Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Алматыдағы өрттен 20-ға жуық сауда нүктесі күлге айналды

AstanaTV
05.02.2014ж. 20:00
1505
Алматыдағы өрттен 20-ға жуық сауда нүктесі күлге айналды

Өткен түні Алматыдағы қан базардың тыныштығы тағы бұзылды. Алапат апаттан 20 жуық сауда нүктесі күлге айналды. Өрт ел аяғы басылып, түн тыныштығы орнаған сәтте лап берген. Ел аузында «еуропалық» деп аталатын базарлар кешенінің соңғы қатарынан тұтанған алаудан көбіне киім-кешектер мен спорт тауарлары жанып кетті. Айта кетейік, бұл әмбебап базарда өткен 4 айда орын алған 6-шы ірі өрт. 


Ришат Асқарбекұлы, тілші:


Осы түні Алматы барахолкасы тағы да өртке оранды. Бұл жолы артымыздағы «Юпитер» базарынан жалын шыққан. Саудагерлердің айтуынша, наурыз айының соңына дейін бұл базар да жабылуы керек болған. Алматы қаласы жер қатынастары басқармасының мәліметінше, қараша айында 8 базарға қатысты сот үкімі шыққан. Алдағы айларда тағы да 9 базарды жабу мәселесі сотта қаралады деген мәлімет бар.


Куәгерлер өрттің шеткері тұрған сауда бутигінен басталғанын айтады. Күзетшілер от лап етіп, арты жарылысқа ұласқанда, алаумен арпалысуға қауқарсыз болыпты. Оқиға орнына өрт сөндірушілер келгенше, жалын өзге сауда дүңгіршектеріне ауысқан.


Екі рет жарылыс болды. Неден шыққанын білмеймін, қатты жарылыс болды.


Әмбебап базардың елеусіз жерінде орналасқан «Юпитер» де Алматы билігінің қара тізіміне енген. Сатушылар орналасқан жерді босату туралы қаулының барын саудагерлер растады. Яғни көктемге дейін бұл базар да сүріліп, аумақ мемлекет игілігіне өтуі тиіс болған. Саудагерлердің бұл өрттің өздігінен тұтанғанына сенгісі жоқ.


Әшейін өздері өртейді, сосын ұрлайды. Бұл жерде асхана да жоқ, тек спорт тауарлары мен киімдер ғана бар-тын.


Жалын шарпыған аумақ күздегі алапат өртке қарағанда ауқымды емес. Алауды жапсарлас орналасқан «Алатау» базарына жібермес үшін көп күш жұмсалған. Өртті толықтай ауыздықтау үшін 900-дей жеке құрам қызметкерлері мен 111 арнайы техника жұмылдырылыпты. Күлге айналған жердің көлемі 400 шаршы метр.


Александр Ли, Алматы қаласы ТЖД өртке қарсы қызмет басқармасының бастығы:


Өрттің неден шыққаны туралы алдын ала болжамдар әзірше жоқ. Оқиға орнында арнайы зертхана қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Менің білуімше, аталған базарды жабу туралы әкімшілік іс материалдары сотта қаралуда.


Маза қашқан саудагерлер бүгін базар маңына жиналды. Көбі өзінің тауарының өртенген немесе өртенбегенінен әлі де хабарсыз. Қақпасына қара құлып ілінген аймақта төтенше жағдай қызметкерлері, прокуратура және полиция өкілдері жұмыс жүргізіп жатыр. Сол маңда орналасқан өзге базарларға уақытша электр қуатын беру тоқтатылды. Жол қозғалысы да ішінара шектеулі. Айта кетейік, сот шешімімен барахолка аймағындағы 23 базардың жұмысын тоқтату туралы хаттама сотқа жолданған. Шаһар билігі осы жылдың наурыз айының соңына дейін сауда орындарын түгел сүріп бітпек.


Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ