Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Оңтүстік Қазақстан облысында 18 ғасырға тиесілі жәдігер табылды

AstanaTV
13.02.2014ж. 20:00
1128
Оңтүстік Қазақстан облысында 18 ғасырға тиесілі жәдігер табылды

Оңтүстік Қазақстан облысында 18 ғасырға тиесілі жәдігер табылды. Батырдың сауыты пен дулығасын шымкенттік ғалымдар қазақ-жоңғар соғысы кезіндегі дүние болуы мүмкін, деп топшылайды. Тарихтан теберікті шөл далада мал баққан шопандар тауып алыпты. "Сауыт пен дулыға қазақ батырларының соғысқа жетік болғанының дәлелі", - дейді ғалымдар. Сауыт металл сақиналардан тоқылған.

Мұндай ғажайып киімді екінің бірі кимеген. Ол қол бастаған батырдың не болмаса бай-шонжардың сауыты болуы мүмкін деседі. Алайда олжа табылған маңнан ешқандай қару-жарақ кездеспеді. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Александр Подушкин бұл жәдігердің қазақтарға тиесілі екеніне сенімді. Сондай-ақ, шөл далаға қазақ батырлары қандай мақсатта барғанын да тарихшылар анықтауды мұрат тұтып отыр. Күн жылынса, Шардара даласына арнайы экспедиция аттанбақ.

Александр Подушкин, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

Бұл табылған дүниелер «Ақтабан шұбырынды» жылдары елдің барлық аймағында, соның ішінде оңтүстіктегі Қызылқұмда соғыс болғанының айғағы. Бұған дейін біз жазба мәліметтерде ғана кездестірген болсақ, табылған жәдігерлер сол тарихты толық растайды. Аяусыз қақтығыстар шалғайда жатқан Қызылқұмда да жалғасын тапқанының дәлелі.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ