл шектеу біздің импортты да тежейді. Вакцина салынбаған малды табу қиын. Биыл Қостанай облысы тері ауруына қарсы жануарларға жаппай екпе жүргізді. Қос елдің ветеринарлық қызметтері осы түйткілдің де түйінін шешіп берсе,- дейді мал өндірушілер.

Заңғар Санай, тілші:

Қостанай облыстық аумақтық ветеринарлық инспекция бастығының орынбасары Елубай Рахатовтың мәліметінше,өңірдегі «Агро өнімдері» кәсіпорыны бір жарым тонна, «Веестрим» 10 тонна, «Терра» серіктестігі 200 тоннадан астам ет экспорттаған. Барлығы 275 тонна етке 147 ветеринарлық сертификат берілген. Құжатта шикізаттың яғни малдың қай жерден әкелінгені нақты көрсетілген. Сондықтан, Россельхознадзордың шектеу енгізу туралы мәлімдемесі негізсіз дегенді айтады. Бұл енді үлкен саясатта болатын ойындардың бірі сияқты.

Заңғар Санай "Біздің уақыт"