Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Астанада суретші Жаңбырбай Адамовтың көрмесі ашылды

AstanaTV
18.02.2014ж. 20:00
2266
Астанада суретші Жаңбырбай Адамовтың көрмесі ашылды

Наполеон портретін салған суретші. Бүгін Астанада қазақ ауылынан шығып, өнерімен көпті тәнті еткен шебер суретші Жаңбырбай Адамовтың көрмесі ашылды. Француз елшілігі суретшіге Наполеон Бонапарттың бейнесін салып, өнерге үлес қосқаны үшін алғыс жариялады. Бұл көрме қазақ ауылының тыныс- тіршілігін де шебер суреттейді.


«Наполеон. Өмір. Аңыз». Бұл көрме қазақ ауылы мен шалғайда жатқан Париж халқын сабақтастырады. Оның авторы - Павлодар өлкесінің тумасы, Ертіс ауылының суретшісі Жаңбырбай Адамов. Көрмеге қойылған 27 картинаның әрқайсысы өзгеше, тақырыбы да сан алуан.


Жаңбырбай Адамов, суретші:


Бұл көрме Ертістің 80 жылдығына арналған. Оны апрельде былтыр Павлодарда өткіздім. Мынау содан қалған үштен бір бөлігі. Мына балалар шақырған соң, соны алып келдім.


«Генерал, сіздің бойыңыз менен бір бас ұзын. Егер маған дөрекілік танытсаңыз, мен бұл айырмашылықты лезде жоямын». Бұл әйгілі француз императоры Наполеон Бонапарттың сөзі. Дәрмені мен пәрмені тасыған император тарихта қалды, қазақ суретшісінің шығармашылығына арқау болды.


Жаңбырбай Адамұлы 2005 жылы Парижге аттанып, әйгілі Наполеонның мазарын өз көзімен көріпті. Ерекше шабыттанса керек, императорға арнап «Мәскеудің өртенуі» және «Ағылшындардың ұлы тұтқыны» суреттерін салған. Ал Франция елшілігі бүгінгі көрмеге орай Бонапарттың бас киімін, жеке заттарын арнайы Париж қаласынан қазақ даласына жеткізді.


Йоан Юрес, Қазақстандағы Француз елшілігі, мәдени бірлестік саласындағы кеңесші:


Сұраныс көп болғандықтан, біз осы суретшінің көрмесін көпшілікке таныстырып отырмыз. Сондай- ақ Қазақстандағы Францияның мәдени күндеріне орай, студенттер мен оқушылар арасында сурет және эссе жазудан байқау өткізу жоспарда бар.


Көрмеге қойылған суреттердің басым бөлігі қазақ даласындағы ғажап табиғатты бейнелейді. Шебердің сан алуан суреттеріне осы саланың маманы, суретші Дүйсен Сыдығалиев өз бағасын берді.


Дүйсен Сыдығалиев, ҚР суретшілер одағы және еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, суретші:


Жұмыстарының ерекшелігі - мұнда ұлттық колорит сезіледі. Оның кең бір жазылған жұмысы - Наполеонды жазған портреті. Бұл жерде образды ашуы, жылы, суық түстердің колоритін ұйымдастыра білуі туындыда жақсы деңгейге жетті деп ойлаймын.


Жаңбырбай Адамовтың туындылары бұған дейін Ресей, Павлодар жұртшылығына көрсетілген. Ал елордада ашылған көрме 9 наурызға дейін жалғасын табады.


Сымбат Молдатай