Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Олардың «Күні мен Айы» кім сонда? Баласын ұратындар

AstanaTV
22.09.2018ж. 20:00
5576
Олардың «Күні мен Айы» кім сонда? Баласын ұратындар

Қостанай облысындағы Жітіқарада қырықтан асқан ер кісі 4 жастағы ұлын өлтіріп, соңынан өзіне қол жұмсап, көз жұмды. Жазда Алматыда жолдың жиегінен басы таспен жарылып, есінен танған бала табылып, оны «көлік қаққан» деп, іздестіру шаралары жүріп, ақырында полицейлер «баланы әкесі ұрып-соққан» деген еді. Сонымен бірге айтқың келмейді, бірақ бала зорлау деректері де бар. Талғарда ағайынды екі баланы атасының інісі... Ондайлар, әрине, «Айым болып тудың ба? Күнім болып тудың ба?»-деп әндетпейді. Ондай әнді білмейді. Ән айтатын сезімі де жоқ. Ал сонда олардың миында не бар? Ришат Асқарбекұлы жалғастырады.

Қазақ халқы «бала - адамның бауыр еті» деп ұрпағын ерекше жақсы көрген. Дала демократиясымен өмір сүрген елімізде «балаңды жеті жасқа дейін патшаңдай көр, жеті жастан соң құлыңдай жұмса, он төрт жасынан досыңдай сырлас» деп келді. Әйтсе де өз әкесі немесе анасы бейкүнә сәбиін жөргегінде тұншықтарып жатқан оқиғаларға қарап, бұл қағиданың өзгергенін байқайсың. Санамалап жатудың қажеті жоқ. Кеше ғана қызғаныштың қызыл отына күйген ер адамның әрекеті Қостанай жұртының ғана емес, бүкіл елдің жағасын ұстатты. Ол өз баласын басқа біреумен азаматтық некеде тұратын бұрынғы әйелінен ұрлап әкетіпті. Сосын өлтірген.

Ирина Беженарь, Қостанай облыстық ІІД баспасөз хатшысы:

Полиция қызметкерлерінің жеке құрамы жоғалған баланы іздеуге жұмылдырылғаны рас. Бірақ оны бірден таба алмауының себебі бар. Ер адам өз баласымен бірге шөптің арасында, сосын орманды жерлерде жасырынып жүрген. Көлігінің бензині біткен соң, Жітіқара қаласындағы танысының үйіне барған. Үйдің иесі өз шаруаларымен кетіп қалыпты. Біршама уақыттан соң оралғанда, жансыз жатқан бүлдіршін мен қанға боялған танысын көреді.  

Криминалист мамандар төрт жасар бүлдіршіннің тұншықтырылғанын, ал ересек адамның өз қан тамырын пышақпен кескенін анықтады.  

- Баланың жағдайы қалай қазір? Қайда тұрып жатыр?

- Міне ғой баласы. Әке-шешесі бар, атасы бар. Бала қазір нормально. Сөйлеп жатыр кішкене. Кіріп шығамын. Уже көп болды кірмегеніме. Кейде кіремін.

-Баланың жағдайы қалай қазір? Жатыр ма, тұра ма?

- Жоқ, жүр бала. Көшеде мамасы артынан жібермейді. Жалғыз жүрмесін деп.  

Биыл жазда тергеу орындарын адастырып, қылмысын жасырған Мұрат Асқароғлының оқиғасын алматылықтар ұмыта қойған жоқ. Бес жасар баласының маңдайынан таспен ұрып, ағаштың саясына тастап кеткен, сосын түк болмағандай елдің назарын өзгеге бұрған адамның отбасы осында тұрады. Көршілері қазір ажал аузынан аман қалған бүлдіршіннің жағдайы қалыпты дейді. Анасымен бірге мына үйде тұрып жатыр. Бірақ бұл үйдің иелері ешкіммен сөйлескісі келмейді.     

- Мынау қандай түс, Асыл? Сары. Жарайсың!

Құрсағынан шыққан баласына қастық жасаған әйел жыл басынан бері Шымкент халқының аузынан түспеген еді. Кішкентай Асылдың тағдыры туралы біз де бірнеше сюжет жасадық. Ордабасы ауданында тұратын 7 жасар баланы анасы аяусыз ұрып-соққан. Тіпті бейкүнә бүлдіршін жансақтау бөліміне түскен болатын. Бірнеше айға созылған тергеуден соң жауыздыққа барған әйел сотталып, қамалды. Асыл болса, балалар үйіне тапсырылды.

Эльмира Алтынбекова, психолог:

Асылдың жас ерекшелігі өз құрбы-құрдастарына қарағанда тіл байлығы, сөйлеуі, өсіп жетілуі жас ерекшелігіне сай келмейді. Өйткені қатты зақым алған басынан, сол себепті бұл баланың органдары толық жұмыс істемейді. 

Айта берсек, мұндай мысалдар елімізде жүздеп саналады. Бала-шағасына түртпектеп күн көрсетпейтін әкенің азабын тартқан тағы бір отбасының балалары Алматыдағы дағдарыс орталығын паналап жүр.  

- Ол күнде ішетін, магазинге барғанда. Біз магазинге барғанда да «арақ әкел» деп айтатын. Сондықтан осы жерге қашып кеткенбіз. Таяқпен, қамшымен ұрады. Бір рет папам мамамды қамшымен ұрамын деп басын қанатып жіберген. 

Майрам Мамасадықова:

Пышақ тақап, ұрып -соғу, күн көргізбейді...Жаман көретін, жек көретін бізді. Менің балаларым емес, менің балаларым басқа деп мені боқтайтын. 

Сараш Қоңырбаева, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор:

Халқымыз бұдан да қиын замандарды бастан кешірді ғой. Анау «ақтабан шұбырынды - алқакөл сұламадан» бастап әбден табандары ағарғанша арқаланып жүріп, елден елге көшіп, жерден жерге көшіп, басқа мемлекетке көшіп. Сол замандарда да балаларын тастамаған халық енді осындай замандарда балаларын тастайтын, балаларына зорлық-зомбылық көрсететін күйге жеттік. Балаларына күш көрсету деген ол мына психиканың ауытқуы деп білемін. Дәрменсіз балаға. Халқымыз айтады бесіктегі баланы ұруға болмайды, бесіктегі балаға айқайлауға болмайды деп, ұрсуға болмайды. Ол дәрменсіз саған Алланың берген аманаты.   

Тентектік жасаса тезге салу отбасылық тәрбиенің ежелден бар құралы. Оны адамдардың жеке басындағы қатыгездікпен салыстыруға болмайды, дейді мамандар. Қазақ этнографы Жағда Бабалықұлы дүниеде адамды ұрып-соғу тәрізді жазалардың жүз жиырма түрі барын айтыпты. Ал баланы жазалау дегеніміз оны міндетті түрде таяққа жығу емес, деген. Педагог маман балаға деген қатыгездікті қоғамдағы әлеуметтік теңсіздіктің кесірінен көреді.  

Сараш Қоңырбаева, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор:

Қоғамдағы әлеуметтік теңсіздік адамдардың жүйкесіне кері әсер етіп жатыр. Өзінің ішінен шыққан баласынан басқа кімге әлі келеді? Қоғамға әлі келмейді, басқаға әлі келмейді, квартирадан шығарып жіберген қожайынға әлі келмейді, жұмыстан шығарып жіберген басшыға әлі келмейді. Айналдырып келгенде өзін өзі жейді, өзіне өзі қол салады, болмаса менің артымда қалып бұлар қиналады-ау деп, мысалы баласына қол салып жатқаны мына кешегі Қостанайдағы болған жағдай.   

Баланың «жұмсақ жерінен» салып қалу да зорлық-зомбылық. Дамыған елдерде дауыс көтеру де балаға жасалған зәбір деп есептеледі. «Сені тамақтандырып, киіндіріп отырмын» деп баланың бетіне басып, ұрыссаң да оның намысын таптау, дейді батыс мәдениеті. Бірақ бала тәрбиесіндегі «шапалақ әдісі» қазақ халқында болғаны белгілі ғой. Қарапайым адамдардың пікірі қандай?    

- Қазіргі балалардың энергиясы мықты, көне бермейді, менің өзімнің немереме шамам әрең келеді. Бірақ ұрмаймын. Алдауға тырысамын, оған да көне қоймайды қазіргі балалар.  

- Туған сәттен бастап, баламен сөйлесу, онымен жақсы қарым-қатнас орнату керек. Қазір зорлық түрлері балаға ешқандай жақсылық бермейді. тек психикасын құртады.  

- Бала кезімізден бізге біреудің жібін аттама деп үйрететін үлкен кісілер. Қазір керісінше зорлық, қайдан ақша табамын, қандай бұзықшылық істесем дейді. Теледидар да соны насихаттап кетті. Азайту керек осыны. 

Балаға жасалатын озбырлықтың ең ауыры - жыныстық зорлық. Бұл да біздің қоғамға жылыстап кіріп, дендеп бара жатқан дерт екенін психологтар айтумен келеді. Балалар психологы Салтанат Маусейітова өзіне көмекке жүгінетіндердің арасында осы зорлық-зомбылыққа шағымданатындар артты, дейді.      

Салтанат Маусейітова, психолог:

Кейбір балалар білмейді де. Мені әкем солай жақсы көреді деп ойлайды. Сізге өтірік, бізге шын олар ойлайды мені папам жақсы көреді. Ол мамамен ұйықтайды, менің әпкеммен ұйықтайды, менімен де ұйықтайды. Бұл қалыпты деп ойлайды. 150 телефоны бар. Бұл қалай, осы дұрыс па деп сұрайтын жер.

Айман Омарова, құқыққорғаушы:

Балаларға бізде өзіміздің мәдениетіміз сол, үлкендерді сыйлау керек деген. Үлкендерді сыйлау керек, бірақ, айту керек бөтен адам қолыңды ұстауға болмайды, бөтен адам келіп сенің мынандай жеріңді ұстауға болмайды. Талғарда ағайынды екі баланы атасының інісі зорлаған...

Жай ғана шапалақтай салуды «тәрбиелік құрал» деп қарау көптеген ата-ананың санасына сіңісті жағдай. Мамандар баланы таяқпен тәрбиелеу әдеті ешқашан үзілмейді дейді. Бірақ әке де, шеше де бір қағиданы естен шығармауы керек. Озбырлыққа жауап ретінде тек озбырлық бар.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Осыған орай маған бір танысым өз басынан өткен мынадай оқиғаны айтып берді. Оның үлкен баласы күнде үйдегі унитазды дәретхана қағазына толтырып қояды екен. Оның анасы бұл үшін баланың қолынан жай соғып қойып жүріпті. Бір күні ашуға булығып, қалшылдап кеткен шешесі баласын қатты ұрған. Дәл сол күні кешке әлгі унитаз тағы да бітеліп қалыпты...

Ришат Асқарбекұлы «Біздің уақыт»