Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

ОҚО-да демалыс күндері жолдарда қалып қойған 200-ден астам жолаушы қар құрсауынан құтқарылды

AstanaTV
03.02.2014ж. 20:00
1308
ОҚО-да демалыс күндері жолдарда қалып қойған 200-ден астам жолаушы қар құрсауынан құтқарылды

Ақпанның саршұнақ аязы Оңтүстік Қазақстан облысын қысып тұр. Кешегі демалыс күндері республикалық және облыстық маңызы бар жолдарда қалып қойған 200-ден астам жолаушы қар құрсауынан құтқарылған. Толассыз жауған қалың қар Бәйдібек ауданындағы Одаман мен Түлкібас ауданына қарасты Шақпақ баба асуларындағы жағдайды қиындатып жіберді.

Бұдан бөлек Сайрам ауданындағы Қарабұлақ ауылы тұсында да біраз көлік тұрып қалған. Оларға «Қазақавтожол» мекемесі, жол патрульдік полициясы мен төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері көмекке келген. Қырықтан астам көлік қатарында Алматы мен Астананы бетке алған қалааралық бағыттағы автобустар да бар. Құтқарушылар «Шақпақ баба» асуында кептеліп қалған көліктердің жүз елу жолаушысын сол маңдағы елді мекенде орналасқан мектепке жайғастырды. Оларға ыстық шәй мен тамақ берілген.

Айта кетейік, соңғы төрт тәулікте 400-дей жолаушыға жәрдем көрсетіліпті. Бүгін жол біршама ретке келді. Республикалық және облыстық маңызды жолдардағы асулар ашық. Дегенмен, алыс жолға шығуға, әсіресе түнгі уақытта жүруге шектеу қойылды деп хабарлайды құтқарушылар.


Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ