Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Семейдегі ядролық медицина орталығының құрылысы кейінге қалдырылды

AstanaTV
28.03.2016ж. 20:00
1669
Семейдегі ядролық медицина орталығының құрылысы кейінге қалдырылды

Семейдегі құны 7 миллиард теңгеден асатын Ядролық медицина орталығының құрылысы тағы да кейінге қалдырылып, жобаның тапсырылу уақыты алдағы шілде айына шегерілді. Онкологиялық ауруларды асқынбай тұрып анықтап, емдейтін бұл мекеменің құрылысында да кінәраттар бар. Бұл аздай, емдеу орнын жабдықтау ісінде де кемшіліктер жетеді. Ал Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің комиссиясы бұл құрылыстың жобаға сай еместігін анықтады.

Ядролық медицина орталығының құрылысы осымен үшінші жылға созылды. Орталық 2013 жылдан бастап, науқастарды қабылдап, ем жүргізуі керек еді. Бірақ құрылысшылар мен қондырғыларды жеткізушілердің арасындағы дау-дамай ушығып, ақыры сотқа тірелді. Орталықтың бас мердігері «ИртышГЭСстрой» компаниясы қондырғыны жеткізуші «Медтехника» АҚ орнатқан сұйық радиоактивті қалдықтарды жинап, сақтау жүйесінің жобаға сай еместігін айтады. Мұны салалық министрліктің комиссиясы да растайды. Дегенмен, облыстық әкімдікте бас қосқан тараптар бір-бірімен тағы да келіспеді.

Димитрий Гариков, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

Мердігер мекеме кеткен кемшілікті 2014 жылдан бері айтып келеді. Бірақ олар қондырғыны алып тастаудан бас тартқасын, арнайы құрылған жұмыс комиссиясы сұйық радиоактивті қалдықтарды сақтау жүйесін ауыстырып, жобадағы нұсқасын орнатуы керектігін ұсынды.

Алайда, жеткізушілер бұған құлақ асар емес. Сот шешімін айтқан «Медтехника» компаниясының өкілі өзгеріс болмайтынын мәлімдеді.

Игорь Кузьменко, «Медтехника» АҚ өкілі:

Бүгінде қолымыздағы сот шешімінде аталмыш жүйені алып тастаудың қажеті жоқтығы, бар болғаны оны жетілдіру керектігі жазылған.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Бұл мәселеде елдің тағдыры тұрғандықтан, сот шешіміне күман келтірмеймін. Алайда, сот органдарында радиоактивті қалдықтар жүйесін жетік білетін мамандар бар деп тағы айта алмаймын. Сіздер жобада көрсетілген келтірілген құрылғыны техникалық талапқа сай орнатуларыңыз керек. Өйткені технологиялық сәйкессіздік заңбұзушылық болып саналады.

Дегенмен, "Медтехника" өкілдері жобада көрсетілген қондырғыны не себептен ауыстырғанын түсіндіріп бере алмады. Енді бұл іспен прокуратура айналысады. Құзырлы орган желдету жүйесін іске қосу түгілі, әрлеу жұмыстарын да әлі күнге дейін аяқтамаған құрылысшыларды да қоса тексереді.

Димитрий Гариков,  Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

Бас мердігер мен субмердігерге қатысты Мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеу қызметімен қылмыстық іс қозғалды. Егер компания басшылығы ақылға келіп, ғимарат құрылысын аяқтамаса, өздері опық жейтін болады.

Бүгінде «ИртышГЭСстрой» компаниясының директоры Александр Изотов салық төлеуден жалтарғаны үшін тергеу абақтысында отыр. Ал «Медтехника» АҚ басшысы Наталья Шрамченко, шенеуніктердің сөзінше, қазір елде жоқ көрінеді. Ал оның орынбасарлары айтылған ескертулерді бір аптаның ішінде орындауға уәде берген.

Еркін КАРИН